Жаңалықтар

Қазақстанның халықаралық дәрежеде танылған кинофильмдері

Өткен аптаның соңында Қазақстанның мәдениет саласында жағымды жаңалық болды
Қазақстанның халықаралық дәрежеде танылған кинофильмдері
22.05.2018 15:20 5746

Бірнеше күн бойы Самал Есләмованың Канн фестивалінде үздік актриса атануы көптеген ақпараттық сайттарда жазылып, телеарналарда айтылып қазақстандық оқырман бөркін аспанға атуда. Алайда халықаралық беделді кинофестивальдерде біздің киномамандарын жоғары бағалауы бірінші рет емес еді. Халықаралық ірі кинобайқауларда аталған, жоғары бағаланған картиналар, актерлер, режисерлер мен операторларды біле жүріңіз. 

Сергей Дворцевой және Самал Еслямова, «Айка» фильміне арналған баспасөз конференциясы, 2018/фото: Gareth Cattermole/Getty Images Europe

 Самал Еслямова Канн кинофестивалінде үздік актриса атанды

Өткен аптаның соңында Қазақстанның мәдениет саласында жағымды жаңалық болды. Қазақстан тумасы, режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» картинасында басты рөлде ойнаған қазақ актрисасы Самал Еслямова Канн кинофестивалінде үздік актриса атанды. Айта кету керек «Айка» - тек ресейлік жоба емес. Бұл фильмнің өндірісіне Қазақстан, Германия, Польша, Қытай продюсерлері атсалысты.

Бұл Сергей Дворцевойдың Канндағы алғашқы марапаты емес. 2008 жылы «Тюльпан» комедия-драмасы фестивалдің «Ерекше көзқарас» конкурсының бас жүлдесін алды. «Тюльпан» да Қазақстан, Ресей, Германия, Швейцария елдерінің бірлескен жобасы. Айта кетейік атап өткен «Ерекше көзқарас» бағдарламасына биыл Әділхан Ержановтың соңғы жұмысы - «Ласковое безразличие мира» кинотуындысы қатысты. Дәл осы бағдарлама аясында оның әлемдік премьерасы өтті, сондықтан бұл фильмнің фестивалдік өмірі енді басталмақ.

Бүгін беделді халықаралық кинофестивалдер мен байқауларда марапат алған және ерекше назарға іліккен отандық кинофильмдер туралы айтқымыз келеді.

Қазақстан киносының фестивалдік жолы туралы айтсақ ойымызға бірден Эмир Байғазин келеді. 2013 жылы өткен 63-ші Берлин Кинофестивалінде алғашқы толықметражды жұмысы «Асланның сабақтары» негізгі конкурсқа қатысып, көрнекі көркемдік жетістіктері үшін берілетін «Күміс аю» сыйлығын жеңіп алды. Жүлде операторлық шеберлігін танытқан Азиз Жамбакиевке табысталды. «Асланның сабақтары» үшін сол жыл өте табысты болды. Оның марапаттар қоржынында «Трайбеканың» дипломы, Базель ХКФ-ның бас жүлдесі, Сиэтл мен Сан-Пауло фестивалдерінің Гран-приі, басқа да көптеген марапаттар мен сыйлықтар бар.

Оператор Азиз Жамбакиев Берлиналенің «Күміс аю» жүлдесін алған сәті, 2013 жыл

Оператор Азиз Жамбакиев Берлиналенің «Күміс аю» жүлдесін алды

Каннан кейін бағы ашылған тағы бір фильмді атап өту қажет. Әділхан Ержановтың «Үкілі кәмшат» әлеуметтік драмасы 2014 жылы 67-ші Канн фестивалінің негізгі бағдарламасына еніп, оның әлемдік премьерасы осы шара аясында болды. Ержанов өз жұмысымен жүлдегерлер тізіміне кірмесе де, Британ киносы институтының сыншысы Джефф Эндрюдің назарына ілікті. Киносыншының жазған қорытынды шолуына сәйкес, «Үкілі кәмшат» 67-ші Канн фестивалінің үздік ондығына кіреді. Осыдан кейін әлемнің біраз кинофорумдарын аралап шықты. Польшада және Ливанда Гран-при алды, азиялық «Оскар» атанып кеткен Asia Pacific Screen Awards сыйлығының номинациясына ілікті. Бұдан да бөлек жетістіктері көп.

2014 жылы тағы бір қазақстандық режиссердің туындысы халықаралық дәрежеде назарға ілікті. Әңгіме Жанна Исабаеваның «Нағима» картинасы туралы. Фильмнің әлемдік премьерасы 2013 жылы Оңтүстік Кореяның 18-ші Пусан халықаралық кинофестивалінде өтті. Содан кейін картина  64-ші Берлин кинофестивалінде «Форум» секциясының аясында көрсетілді. Францияда өткен Азия киносына арналған Deauville Asian Film Festival шарасында, ХІ Марокко халықаралық кинофестивалінде, Сальвадорда өткен Panorama халықаралық фестивалінде және Asian Film Festival (JAFF) фестиваліндеГран-при алды.

Жанна Исабаева Asian Film Festival марапатын алуда, 2014 ж

Жанна Исабаева 2014 жылы Asian Film Festival марапатын алды

Былтыр көп талқыланған фильм ретінде Сәбит Құрманбеков түсірген «Оралманды» айта аламыз. Ауғанстаннан атамекеніне қоныс аударған қазақ отбасы туралы картинаның әлемдік премьерасы Фаджр халықаралық кинофестивалінде өтіп, шетелдік фильмдер арасынан бас жүлдені алды. Одан бөлек Астанада өткен «Еуразия» ХКФ, Италияда өткен «Religion Today» ХКФ, басқа да кинофорумдарда үздік атанды. Басты рөлде ойнаған Дулыға Ақмолда Қазан қаласында өткен мұсылман киносының фестивалінде үздік актер атанды.

«Оралман» фильмінен кадр / «Қазақфильм» АҚ өндірісі

"Қазақфильм" АҚ түсірген «Оралман» кинокартинасы «Орталық Азияның үздік фильмі» атанды 

Ал фестивалдік жолының түйіні ретінде «Орталық Азияның үздік фильмі» деген атаққа қол жеткізуін айтуға болатын шығар. Қырғызстанда өткен «Ақ Ілбіріс» киносыйлығында екі номинация бойынша озық шығып, жоғарыда аталған марапаттан бөлек Дулыға Ақмолда Орталық Азияның үздік актері атанды.

Ең беделді киносыйлық саналатын «Оскар» бәйгесінде де алысқа шапқан картиналар бар. Біріншісі – «Моңғол». Ресей режиссері Сергей Бодров түсірген, Германия мен Қазақстан кинематографшылары атсалысқан тарихи боевик 2008 жылғы «Оскарға» біздің елдің атынан ұсынылып, номинацияға ілікті. Бұл Қазақстан атынан ұсынылған картиналардың ішінен номинант атанған әзірге жалғыз фильм.

«Оскар» жүлдесіне жақындаған тағы бір фильм – Ермек Тұрсыновтың «Келіні». 2010 жылы өткен «Оскар» бәйгесінде «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясында қысқа тізімге ілінді. Қысқа тізім – номинациядан бір қадам төмен тұрған деңгей. Осы қысқа тізімнен номинанттар іріктеліп алынады. «Келін» сондай-ақ көптеген фестивалдерге қатысып, Монакода Гран-при алды.

Бұл халықаралық дәрежеде танылған кинокартиналардың бірқатары ғана. Жыл сайын түрлі кинофорумдарға қатысып жүрген отандық режиссерлердің жұмыстары аз емес.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға