Жаңалықтар

Тасмағамбетов сыйға тартқан гитара

Өнер жанашыры
Тасмағамбетов сыйға тартқан гитара
13.02.2017 12:58 7136

Билік басындағы ел ағаларының барлығын бірдей өнердің жанашыры, өнерге жақын деп айту қиын. Дегенмен,  билік басындағы саясаткерлердің ішінде хан да, қараша да құрмет тұтатын тұлғалардың бірі де, бірегейі Иманғали Нұрғалиұлының өнер адамдарына деген қамқорлығы, жасаған жақсылығы жайлы ел арасында аз айтылмайды. Өнер жанашырының ықыласына бөленгендердің бірі, семейлік Қарлығаш Әлімбекова осыдан 20 жыл уақыт бұрын  И.Тасмағамбетовтің студент шағындағы гитарасын өзіне тарту еткендігін айтып берді.

1995 жылы қазақтың бас ақыны Абай Құнанбевтың 150 жылдығына орай  өткізілетін мерейтой қарсаңында Семей өңірінде қызу дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан кез. Ақынның тойын өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның төрағасы сол кездегі ҚР Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов болыпты.  Қалалық әкімдік іріктеген, мерейтойда өнер көрсететін өнерпаздар қатарына Қарлығаш Әлімбекова да ілігеді. Өзінің жеке гитарасы жоқ жас әнші айтулы шараға дайындық жұмыстарын тексеруге арнайы келген Иманғали Нұрғалиұлының алдында өнер көрсетуге шақырылғанда, көршісінің «Ну, погоди!»  мультфильміндегі қасқырдың бейнесі бейнеленген ескі гитарасын ала сала жетеді. «Шешінген судан тайынбас» деп, қолындағы аспабының көнелігіне қарамастан, Ұлықпан Жолдасовтың орындауындағы «Сен жүрген жермен жүргім келеді» әнін шырқап берді. Әннің соңына қарай ақырын көзін салса, қонақтар риза сияқты.

– Дауысы жақсы екен, – деген Иманғали Нұрғалиұлы жанында отырған сол кездегі облыс басшысы Ғалымжан Жақияновқа «Қарлығашқа жөнді гитара тауып бере алмадыңдар ма?» дейді.

Осыдан кейін жас әншіні қасына шақырады. Оның қолындағы ескі гитарасымен бірнеше ән орындаған ел ағасы Қарлығашқа өзінің студент шағындағы гитарасын беріп жіберетіндігін айтты.

Белгіленген күні ұлы ақынның мерейтойы да жоғары деңгейде аталып өтті. Біраз уақыттан кейін мәдени шараның өткізілуіне атсалысқандар қатарында Қарлығаш та қалалық әкімшіліктің марапаттау рәсіміне шақырту алды.  Облыс әкімі Ғ.Жақиянов өнерпаздарға мемлекеттік марапаттар мен алғыс хаттарды бірінен кейін бірін табыстап жатыр. Қарлығаштың кезегі жеткенде, аймақ басшысы:   

– Иманғали Нұрғалиұлының сәлемдемесі, – деп, әншіге көпшілік алдында гитара табыстайды.  Өзге жұрттан ерекше марапатқа ие болып, қатты толқыған Қарлығашты мемлекет қайраткерінің шалғайдағы қарапайым әншіге берген уәдесін соңына дейін жеткізгендігі  қайран қалдырды. 

Арада алты жыл өткеннен кейін, 2001 жылы Семей ядролық полигонының жабылуының 10 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өтетін болып, қарт Семейде «Өлімнен де күшті» монументі бой көтерді. Сонда Қарлығашқа аталған шараға келген Иманғали Нұрғалиұлымен тағы бір кездесудің сәті түсті. Мерекеге тігілген киіз үйге ән айтуға гитарасын ұстап кіріп келгенде, Иманғали Тасмағамбетов оны бірден тани кетеді.

– Қарлығаштың гитарасы ескіріпті. Тағы да жаңасын сыйлау керек екен, – деп әзілдей жымиған ол өзінің студенттік шағынан қалған гитарасын қолына алып, біраз уақыт үнсіз қалады.

–  Сол сәтте Иманғали ағаның  жастық шағындағы досымен қауышқандай толқығандығын байқадым. Сәлден кейін гитараны баппен шерте отырып, Булат Окуджаваның «Виноградная косточкасын» орындады.  Мемлекет қайраткерінің құлаққа жағымды қоңыр үні оның қарапайымдылығын одан бетер арттырып жібергендей көрінді. Қазір Иманғали Нұрғалиұлын теледидардан көрген сайын өмірімнің қайталанбас сәттеріне айналған сол күндерді есіме алып, туысымды көргендей қуанамын, – дейді бүгінгі ҚР мәдениет қайраткері Қарлығаш Әлімбекова.

(Басты беттегі сурет мына жерден алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға