Жаңалықтар

«Кеңістік және Уақыт»

Елбасының мақаласын талдау мақсатындағы «Кеңістік және Уақыт» дөңгелек столы
«Кеңістік және Уақыт»
22.11.2018 16:22 8279

Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы қоғамда үлкен реакция туғызды. Мақалада еліміздің алға қойған мақсаттары мен міндеттері айқын көрсетілген. Қазақстан Республикасы Мәдениет және Спорт министрлігіне қарасты «Қазақстан Республикасының Ұлттық Архиві» республикалық мемлекеттік мекемесінде мақаланы талқылауға, мақаланың маңыздылығын сезінуге арналған «Кеңістік және Уақыт» атты дөңгелек  үстел өтті. Дөңгелек үстелдің модераторығын Ұлттық архивтің директоры Махашов Жангелді Меңлібайұлы өз тізгініне алды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы ұлттық архивінің ұжымы, Мемлекет тарихы институтының ғалымдары, Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығының өкілдері және республикалық БАҚ өкілдері қатысты.

Алғашқы сөзді алған Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Қашқымбаев Амангелді Нұркейұлы кеңінен көсілді.

- Біздің институт  бұл мақала шықпас бұрын да үлкен жұмыстар атқарып жүрген. Біздің ғалымдар өздерінің жеке уақытында, өз қаражаттарымен «Ұлы даланың ғұламалары» деген зерттеу жұмыстарын жүргіздіе. Жақын күндері қолдарыңызға екі тілдегі кітап нұсқасын ұсынатын боламыз. Жоспарлап отырған уақытымыз - институттың он жылдығы қарсаңында. Енді, Елбасының  мақаласы бізге ерекше серпін берді. Бұл мақаладан түйгеніміз не? Кезіндегі біздің сауыт-сайман жасау технологиямыз, Алтын адамымыз, Жібек жолы секілді дүниелерді бізге ешкім әкелген жоқ қой. Керісінше бәрі бізден басталып жатыр. Міне, біз осыны дұрыс насихаттай алуымыз керек. Яғни, Ұлы даладан бастау алған, әлемдік өркениетке шыққан жолдарды жаңғыртып, қайта қарастыруымыз керек. Тарихи зерттеулерге турашылдық, дәлдік жетіспейді деген сөздерді де естиміз. Кейде, біздің тарихшы емес әріптестеріміз тарихқа терең сүңгімек болып, көп нәрселерді артығырақ жазып қояды. Міне, осындай мәселелерге нүкте қоюымыз керек,- дейді ағамыз.

Бұл кісіден кейін қазақтың атақты әншісі, ұлы композитор Иманжүсіп Құтпанұлының немересі, қазіргі уақытта Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы, Иманжүсіп Раушан Нұрханқызы сөз алды.

- Елбасымыз өз мақаласында «Архив 2025» деген бөлімді бекер қосқан жоқ. Мен өзім ғылыми жұмыстармен архивтерді көп шарлаған адаммын. Бізге кейде архивтерге рұқсат бермей жатады. Әлдене іздеп барсаң «Мына құжаттарда ғана жазылған ол жайлы. Басқа ақпараттарымыз жоқ» деп отырады. Ал, сол жерде ізденсең басқа да мәліметтер табылатынын өз тәжірибемнен білемін. Бұл бағдарлама негізінде түрлі экспедициялар жасауымыз керек. Мәселен, Шоқан Уәлихановты алайық. Біз қазір «Сакралды Қазақстан» деп жатырмыз ғой. Ал, осы жобаның бастауын Шоқан Уәлиханов бастап кеткен десем қателеспеймін. Ол қазақ даласындағы қасиетті жерлер деп отыз мекенді атап айтып, түртіп көрсетіп кеткен. Шоқан әлі де болса зерттеуді талап ететін тұлға. Мәселен, Шоқан Парижге барды ма? Парижге барғысы келетіні жайлы, әкесінен қаражат сұрап жазған хаты да бар. Хатта тіпті, «Парижге бару үшін қарыз да алар едім» дейді. Ал, бұл мәселенің соңы немен бітті? Бұл әлі зерттеуді талап ететін мәселе.

Бұл кісілерден бөлек Мемлекет тарихы институтының «Деректану, тарихнама және Отан тарихы» бөлімінің басшысы, тарих ғалымдарының докторы Қарасаев Ғани Мұқашұлы, аталмыш институттың қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты Дүйсен Сейітқали Жахияұлы секілді ағаларымыз келелі мәселелер жайлы келісті ойлар қозғады.

Сурет ашық интернет көзінен алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға