Жаңалықтар

«Қазақ симфониялық музыкасын әлем таныса...»

Жас дирижер Берік Батырханның өнер жолы
«Қазақ симфониялық музыкасын әлем таныса...»
29.10.2019 08:50 7080

Берік Батырхан – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі, Гнесин атындағы Ресей музыка академиясының магистрі​. 2015 жылдан бастап көркемдік жетекшілік қызметті абыроймен атқарып келеді. 

Оның жетекшілігіндегі елордалық филармонияның симфониялық оркестрімен бірге КСРО халық әртісі Б.Төлегенова, КСРО халық әртісі Лиана Исакадзе, ҚР еңбек сіңірген әртісі Нұржамал Үсенбаева және т.б. көптеген танымал орындаушылар өнер көрсетті. Берік «Опера-симфониялық дирижерлық ету» аталымы бойынша «Шабыт» халықаралық байқауының лауреаты, Н.Тілендиев атындағы республикалық байқаудың Гран-при иегері.

Беріктің отбасында өнерге қатысы бар адамдар жоқ. Ол бала кезінен ән-күй естісе елең етіп, оркестрлердің өнеріне ерекше зер салатын болған. Мұны байқаған ата-анасы оның өнер жолына келуіне ешқандай кедергі келтірмепті.

– 7-8 оқып жүргенімде әкем мені шақырып, болашақта қандай мамандық таңдайтынымды сұрады. Біз Байқоңыр қаласында тұрғандықтан, ондағы балалардың көбі әскери космос оқуына түсіп жатады.  Басында сол бағытқа кетем бе деп ойлағаным рас. Бірақ, ол кездері өзім үшін музыкалық мектепке барып жүретінмін. Келешегімді не де болса, осы өнермен байланыстырайын деп шештім. Одан кейін менің осы жолды берік таңдауыма ықпал еткен орта Алматы қаласындағы К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебі болды.

Бұл мектеп қазіргі қазақ өнерінің біршама майталмандарына дәріс берген, іргелі орда.

– Әлгінде айтып кеткендей, Байқоңырда қобыздан дәріс алғам. Оңтүстік астанамыздағы музыкалық мектепке балаларды ерте жастан қабылдайды емес пе? Ал мен нақты өнер жолына түсем дегенде есейіп қалғам. Біршама сынақтардан өтіп, ақыры мектепке қабылдандым.

Беріктің дирижерлыққа келуіне «Музыка тарихы» пәні оң ықпал етіпті. Ол осыдан кейін музыканынң гормониясы, симфониялардың анализы, композиторлардың өмірбаяны, шығармашылық кезеңдері секілді зерттеулік бағытқа ерекше ден қояды.

– Менің дирижерлыққа келуіме орай көп сұрақтар қойылып жатады. Жалпы, ең алғаш қолыма қобыз ұстағаннан бастап, кез келген шығарманы дирижерлап сезінетін едім.  Оның үстіне мектепте қазақ дирижерінің жарқын тұлғасына айналған марқұм Төлепберген Әбдрашев деген кісі жұмыс жасайтын. Меніңше, ол кісінің алдынан өткен кез келген оқушы дирижер болып кеткісі келетін сияқты. Оркестр деген үлкен ағза іспеттес. Оның ішінде әртүрлі адамдар болады. Ал дирижер солардың әрқайсымен тіл табыса білуі керек, ал ұстазымда бұл қасиеттердің бәрі болды.  

Көп өтпей Берікті К.Байсейітова музыка мектебінің оркестріне инспектор болған.

– Яғни, оркестрді отырғызып, уақытын, тәртібін қарау маған жүктелді. Кейде ағай келмей қалғанда, орнына дирижер болып та дайындық жүргіздім. Негізі, алғашқы ұстазым Тұрылғазы Шаяхметов болды, ал опера симфониялық музыка бағытында ақылшым, жөн сілтеушім, педагогым Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында қызмет атқаратын, көп жылдар бойы Абай атындағы опера және балет театрының бас дирижері болған Нұрлан Жарасов болды. Ол кісіде оқыған жеті жылдың ішінде көптеген жаңа нәрселер үйреніп, маман ретінде шыңдалдым.  

Симфониялық оркестрді жанына жақын тұтқан Берік өзінің алғашқы кәсіби жұмысын консерваторияның қабырғасында жүріп бастап кеткен.

– 2-курс оқып жүргенімде Қазақстанның халық әртісі Жәния Әубәкірованың ұсынысымен, қолдауымен студенттік оркестрмен жұмыс істеп, бірнеше жобаларда шетелден шақырылған мықты дирижерлардың ассистенті болып қызмет атқардым. Оңтүстік Корея қалалары бойынша гастрольдік сапар аясында Давид Герингас, Анатолий Левин, сондай-ақ Дориан Уилсон сынды дирижерлардың көмекшісі болдым. Сол жылдары мен өзіме қажетті дүниелерге байып, мол тәжірибе жинадым. Жалпы дирижерлықтан тәжірибе жинау қиынның қиыны. Себебі, скрипкашы, пинонистер үйіне барып дайындық жүргізе алады. Ал бізге толық жүз адамнан құралған оркестр керек.  

Б.Батырхан 2013-2017 жылдар аралығында В. Папян, М. Болдери, Т. Курентзис, Л. Шамбадалдың және Ю.Симоновтың шеберлік сыныптарынан өтеді. «Осындай мықты мамандардың дәрістерін тыңдау зор бақыт», дейді жас дирижер. 2015 жылдан бастап, ол Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі қызметін абыроймен атқарып келеді. 2017 жылы Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясында магистр дәрежесін алған.

–  Алғашқы көркемдік жетекші ретіндегі концертім швед композиторларының классикалық туындыларына арналған еді. Жасым бар болғаны 25-те. Білдей бір оркестрге көркемдік жетекшілік ету аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сырттай керемет көрінгенмен, кәдімгідей қиындықты бастан өткердім.

Дирижердің айтуынша, концертке дайындық жүргізу сахнаға алып шыққалы жатқан туындыға байланысты бір аптадан артық уақытты талап етеді.

– Өмір жолымда кілең мықты ұстаздар жолықты. Ресей музыка академиясында РФ еңбек сіңірген қайраткері профессор В.П. Зиваның сыныбында болдым. Негізі, барлық салалар секілді біздің де жұмыс бір орында тоқтап тұрмайды. Сіз консерваторияны тәмамдап, «оқу аяқтадым, енді мықты дирижермін» деп ешқашан айта алмайсыз. 60 жасқа келіп те, ізденісте жүргендер қаншама. Классикалық өнер өте терең, кең ауқымды болғандықтан,  өмір бойы зерттеуді талап етеді.

Берік қазақстандық композиторлардың үздік симфониялық шығармаларын насихаттаумен белсенді жұмыс жасайды. Оның және симфониялық оркестрдің бас дирижері Ернар Нұртазиннің жетекшілігімен, Қ.Мусин, Б.Жұманиязов, Ғ.Жұбанова, Е.Брусиловский, Т.Мыңбаев, М.Сағатов Т.Қажығалиев, А.Мейірбеков, А.Мәмбетов және т.б. композиторлардың туындылары елордамызда алғаш рет орындалды.

– Әріптесім екеуміз архивтерді көтеріп, кітапханаларды аралап, артында қалған балаларының үйінен шығармаларды жинап, электронды нұсқаға түсіріп жатырмыз. Себебі, қағаздағы туындылар өшеді, көшеді, жыртылады, сақталмай қалуы мүмкін. Бұл саладағы ісімізді тоқтатпай, жалғастыра беру жоспарда бар.  

Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрінің ХХ маусымдық концертінің ашылуында Әліби Мәмбетовтың шығармаларын орныдадық. Ал жабылуын Алмабек Мейірбековтың туындыларына арнаймыз деп отырмыз. Осы арқылы қазақ классикалық өнерін көпшілікке таныстыруды, қайта тірілтуі, жан кіргізуді көздейміз.  

Айта кетейік, 24-29 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі «Festival Des Orchestres Du Monde» («Әлем қалаларының фестивалі») фестивалі қарсаңында Францияның Сен-Бревен-Ле-Пен, Сен-Назер, Монтуар-де-Бретань мен Ле Круази қалаларында мерейтойлық ХХ маусымның ашылуын өткізіп келген еді.

– Біз бір концерттік бағдарламаны арнайы әр кезеңдегі түрлі жанрдағы композиторлардың шығармаларына арнадық. Астаналық оркестр фестиваль барысында 3 концерт пен 2 променад-концерт берді. Philharmonie des 2 monde пен біздің симфониялық оркестр бірлесе өткізген кеште Ғазиза Жұбанованың «Мерекелік увертюрасы» орындалды. Людовиг ван Бетховиннің скрипка, виолончели, фортепианодан құралған үштік концерті мен Густав Малердің № 5 Симфониясын қойдық.

Жас дирижер қазақ өнерінің, оның ішінде классикалық өнердің көпшілікке насихатталуы жолында табанды жұмыс істеп келеді.

(Суреттер Б.Батырханның жеке мұрағатынан)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға