Жаңалықтар

«Жаныңмен беріле істеген жұмыс тыңдарманды баурай алады»

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал дирижер Мүсілім Әмземен сұхбат
«Жаныңмен беріле істеген жұмыс тыңдарманды баурай алады»
29.06.2020 15:54 4805

Оркестрге жетекшілік ету – дирижердің міндеті. Ол үшін ең бастысы терең білім мен туа біткен дарын, қажырлы үздіксіз ізденіс пен төзім керек. Автор ұсынған кез келген шығарманың басты идеясын сол қалпында миллиондаған тыңдарманға жеткізу – ең әуелі сахнадағы дирижерге жүктеледі. Оркестр құрамында отырған жетпіс-сексен өнерпазды өзіне бағындыра білу, оларға дұрыс бағыт-бағдар көрсету үшін де қабілет мен күш-жігер қажет. Оған қоса, дирижердің қос қолының қимыл техникасы да көптеген жылдары бойғы оқу-тәжірибемен, тоқтаусыз ізденіспен келеді. Елімізде осындай күрделі өнерді меңгерген әрі осы салада қажырлы еңбек етіп келе жатқан өнер иелерінің бірі әрі бірегейі – дирижер Мүсілім Әмзе. «El.kz» порталы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мемлекеттік академиялық симфония оркестрінің және Н.Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері Мүсілім Әмземен әңгімелескен болатын.

 

– Алдымен өзіңіз жайлы, балалық шағыңыз, туған жеріңіз туралы қысқаша айта кетсеңіз...

– Балалық шағым Оңтүстік өңірінде, Келес өзенінің бойында өтті. Ауыл баласына тән қызықтың бәрін бастан өткердік. Суына түсіп, құмына аунап дегендей... Аудан осы өзеннің атымен аталады. Сол ауылдағы Т.Бигелдинов атындағы қазақ орта мектебінде оқыдым. Аудан орталығы Абай селосындағы балалар музыка мектебін аяқтағам. 2000 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірдім. Ал 2010 жылы осы оқу орнын опера-симфония дирижеры мамандығы бойынша тәмамдадым. Ал 2019 жылы осы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының докторантурасын аяқтадым. Өмірде ұстаздан жолым болды десем де болатындай. Республикаға танымал профессор оқытушылардан дәріс алдым. Көбі қазір өмірден өтіп кетті. Оларға әрдайым басымды ием.

d6fda4e8-cf8b-401a-9432-265eff2e9885.jpg

– Не себепті өнер саласын таңдадыңыз? Бұл сала сізді несімен қызықтырды әлде бала кездегі арманыңыз ба?

– Жаныма жақын өнер – музыка еді. Кәсіби музыкант боламын деген ой болған жоқ ол кезде. Негізі өнер деген ішіне дендеп енген жанға ғажап дүние. Бала кезімізден естіген әуенді, жаңа әнді жаттап өстік. Үйге келген қонақтардың алдында, кішігірім жиналыстарда өнер көрсетіп жүрдім. Анығы, көптің назарында жүру, ықыласына бөлену, «жарайсың, балам, өркенің өссін» сынды мақтау сөздер мен бата-тілектер мерейімді өсіретін. Осылайша жастайымнан домбыра аспабына ынтық бола түстім. Оның қыр-сырын меңгеруге асық болдым. Бір жағы өнерпаз болғанымды әкем де қалады, ән-жырды таңдап жаттатқызуда көп көмегі тиген. Бұл салаға деген сол құштарлық мені Қызылорда қаласындағы өнер ордасына жетеледі. Кейін білімімді Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда жалғастырдым.

– Ең алғаш сахнаға шыққан кезіңіз есіңізде ме?

– Әрине. Мектеп сахнасынан бастағам. Ауыл ішіндегі жиын-той, туған күн кештерінен басталып, кейінірек беташарға шығатын болдым. Үлкен кісілер үйге келіп әкемнен рұқсат сұрап, мені алып кететін, азын-аулақ сый-сияпат та ынталандыра түсті. Кәсіби музыкант ретінде аудандық мәдениет сарайының сахнасы, күйші-термешілер конкурсы сияқты облыстық шараларға қатысқанда үлкен сахналарды көре бастадым.

199d4ea3-d062-4e76-9fd9-1b935c53bcb6.jpg

– Дирижерлік өнерді неше жасыңызда бастадыңыз?

– Жиырма бес жасымда қатты қызықтым, есіл-дертім ауды. Оркестр музыкасын көп тыңдап, іштей дирижерлік етіп жүрдім. Дирижердің жұмысын бар ықыласыммен бақылай бастадым. Әдебиет ақтарып, білімімді жетілдіріп отырдым. Отыз жасымда дирижер факультетіне түстім.

– Дирижердің атқарар қызметі жайында айтсаңыз. Оның міндетіне не кіреді?

– Елімізде оркестр құрылған күннен бастап дирижер деген мамандық пайда болды. Оның қызметіне оркестрдің ұйымдастыру жұмысынан бастап, кадр мәселесі, репертуар базасы, гастроль сапары, композиторлардың насихаты, оркестрдің жоғары кәсіби деңгейі, олардың ансамбль ойыны, тембр және динамика балансы, оркестрге музыка жазу, шығарманың көркемдік деңгейі, музыканттардың тәрбиесі, ұжымдық тәртіп т.б көптеген міндеттер кіреді. Оркестрдің жақсы ойнауы мен жоғары деңгейі дирижер жұмысының көрсеткіші деп ұғуға болады. Дирижердің қызметі оркестрдегі музыканттардың барлығын бір ойға біріктіріп, үйлесімділікте ойнату. Ал, оркестр кез келген шығармаларды орындаған уақытта топтағы барлық адам бір орталыққа бағынуы қажет. Басты мұрат – қолды арлы-берлі бос сермеу емес, оркестранттарды бір мақсатқа жетелеп, көрермендерді ерекше ұмытылмас әсерге бөлеу, оларға жақсы көңіл-күй сыйлау.

– Қол қимылы арқылы бүкіл оркестрді басқару үлкен еңбекті талап етеді. Қол сермеудің маңыздылығы қандай?

– Оны музыканттар жақсы біледі, түсінеді. Себебі, оқу орнында дирижерлік негіздері деген пән бар. Қол қимылының белгілі маңызы бар. Музыканың характері, темпі, штрихы қол сермеу техникасына байланысты. Оны музыканттар жақсы біледі, көбі дайындық кезінде өзара келісіп алады. Жалпы жұртқа ол білінбейді әрі оны білу шарт емес. Маңыздысы, музыканы тұтас әсерлі етіп жеткізе білуде. Қол сермеу осы мақсатқа жету жолындағы тәсіл түрі ғана.

– Қазіргі кезде симфония, хор, опера, ансамбль және т.б. бағытындағы ұжымдардың белгілі дирижері болады. Сіз – әмбебап дирижерсіз. Осылардың ішінде қай ұжымға дирижер болу қиынырақ?

– Тарихта бірнеше ұжымға дирижер болған немесе тек қана бір ұжымда дирижер болып қызмет еткен адамдар бар. Ол дирижердің ыңғайына, табиғи бейімі мен кәсіби бағытына байланысты. Қай саланы меңгерсе, сол бағытта жұмыс істейді. Негізі бір болғанмен, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Тәжірибемен жылдар бойы толысатын кәсіп. Өзім халық музыкасы мен симфония бағытында жұмыс істеп жүрмін. Қазір бізге түрлі бағытпен жұмыс істеуге тура келеді. Бұл дирижер үшін қажет тәжірибе. Өйткені, операның өзіндік бір талаптары бар. Балет пен хор өнерінде де солай... Халық музыкасына мейлінше сусындап өстік. Сол себепті бұл да табиғатыма жақын жанр.

– Бір оркестрде қанша адам болады? Оның саны қанша болуы мүмкін?

– Халық аспаптарынан құралған оркестрде елуден бастап сексенге дейін, хор ұжымында жетпіс шақты, үрмелі аспаптар оркестрінде сексен қаралы, симфония оркестрінде жүзден аса адам болады. Кішігірім ұжымдарда, айталық, фольклор аспаптары ансамблінде он-жиырма, камера оркестрінде жиырма-отыздың төңірегінде музыканттар ойнайды. Бұдан басқа, екі адамдық ойынды дуэт, үш адамдық трио, төрт адамдық квартет, бес адам ойнаса квинтет, әрі қарай секстет, септет, октет, нонет деп кете береді.

– Оркестрдегі өнерпаздың біреуі ілеспей қалғанын білу мүмкін бе?

– Әлбетте, егер ол жалғыз аспап болса анық білінеді. Ал жиырмадан аса скрипкашы мен домбырашылар тобында ол білінбейді. Әдейі ойнамай қалмайды, белгілі себеп болуы мүмкін, мысалы, нотаны парақтап, аспаптың ішегі үзіліп, ауырып мазасы болмай... Жалпы оркестрдегі өнерпаздардың біреуі, ойнамай қалу былай тұрсын, әлсіз ойналса, дыбысы керек деңгейде шықпай қалса, дирижерге сезіліп те, көрініп те тұрады.

– Осы саланың қиындығы мен қызығы жайында айтсаңыз. Оркестрмен дайындық кездерінде қандай қиындықтар болып тұрады? Оларды еңсеру үшін не істейсіз?

– Дирижердің сахнаға шығып, көпшілікпен жұмыс істеуі өзінше бөлек әлем. Оркестрде қанша адам болса, сонша мінез бен кәсібилік деңгей болады. Кейде жұмыс баяу жүріп қалады. Неге, не істемек керек деген сұрақтар қаумалайды. Тез шешімін табу керек. Бірде ашулы адамның, бірде көңілді адамның кейпіне енесің. Бірауық өздерінен сұрайсың, қалай еткен дұрыс деп? Осылайша ақылдаса келе ортақ жауап табатын да кездер көп. Егер оркестр мен дирижердің талап-тілектері бір жерден шығып, үйлесіп, шығармашылық топ сізбен ілесіп, тұтас дүние жасай алса, концерт ойдағыдай өтсе – мақсатымызға жеткеніміз.

– Оркестрге дирижер болу кезінде қандай сезімде боласыз? Концерт кезінде тыңдармандардың көңіл-күйін сезесіз бе?

– Адамға тән барлық сезімді бастан өткересің. Қобалжу, толқу, қорқыныш бәрі болады. Тек тәжірибеңнің арқасында сол сезімді бақылап отырасың. Көрермен ықыласын анық сезесің, сол саған сенім сыйлайды. Жеңілдік пайда болады. Тыңдарман қошеметі көп жерде көмектеседі. Дұрыс бағыт алғаныңа кепілдік береді.

– Жұмыс барысында ұстанатын арнайы қағидаларыңыз бар ма? Болса, солармен бөліссеңіз.

– Оркестрге тыңғылықты дайындалып шығу. Композитордың мақсатын ұғу, шығарманың формасы, штрихы, ойналу жылдамдығы, баланс көрсеткіші, техникалық қиындығы, бәрін-бәрін іштей ширатып алу. Жұмыс барысында сол мақсатқа жеткенше босаңсымау, кәсіби шеберлігіңді түсірмеу дер едім.

– Мүсілім мырза, кез келген шығарманы сол қалпында тыңдарманға жеткізу үшін не қажет деп ойлайсыз?

– Шығарманы өзің жазғандай, бүге-шүгесіне дейін жақсы білу, жаныңмен сезіну. Концертте көрерменге оның бәрі анық білініп тұрады. Ешкімді алдай алмайсың. Жаныңмен беріле істеген жұмыс қана тыңдарманды баурай алады. Бұл әбден көз жеткен ақиқат.

– «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген аталы сөз бар. Шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе?

– Практик дирижер педагогикалық бағытта қатар жұмыс істейтіні тарихтан белгілі. Сол соқпақпен біз де келе жатырмыз. Шәкірт тәрбиелеу деген жауапты жұмысты қоса алып жүрмін. Қазір Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқытушы болып қызмет етемін. П.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінің студенттеріне симфония оркестрі және дирижерлік негіздері деген пәндерден дәріс оқимын.

– Егер де басқа саланы таңдауға мүмкіндік болса, қай саланы таңдар едіңіз?

– Шығармашылық еркіндік сыйлайтын, қолымнан келетін, табиғатыма бейім кез келген салаға тез үйреніп кетер едім деп ойлаймын. Барлық жұмыстың талабы – тиянақтылық, жауаптылық, еңбекқорлық.

– «Отырар сазы» оркестрінің бүгінгі ахуалы турасында айтсаңыз. Бұл өнер ұжымына қашан келдіңіз?

– Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі мен Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры оркестрінің әртісі болып қызмет еттім. 2006 жылы басқа бағыттағы репертуарды меңгеру үшін ҚР мемлекеттік академиялық симфония оркестрі мен Н.Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестріне жұмысқа ауыстым. Оркестр құрамында жүріп шығармаларды аспапшы музыкант ретінде оркестр ішінен меңгердім. 2008 жылы осы екі ұжымның дирижерлік қызметіне ауыстым.

Оркестр бұрынғы репертуарын, оны орындау дәстүрін бекем ұстаған. Н.Тілендиевтің көптеген шығармасын түпнұсқада сақтап отырған ұжым. Жаңа шығармалармен де репертуарын толықтырып келеді. Халық композиторлары мен қазақ кеңес композиторларының, қазіргі заманауи композиторлардың қазақ оркестрі үшін жазған барлық шығармалары бар. Репертуар жаңарып, тыңдарман қалауын ескереміз. Оркестр құрамындағы сазсырнай, жетіген, сыбызғы, асатаяқ, тұяқтас, сазқоңырау сияқты көне музыкалық аспаптарымен ерекшеленеді. Олардың басқа аспаптармен тембрлік үйлесімі өзгелерден бөлек етіп тұрады. Осы құрамға арнайы жазылған партитуралар тек осы оркестрде ғана бар. Барған елдің әуендерін қазақтың ұлттық аспаптарының үнімен бейнелеуді оркестр ұмытқан емес. Оркестр тыңдарманын өзгеше бояу, ерекше үнімен тәнті етеді. Репертуар мәселесін оркестр басшылығы мен көркемдік кеңес ақылдаса отырып шешеді. Музыканттардың жасы әрқилы, оркестр ашылған күннен бері қарай қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі мамандармен қатар консерваторияның студенттері бар. Қазіргі кезде бірнеше жаңа жобалар дайындап отыр, оны жаңа маусымда өнерсүйер көрермен назарына ұсынбақпыз.

– Оркестрдің концерт киімдерімен кім айналысады? Кім таңдайды?

– Оркестрдің жаңа киіміне тапсырыс берерде белгілі ательелердің жұмысын қарап шығамыз. Дизайнерлердің көмегіне жүгінеміз. Ақылдаса отырып, оркестр мүшелеріне дайын эскиздің бәрін көрсетіп аламыз. Бірнеше костюмі бар, мерекелік кештерге ашық сәнді костюммен шықса, кезекті концертке екінші түрін, қыс мезгіліне тағы біреуін, күн жылы кезде жазғы үлгідегісін де киіп шығады. Дирижер смокиң немесе қара жеңі ұзын жейдемен де шыға береді. Симфония оркестрімен тік жағалы қара костюм не фрак киіп шыққанды жөн көремін.

– Енді дирижер таяқшалары жайында әңгімелесек. Сіздің таяқшаңыз қандай? Бір таяқшаны шамамен қанша уақыт пайдаланасыз?

– Таяқшамен де, таяқшасыз да жұмыс істеген дирижерлар көп. Бұл да дирижерге байланысты. Шет мемлекетке шыққан кезде кез келген музыка дүкенінен табылады, түр-түрі бар. Пластик, ағаш, шыныпластик, тіпті кейде темірден жасалғанын да көресіз. Балдағының материалы пробка, ағаш, пластиктен, формасы алмұрт, тамшы, конус, овал пішіндес болып келеді. Ұзындығы де әрқалай, 25-45 см аралығында. Бір немесе бірнеше таяқша сиятын кейс-қорапшасы бар.

Өзімде ескі екі таяқша бар, бірі жеңіл, екінші салмақтылау. Тігінші шебер танысыма су өткізбейтін қара қатты матадан, арасына жұқа тақтайша салып, майыспайтын ыңғайлы қорапша тіктіріп алғам. Ішіне қарындаштар, маркер, өшіргіш, скрепка т.б канцеляр заттарын салам. Бұдан өзге, жап-жаңа тағы екі таяқшам бар. Сыйлық. Әдемі қорапшасымен. Ұқыпты ұстасаң тозбайды, бірақ, абайсызда бір затқа соғып сындырып аласың, желімі ажырайды, майысып кетеді, қолыңнан сусып кетеді дегендей...

– Қай елдерде өнер көрсеттіңіз?

– Көптеген Азия, Еуропа елдерінде болдым. Таяу Шығыста да өнер көрсеттім. Гастрольдік сапармен Израиль, Корея, Жапония, Қытай, Италия, Түркия, Украина сынды бірқатар елдерде болғам. Бұл мамандықтың ерекшелігі де осы, шетке шығуға мүмкіндік көп. Сондықтан ата-аналарға, балаларға музыка өнерін үйреніңіздер деймін. Жаңа өнер үйренеді, оны насихаттайды, рухани жетіледі, әлемді аралап көп саяхаттайды.

– Қазіргі карантин уақытында қандай шығармашылық жұмыстарымен айналысып жатырсыз? Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– Уақыт тығыздығынан көптен көре алмаған фильмдерге, тыңдай алмаған музыкаларға көңіл бөлдім. Атүсті парақтаған кітаптарға қайта назар салдым. Архивімдегі жиналып қалған біраз нәрсені ретке келтірдім. Бес жыл көлемінде зерттеп жүрген «Қазақ дирижерлік өнері: қалыптасу тарихы мен даму кезеңдері» атты докторлық диссертацияның жұмыстарына ден қойдым. Қорғау жұмыстарына дайындық... Бірнеше онлайн концерт пен интервью бердім. Бірнеше ғылыми мақала әзірледім. Алдағы жаңа концерт маусымының жобасын нобайлау, оқулық жазу машақаты да едәуір уақыт алды.

– Отбасыңыз жайлы қысқаша айта кетсеңіз...

– Көпбалалы отбасының біріміз. Жолдасым да музыкант. Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік оркестрде қызмет етеді. Балалар да өнерге жақын. Бірі кәсіби түрде, бірі жанама түрде, барлығы шығармашылықпен айналысады. Концерт кештерімнен қалмайды, соңы қызу пікірталасқа ұласады. Келешегі кемел, көңілі қалаған мамандықты игеріп, өз саласының кәнігі маманы болып өседі деген үмітім бар.

– Маэстро, әңгімеңізге рахмет. Сізге шығармашылық табыстар тілейміз.

(Суреттер Мүсілім Әмзенің жеке мұрағатынан алынған)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға