Жаңалықтар

Қазақ тазысы әлемдік брендке қашан айналады?

Бүгінде еліміз бойынша тіркелмеген тазылар көп
Қазақ тазысы әлемдік брендке қашан айналады?
15.11.2019 12:53 8742

Тазы санын 1000-ға жеткізіп, оны қазақтың иті екенін дәлелдеу мүмкін болмай тұр. Оған не себеп? El.kz тілшісі анықтап көрді.

Қазір елімізде ресми құжат алған 800-ге тарта тазақанды тазы бар. Олардың қатарын толықтырғанмен FCI (Federation Cynologique Internationale) ұйымы оны қазақтың иті деп мойындай салуы екіталай. Өйткені, оларды мемлекеттік деңгейде қамқорлыққа алып, арнайы питомник ашылуы тиіс. Сонымен бірге, аңшылыққа бейім үй жануарынан бөгде иттердің қаны анықталмауы керек. Сондықтан әрбір тазыны жіті бақылап, арнайы ДНК сараптамалық тексерісінен өткізу маңызды.

(Фото: wild frentier.ru)

Қасиетті қазына

Қазақ жеті қазынаға теңеген тазының айналасындағы мәселе соңғы жылдары ушығып барады. Бұрынғылар оны адамның серігі деп басты байлық санап келсе, қазір оларды саусақпен санауға болады. Еліміз бойынша 1500-ге жетер-жетпес тазы бар көрінеді. Ал ілгеріде әр қазақтың шаңырағында аз дегенде бір-екі тазыдан болған. Қазір оны ауыл-аймақ тұрмақ, ірі аудандардан да кездестіру қиын. Қазақ үшін қашанда қасиетті саналған тазы ит тұқымдастарының арасында ең ақылдысы. Тіпті, оның асыл тұқымды екені көз жанары мен құлағынан аңғарылатын көрінеді. Сондықтан болар, қазақ «аттың жақсысы – бозы, иттің жақсысы – тазы» деп оны ерекше қадір тұтқан. Тазы деген атауынан-ақ оның таза әрі қайталанбайтын қасиетке ие ит тұқымдасы екенін аңғару қиын емес. Оның үстіне, қазақ тазысының алғырлығы, тектілігі және ерекше жаратылыс екені талай аңыз-әңгімеге арқау болды. Қашқан аңды қалт жібермей, қасқырдан да қорықпайтын құмай тазыға қашанда сұраныс жоғары. Болмысынан байсалды келетін олар бей­берекет үріп, жұрттың мазасын қашырмайды, ал қожайынына деген адалдығы айрықша. Тосыннан келген қауіпке батыл тойтарыс беретін қасиетіне таңданбау мүмкін емес.

Тазы өсірушілер мемлекеттен жәрдем сұрайды

Тазының азығына ерекше күтім керек. Қазақ төбеті сияқты қомағайлыққа салынбаса да, асты талғап ішетін қасиеті бар. Сондықтан тазы асыраушылар айына орта есеппен бір итке 90 мыңның көлемінде ақы шығындайды. Десе де, ерекше үй жануарының мұндай «еркелігін» екінің бірі көтере алмасы түсінікті. Сол үшін мемлекет тарапынан қолдау қажет-ақ. Әйтпесе, қазақтың аңшылық тарихы жақын-жуықта аяқталуы ғажап емес. Десе де, тазыны қамқорлыққа алып, олардың жойылмауы үшін тер төгіп жүрген ит асыраушылар да бар. Көкшетаулық Оралбек Қайсан 20 жылдан аса уақыт төбет пен тазы асырап келеді. Осы уақытқа дейін 60-қа тарта асыл тұқымды үй жануарын баққан азамат тазылардың тұқымын асылдандырып, қанының таза сақталуы үшін тер төгіп келеді. Бала күннен селекциялық жұмыстарға ерекше мән берген. Бүгінде «Тазы-төбет-Бөрібасар» республикалық федерациясының президентінің қолында асыл тұқымды 18 тазы бар. Осынша итті бір ауласына сыйғызып отырған ол күніне 120 литр ботқа қайнатылып, иттерге 3 мезгіл үлестірілетінін айтады. Сонымен бірге, оларды байлап, қамап бағуға болмайтындықтан арнайы уақыт бөліп оларды жүгіртіп, жаттықтыратындығын да алға тартты.

(Фотода: сол жақтан екінші Оралбек Қайсан)

– Ұлтымыздың бойына сіңген құсбегілік пен аңшылық кәсіпті қайта жандандырмасақ, ұлттық құндылығымыздың бірін жоғалтып алуымыз әбден мүмкін. Мен аңшылық мақсатында емес, тазы мен төбет жойылмасын деген ниеттен осы іспен айналысып келемін. Бір жағынан ит асырауға деген қызығушылығым жоғары. Бірақ материалдық жағынан қиналып қалатын кездер болады. Мәселен, мен өзім Көкшетаудан Астанадағы бір көрмеге 5 итімді әкелсем 50 мың теңге ақша керек. Жолға не ұйымдастырушылар тарапынан, мемлекет қазынасынан ешқандай қаражат бөлінбейді. Бәрін өзіміз төлейміз. Бұдан бөлек, әлгі көрмеге қатысу үшінде тағы ақша беруіміз қажет. Егер заңдастырмасақ, тазымен әлемге танылу мүмкін емес. Тек ел ішінде ғана көп иттің бірі болып қалады, - дейді.

«Иттің де шежіресін жасау керек»

Ит асыраушылардың сөзінше, бір тазыдан кем дегенде төрт немесе сегіз ұрпақтан туылуы керек. Ал олардың шежіресін жасап, арғы тегін тізбектеп шығу да FCI-дің басты талабы.

– Негізінен, әрбір тазының төрт-бес атаға дейін таралуы үшін жоқ дегенде алты-жеті жылдай уақыт қажет. Иттердің аналығы мен аталығының шежіресін жасап, олардың хронологиясын қалыптастыру да бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып тұр. Осыны әрдайым назардан шығармай нәтижелі жұмыс жасап, олардың санын одан әрі көбейтуіміз қажет. Міне, осыдан кейін барып дүниежүзілік ұйымдардан келіп, қазақтың тазысын қарап, бақылап, патенттейтін болады. Қазір ресейліктер біздің тазыны өздерінің меншігі сияқты патенттеуге тырысып жатыр екен. Бұндайға біз жол бермеуіміз керек. Біз қазақтың өз итін паттентемей өзгеге беріп қойсақ келешек ұрпақтың алдында ұялатын боламыз. Бабаларымыз бізге мұра еткен тазыны қал-қадіріміз жеткенше дәріптеуіміз қажет. Аңшылық өнерге, қазақтың төбеті мен тазысына қызығушылығы бар жандарға мемлекет тарапынан қолдау болса, бұл шаруашылықтың ғана емес, күллі қазақтың рухын көтергендей болар еді, – дейді Оралбек Қайсан.

FCI-дің талабы

Елімізде алғаш рет қазақ тазысын қорғау, оның санын көбейтіп, әлемге таныту бағытында құрылған ұйымдар мен белсенді топтар баршылық. Солардың бірі –«Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестігі. Ашылғанына 6 жыл толған мекеме қазақ тазысын халықаралық деңгейге шығаруды мақсат тұтқан. Осы уақытқа дейін бірлестік Нұр-Сұлтан қаласының әкімдері мен Президентке дейін хат жолдап, осы мәселені назарға қойып келеді. Әзірге мемлекет тарапынан ауыз толтырып айтатындай көмек көрсетілмесе де, келешек еншісінде біршама жобалардың іске асырылатыны жоспарланған.

(Фотода: «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестігінің басшысы Оралбай Әбдікәрімов)

Сондай-ақ, аталған қоғамдастық Бельгиядағы FCI ұйымына өтініш жазып, тазыны ресми бекітуге ұсыныс жолдап қойған. Ал халықаралық кинологиялық орталық өзінің талаптары мен ескертпелерін жазып, кері жауап қайырған екен. Қазір тазыларды потенттеуге қатысты өзге мемлекеттердің ұсынысы қарастырылып отырған жоқ дейді бірлестік басшысы Оралбай Әбдікәрімов:

Бір тазыны патенттеу үшін қанша хат, қаншама кездесу өтті. Нәтиже жоқ деп айтуға болмас. Жұмыс алға қарай жүріп жатыр. Тазы біздікі екені анық. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Сонымен бірге, оны бізден біреу тартып алады деген пікір жаңсақ. Бірақ жұмыс жасалып, өз деңгейінде шешілмесе, әрине осындай жағдай болуы әбден мүмкін. Біз қазір Бельгиядағы FCI-ге тапсырыс беріп қойдық. Олар бізге қандай жұмыстар жасалуы керектігі туралы мәлімет берді. Яғни, біз алдымен өзіміздің тазыларымыздың тазақандыларын іріктеп алуымыз керек. Демек, ол жәй сөз емес, ДНК сараптамасы арқылы анықталмақ. Алайда бұған қомақты қаражат керек. Одан соң олардың арнайы құжатын дайындауымыз қажет, олардың хронологиясын да жасау тапсырылды. Бұдан соң арнайы питомник жұмыстарын жандандырып, халықаралық деңгейде көрме өткізуіміз керек. Мұның бәрі үлкен жұмыс әрі көптеген қаржыны қажет етеді. Сонымен бірге қазақтың серігіне айналған тазыларды мемлекеттік деңгейде қорғап, селекциялық жұмыстар жолға қойылса, бұл мәселе оң шешімін тапқан болар еді. Сол қолдаудың жоқтығынан әлі бір орында тұрмыз, - деді ол.

Қазақ тазысының тұқымын асылдандыру, баяғы асыл тұқымды тазылардың тегін қалпына келтіру, оны әлемдік кинология орталығына тіркету үшін республика бойынша стандарт жасау мәселелері шешілсе, жұмысты дөңгелетіп алып кететіндер баршылық. Қазір төбеттердің саны да аз. Сондықтан олардың сапасымен қоса, санын да көбейту күн тәртібінде. Бұл екі күндіктің шаруасы емес екені де түсінікті. Әлгінде айтқанымыздай, қазір селекциялық жұмыстар арқылы асылтұқымды ит түрін сақтап қалуға нақты қадамдар жасалып жатқан көрінеді. Олардың қан құрамы толық зерттелмегендіктен жұмыс қарқыны да бәсең. «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестігі басшысының сөзінше, таза қанды иттерді анықтап, олардан тұқым алу үшін ғылыми орталық та қажет екен.

Тазыларды тіркеу науқаны кезінде сараптама жасалған 40-қа тарта иттің 9-ы тексеруден өтпей қалатын көрінеді. Бұл тазылардың қанында басқа тұқымдағы иттердің қаны басым деген сөз. Бұл жөнінде қазақ аңшылық өнерінің жанашыры Оралбек Қайсан былай дейді:

– Қазір тазылардың асыл тұқымдыларын анықтау қарқынды жүргізіліп жатыр. «Майдан қыл суырған» сарапшылар өз бағаларын беруде. Бірақ сол сараптамадан өтпей қалған иттердің қожайындары өздерінің ренішін білдіріп, арты дау болып жатады. Олар ертең FCI-дің мамандары тазыларымызды тексеруге келгенде кез-келгенін ұстап тексеретінін ескермей жатады. Оларға тазақандыларын таңдап көрсете алмайсың. Біз қазақылыққа салынып басқа тұқыммен шатысы бар тазымызға асыл тұқымды деп құжат алып алсақ халықаралық ұйымның бақылауынан өте алмай қалатынымыз анық. Азаматтар осыны қаперге алулары тиіс, - дейді.

Қазақтың аңшылық мәдениетін сақтап қалудың жалғыз жолы...

Ал бала күннен аңшылықты серік еткен қызылордалық Мейрамбек Алдабергенов болса, тазылардың қатары сиреп кеткені сонша сатылымдағы бағалары аспандап кеткенін алға тартады. Сонымен бірге, қазақтың аңшылық мәдениетін сақтап қалудың жолы тазы мен төбеттің патенттелуімен тығыз байланысты дейді.

– Көшпелі қазақтың бар өмірі аттың жалында, түйенің қоңында өткендіктен жанына серік болар ит ерітуі түсінікті. Бірақ инттелектісі жоғары үй жануарын қолға үйреткені ерекше құбылыс. Аңшылық, саятшылық құрған уақытта одан артық әрі мықты тұқым жоқ. Тіпті, әлемдегі ең жүйрік иттердің өзін біздің тазылар төзімділік жағынан, ақылдылығымен басып озады. Бұрын аңшылар иттің бағыт алған жолымен жүріп отыратын болған екен. Бас салып артынан қумайтын болған. Өйткені, ол бір аңның ізінен түссе адамның өзін алдап, әп-сәтте алдына әкелетін болған. Керек десеңіз, тазы өзі аулаған аңға тіс батырып, былғамайды. Қазір аңшылар қоян мен түлкіні қақпан құрып, ату арқылы аулайды. Ал осынша әурешіліктің барлығын бір ғана тазы орындап келген. 5-6 сағаттап жүгіріп, шаршаған уақытта дем алып, аз уақытта күш жинап алатын бұл тұқым ауылдарда қат. Әрине, қазіргі қазақтың тұрмыс салты өзгерді, бұрынғыдай аңшылыққа шығатындар некен-саяқ. Бірақ бабадан жеткен дағдымыздан айырылып қалсақ, кейінгі ұрпаққа нені үлгі етеміз. Өткенді өшіруге болмайды, - дейді аңшы Мейрамбек Алдабергенов.

Азия елдерінің ішінде Оңтүстік Корея мен Жапония өз ит тұқымдарын сақтау үшін арнайы заң қабылдаған. Керек десеңіз, түріктер де иттерін патенттеп алған. Тіпті, иттің қорғалуын Түркияның Қорғаныс министрлігі қатаң қадағалайды. Ал біздің елімізде мұндай заңның қабылданып, қазақ иттерінің қамқорлыққа алынбауының себебі түсініксіз. Аталған мәселе жөнге келмесе қазақ тазысы әлемдік брендке емес, үй жануарына айналады...

(Кейбір фотолар wild  frentier.ru сайтынан және ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға