Жаңалықтар

Мақпал Жұмабай: "Бұл дүниеде мәңгілік тек – AÝA"

Мақамды жырлар авторы Мақпал Жұмабаймен сұхбат
Мақпал Жұмабай: "Бұл дүниеде мәңгілік тек – AÝA"
22.11.2018 15:19 9666

23 қараша күні Алматы қаласында ақын Мақпал Жұмабайдың концептуалды концерті өтеді. Шығармашылық кеш алдында поэзияны тыңдарман жүрегіне әуенмен жеткізген мақамды жырлар авторымен сұхбаттасудың сәті түскен еді. 

- Алдымен мақам деген сөзге қысқаша түсінік берсеңіз?

- Мақам деген қазақтың сөзі. Оның баламасы – музыка, ырғақ, саз дегенді білдіреді. Ол Зейнолла Қабдоловтың әдебиетке қатысты еңбегінде де жазылған. Бүгінде қазақтың белгілі бір сөздерін тар салаға немесе белгілі бір өнер түріне ғана теліп, шектеу кездеседі. Дегенмен "мақам" сөзінің аясы кең. Мен өз шығармашылығымды мақамды музыкамен байланыстырамын. Тарихқа үңілер болсақ, бергіде Бұқар жырау, арғыда Қорқыттың өз мақамы, өз әуені  болды. Сол сияқты менің поэзиямның да өз мақамы бар. 

Жер әлемде өлең пайда болғанда ол музыкамен біртұтас дүние болған.  Ол өлеңмен біте қайнасып дамыған. Тек кейін уақыт өте келе синкретті дүние бөлініп, жеке бағыттар дамыған салаға айналып кетті. Қазіргідей композитор, орындаушы, ақын деген сияқты. Ал бұрын ол тұтас дүние еді. Бізде мақамды поэзияның соңғы өкілдері Кенен Әзірбаев, Жамбыл Жабаев аталарымыз болған шығар. Қазақ халқында мұндай өнер иелері аз болмаған. Мысалы, сіз Ақан сері, Біржан салды кім деп айтасыз? Ақын? Композитор? Орындаушы? Негізінде олар ән мен сөзді тұтас көрген өнер иелері болатын. Сондықтан мен өз өнерімді  ақындық дәстүрдің жалғасы деп ойлаймын. Егер қарсылық болса, қабылдай алмаса, жаңа дүние деп қарастыруға болады.

- Музыка сөздің төркінін түсінуге кедергі жасамай ма?

- Менің мақамды жыр айтып жүргеніме оншақты жылдан асты. Мен өз шығармашылығымды шамам келгенше зерттеймін және оған сырт көзқараспен қарай аламын. Сол кезде түсінгенім музыка сөздің жүрекке жетуіне, адам санасының қабылдауына көмектеседі.  Музыка –  сөздің жаны. Қазіргі поэзия жанын жоғалтып алды деп санаймын. Ал музыка оны қайта тірілтеді. Бұл жай сөз емес. Мен осы уақытқа дейін қаншама кештер өткіздім. Көптеген адамдармен кездесіп, сұхбат құрдым. Бәлкім, осы соңғы жылдары дәл мендей кеш өткізіп жүрген ақын жоқ та шығар. Сондықтан мақамды жырлардың бұл қасиеті туралы айтуға қақым бар.

- Сіз алдымен әуенін жазасыз ба әлде сөзін бе?

- Менің ойыма бір өлең келгенде ол міндетті түрде музыкасымен бірге келеді.  Сөзін жазып отырғанда әуенімен ыңылдап айтып отырамын. Олар біртұтас дүние.

- Сіздің өлеңдеріңіздің әуені бір сарынды сияқты ғой?

- Өйткені, менің поэзиям тұтас алғанда бір концепция. Менің мақамым. Ол маған ғана тән нәрсе. Кейде  менімен идеялас ешкім жоқ, жалғызбын деп ойлайтынмын. Өзімді ешкіммен салыстыра да алмайтынмын. Сосын іздене бастадым. Әлемде осындай тәжірибе бар ма екен деген сұрақ қойдым.  Жер әлемдегі құбылыстардың барлығы бірдей. Бүкіл әлемде поэзия музыкамен бірге жаратылыпты. Мысалы ең алғашқы өлең грек жерінде пайда болған және ол әуенді болды. Өлең мен музыка бір-бірінен ажырамастай тұтас дүние еді.

Былтыр Боб Дилан Нобель премиясын алғанда қатты қуандым. Менің жекеменшік мерекем келгендей шаттандым. Себебі, бүкіл әлем ойланды. Поэзияны қайтадан музыкамен табыстырғанда ғана ол жанр ретінде жаңа деңгейге көтеріледі. Боб Дилан Нобель сыйлығын алғанда бәрі «Ол әнші ғой! Ол рок жұлдыз  ғой! Жарайды, өлең жазсын-ақ, бірақ ол нағыз ақын емес» деді. Ал Нобель комитеті оның әдебиетке қатысын айқындады. Олар өлеңге өмір сүруге мүмкіндік берген Боб Диланды бұл марапатқа лайық деп тапты. Ал бұл сый мен сияқты қаншама ақынға  үміт, мүмкіндік берді. Мен осы кезде тағы да дұрыс жолда екеніме көз жеткіздім. Осы сәттен бастап мен сияқты авторлар көп екенін байқадым.

- Сіз он жыл бойы мақамды жырлар айтып жүрсіз. Осы жылдары ағым қалыптаспады ма?

- Тарих үшін 10 жыл ештеңе емес. Мен өзім осы саланы зерттеп, дұрыс я бұрыс жолда екенімді біліп, «Иә! Мен дұрыс жолдамын!» деп жауап табуыма ғана 10 жыл кетті. «Менің ағымым осы, сен мені қайтала» деп ешкімге айта алмаймын ғой. Оның үстіне ағым қалыптастыру мен үшін мұрат емес. Дәл қазір мен өзімнің поэзиям үшін ғана қызмет етіп жүрмін. Ал егер келесі бір сатыда мен алдыма ондай мақсат қойсам, оған да жетемін.   Қазір мен өзімді түсінетін ортамды жастардан көремін. Олардың көпшілігінің жастары 15, 20, 25-те. Мен олармен еркін сөйлесе аламын. Олар үшін менің поэзиям қалыпты дүние.   Яғни, жаңа буын қалыптасып келе жатыр. Олар өнерге өзгеше қарайды. Стереотиппен ойламайды. Кез келген жаңалықты қабылдайды. Ал мен өнерімді түсіндіру, дәлелдеуді міндет санамаймын. Оған жұмсайтын энергияны шығармашылығыма жұмсаған жөн деп ойлаймын.

- Сізге,  шығармашылығыңызға қатысты айтылатын пікірлер көп шығар. Ең есіңізде қалған пікір бар ма?

- Пікірлер, ұсыныстарға міндетті түрде құлақ асамын. Ол лайықты пікір болса ойланамын, нәтиже шығаруға тырысамын. Бірақ ешбір пікір мені жолымнан тайдыра алмайды. Егер ондай әрбір пікірге назар салсаңыз о бастағы көзқарасыңыздан айнып қалуыңыз мүмкін. Мен өз тындармандарыммен ерекше байланыс орната алдым. Кейде сөздің өзі қажет емес. Поэзияның  міндеті жанды ояту, жүректерді қозғау. Көп пікір айтылады. Бірақ мен оны есте сақтамаймын. Мен тек әсерлерді есте сақтауға тырысамын. Мені алға жылжытатын да осы алған әсерлерім. Жасырақ кезімде маған қолдау сөздер қажет болған. «Сен дұрыс жасадың! Қолыңнан келеді!» деген сөздерді естігім келді. Бірақ, ондай сөзді айтқан шығармашылық орта адамдары мүлдем аз болды. Ал қазір есейдім. Ондай сөздердің қажеті жоқ.

Қазір жасап жатқан жобам AÝA деп аталады. Өз шығармашылығыма қатысты ойларым, мазалаған сұрақтарға жауабым, қоғамға, адамдарға айтарым, барлығы осы AÝA-да.      

- Неге AÝA?

- AÝA деген ол менің соңғы уақытта жазған шығармам.  Бұл шығарма менің осы кезге дейінгі шығармашылығымды түйіндеп, басқа бір деңгейге көтереді деп ойлаймын. Өйткені мен өте ұзақ іздеген ақиқатымды тапқандаймын осы өлең арқылы.  Бұл кеңістік туралы, адам, адам жаны, рухы туралы дүние. Бұл жерде мен ауаны физикалық элемент ретінде қарастырмаймын. Ауаны бүкіл нәрсенің бастауы деп білемін. Оның тұжырымы мынандай: Кейде өзгерістерді ауадан сезуге болады. Кей адамдар, әрине, оны сезбеуі мүмкін. Мысалы, сіз көктем иісін ауадан сезесіз бе? Сол сияқты болатын жаңалық, оқиғаны ауадан сезуге болады. Біздің өміріміздің әр сәті, адамдар,  сөздер, ойлар, эмоциялар бәрі ауада қалады. Басқа ештеңе мәңгілік емес, түптеп келгенде басқа ештеңе де қалмайды. Ауа - мәңгілік. Осы мәңгілік дүние туралы ойлануға, жауап іздеуге тырыстым. Сонымен қатар мойынсұну, кешіру туралы ой да бар. Санама осы идея келіп, осы шешімді тапқанда мен өз ойымнан өзім шошып кетемін. Біздің барлығымыздың өміріміз ауаға сіңіп қалады. Біз оны жұтамыз, онымен өмір сүреміз. Өмір де, тағдырлар да, барлығы ауада қалады. Біз одан ешқайда құтыла алмаймыз. Тереңдеп кете беруге болады, әркім ол тереңдікке өзі сүңгиді. Оны оқырман еншісіне қалдырамын. Ал менің айтатын шешімім: «Ауа, онда мен сені сіміремін, сенімен тыныс аламын, және мен сені кешіремін». Бұл менің қоғамға, заманға, өз өміріме, тағдырыма айтқан шешімім. Сондықтан да AÝA деп атадым. Қазаққа жер, топырақ өте қастерлі. Жер дүние, адам топырақтан жаралды, баратын жері – қара жер, өмірінің соңы бір уыс топыраққа тірелсе, мен үшін де осындай қасиетті ұғым – ауа.  Бұл жобаны ойға алған соң жылдам жүзеге асырғым келді. Себебі рухтас достарыммен бөліскім келді. Дәл қазір AÝA мен үшін өте маңызды. Мүмкін шығармашылығымның келесі кезеңінде ауа ондай актуал бола ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ қазір маған AÝA ауадай қажет. Мен бар энергиямды осы жобаға салып жатырмын.  AÝA арқылы  барлық ойлардың еркін екенін, оны ешкім тоқтата алмайтынын,  кеңістіктің ұшы-қиыры,  өлшемі, қыры жоқ екенін айтқым келеді.   

- Шығармашылығыңызда жалғыздық жиі айтылады. Сіз өзіңізді жалғыз сезінесіз бе?

- Бізде жалғыздықты бірден физикалық жалғыздық деп түсінеді. Алайда, ол - адам болмысы ғой. Сіздің жаныңызда мың адам болса да, сіз жалғызсыз. Сіз жалғыз болып жаратылдыңыз. Сіз ойыңызда да жалғызсыз. Әдетте ақын-жазушылар жалғыздық туралы айтқанда қалыптасып қалған стеретотип бар. Жалғыз адам, мұң, ағашқа сүйеніп, күйзеліп тұратын бейне. Менің түсінігімдегі жалғыздық мүлдем басқа.

- Сіздің поэзияңызды оқитын аудиторияны сипаттап бере аласыз ба?

- Олар ақындар мен жазушылар емес. Олар өмірде қарапайым адам ойланбайтын дүниелер туралы ойланады. Өмірде көзден таса қалып жатқан жағдайлар туралы толғанып, жаны ауырады. Қызмет, мамандығына келсек, әртүрлі. Олардың ішінде ғалымдар да бар, технократтар да, мектеп оқушылары да бар. Өзін өзі іздеп жүрген адамдар. Өмірге әр қырынан қарай алатын адамдар менімен дос бола алады. Ал қатып қалған шаблондар, стереотиппен ойлайтын адамдармен тіл табысуымыз мүмкін емес. Мен әдетте концерттеріме шақырудың өзін тіркелу арқылы жасаймын.  Тіркелу үшін де ойды қосып, әрекет ету керек.  Сайттағы афишаны көрдің, сілтеме арқылы сайтқа өттің, ары қарай тіркелу қажет. Яғни адам басқа есікті ашып, ізденеді. Демек ол адам өмірде де сұрақтарына жауап іздейді, ізденеді. Ал сырттай қарап, өтіп кеткен адамға менің қажетім жоқ, оның да маған қажеті шамалы. Алайда кездейсоқ менің шығармашылығымның есігін ашқан адам осында қалып қояды. Бір кірген адамның кетіп қалуы кездескен жоқ. Ол менің емес, шығармашылықтың, өнердің күші.

Біздің тұрақты музыкалық командамыз бар. Менімен бірге 7 жыл бойы жұмыс жасап келе жатқан, жобамның музыкалық жетекшісі, аранжировкаларымның авторы Бейбіт Акошев деген мықты маман бар. Мен Алматыдан Астанаға көшіп келдім. Алайда тобымыз Алматыда, олар ыдырап, кетіп қалған жоқ. Қайта байланыс нығая түсті. Осылайша менімен мүдделес жандармен біріктік. Біз бірімізді музыка арқылы сезінеміз. Топ мүшелерінің ішінде орыс тілді адамдар да бар. Бірақ әр шығарманы түйсініп, жанынан өткізіп орындайды. Біз әр шығарманы орындауға кіріспес бұрын оны талқылаймыз. Кеше ғана қатарымызға қосылған гитарист жігіт бар. Ұлты орыс. Ол менен сөзбе сөз аударма сұрады. Оқып отырып «О, Боже, разве можно такие глубокие мысли передать посредством поэзии?!» дейді. «Міне, сондықтан да музыка қажет. Сөз жетпеген жерге әуен, музыка жетеді», - деп жуап бердім. Бір қызық құбылыс бар. Қазақша түсінбейтін қазақтар менің мақамды жырларымды жақсы көреді. Түсінеді.

- Тобыңыздағы музыканттар қалай дегенімен кәсіби музыканттар. Сіздің мақамдарыңызды өзгерту туралы ұсыныс, ескертулер айта ма?

- Қалай айтсам екен, менің иллюстрацияларым суретшілерге ұнайды, менің музыкам музыканттарға ұнайды. Олар оған ерекше құрметпен қарайды. Музыканттар "бұл өміріңнің мағынасына айналдыруға болатын, қалған музыкалық ғұмырыңды арнауға тұратын жоба" дейді. Сол үшін біз бәріміз бірлесіп жұмыс істейміз. Уақыт та, қашықтық та біздің шығармашылық қарым-қатынасымызға әсер етпейді. Музыка әлемі үшін де бұл тың дүние. Қазір тыңдарман құр мағынасыз музыкадан шаршады. Қазір ой айта алатын, интеллектуал,  альтернатив музыка керек. Маған да шығармашылығымның бұқаралық сипат алуы қажет емес. Түсінетін, құрметтейтін тұрақты тыңдарманым болса жеткілікті.

- Сұхбатыңызға рақмет. Мақамды жырларыңыздың тыңдармандарын қуанта беріңіз.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға