Жаңалықтар

Каскадер қазақ қызы жайлы естуіңіз бар ма?

Ерекше мамандық игерген ару
Каскадер қазақ қызы жайлы естуіңіз бар ма?
07.03.2017 14:18 43839

«Каскадер» сөзін естігенде көз алдыңызға нәзік жанды арудың елестеуі екіталай. Көбінесе кино әлемін бағындырған голливуд жұлдыздарының қауіпті іс-қимылдарын орындайтын жігіттердің төресі елестеуі мүмкін. Алайда Қазақстанда да голливуд киногерелерін мойындатқан каскадерлер бар екенін, тіпті олардың арасында нәзік жандылар да қызмет етіп жүргенін көбіміз біле бермейміз. Бүгін біз ерекше кейіпкер – каскадер Жұлдыз Ерболатты таныстырмақпыз.

– Жұлдыз, голливуд сахнасын жаулаған «Nomad» каскадерлер тобына қалай келдіңіз? Қызметіңіз қалай басталған еді?

 Мен 2009 жылы Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің актер бөліміне оқуға түстім. 2013 жылы оқуымды тәмамдадым. Оқып жүрген кезімізде үнемі циркке баратынбыз. Цирк әлемі, ондағы жан-жануралармен жұмыс жасау – мені тез баурап алды. Күнде сабақтан кейін циркке баратын болдым. Қалай да бірнеше трюк жасауды үйренемін деп мақсат қойдым. Алдымен шыны сынықтарының үстіне жату немесе жалаң аяқ билеу, жанып тұрған отты ауыздан шығарып, дегенден өткізуді үйрендім. Осылайша талантты қыз-жігіттермен танысып, цирк өнеріне терең бойлай түстім. Нұрым деген азамат мені труппа құрамында өнер көрсетуге шақырды. Осы топта жүріп ат үстінде шабу яғни «джигитовка» өнеріне тәнті болдым. Мен де атқа қонып, түрлі трюктер жасап үйрене бастадым. Негізі аттың құлағында ойнамасам да, ауылдың баласымыз ғой, кішкентай кезімнен атқа отыруды жақсы білетінмін. «Джиготвка» өнерін жылдам игеруіме осы қасиетім де әсер еткен болар. Алайда уақыт өте келе оқуым бар, емтихандарға байланысты өнердің бұл түрінен қол үзіп қалдым. Оқуымды ойдағыдай тәмамдап, арман қуып Алматыға келдім. Түрлі кастингтер, түсірілімдерде жүріп, «Nomad» каскадерлер тобымен кездесіп, танысқаным бар. Негізі «Nomad»-тың серілері бұған дейін де Астана қаласында өткен түрлі шараларға келгенде өнерлеріне тамсанатынмын. «Nomad»-қа қалай жолым түскенін айтайын. Астанада оқып жүргенде жылан асырағаным бар. Оны баптап, үйретіп, жыланмен би билеп, 3 жылдай өнер көрсетіп жүрдім. Кейін Алматыға ауысқаннан кейін жыланмен өнер көрсетуді доғарып, тапсыру мақсатында циркке барған болатынмын. Сол кезде бір жігітті жолықтырдым, кеудесінде «Nomad» каскадерлер тобы» деген жазу көзіме оттай басылды. Тайсалмай жақындап «Мені топ құрамына алыңыздаршы» деп өтіндім. «Жақсы, кел, өнеріңді, қарым-қабілетіңді байқап көрейік» деді. 1-2 күннен кейін циркке келіп, атқа отырып, бар өнерімді салдым. Бастапқыда тек атпен шабу бойынша көп дайындалдым. Негізі топ құрамына кірмей тұрып, әріптестерім екі аптаға түсірілімге баратынымызды айтты. Жәйдақ атқа отырып, 5 шақырым шаптық. Мақсат – түсірілім барысында актрисалар мінетін аттарды шаршату. Менің атқа отыруым, шабысым ұнаса керек, осылайша сәттілік серік болып, топ құрамына қабылданған едім. 2015 жылдан бері «Nomad» тобында еңбектеніп жүрмін.

– Алғаш қандай фильмдерге түстіңіз, қандай трюктер орындадыңыз?

– Бізге ең алдымен шауып келе жатқан аттың үстінен құлауды үйретті. Құлағанда да денеңе еш зақым келмейтіндей сәтті құлауды үйрендік. Алматы қаласындағы цирктің орталығында дайындалатын орынымыз бар. Одан кейін шабыстың түр-түрін үйрендік.

– Мәселен?

 Мәселен шабыстың классикалық, спорттық, жорға жүріс секілді түрлері болады. Содан кейін гимнастика, би сабақтарына қатысамыз. Себебі кез-келген трюкті жасай білу үшін денең шымыр, бұлшық еттерің қатайған болуы тиіс. Құлаған кезде жарақат алып қалмас үшін, денеге зақым келмес үшін жаттығамыз. 6 айдай ешқандай түсірілімге қатыспай, бұлшық еттерімізді қатайту үшін дайындалдық.

Алғаш рет «Жібек» деген телехикаяның түсіріліміне қатыстым. Басты рөлді сомдайтын Жібек есімді кейіпкер жол апатына түсетін сахна бар. Сол сәттің сахналануын ойнадым. Кейін «Нархоз» деген телехикаяда Динара есімді бас кейіпкердің мас күйінде столдың үстінен құлайтын сәтін сомдадым. Бұдан өзге сатыдан домалайтын сахнаны ойнағаным бар. «Анаға апарар жол», «Q-елi», «Жедел жәрдем» т.б кинокартиналарда сахналаған кадрлар болды.

– Сіз үшін ең қиынға соққан трюк?

 Қиындау деп – шауып келе жатқан аттан құлауды айтар едім. Немесе шауып келе жатқан кейіпкерге садақтың жебесі қадалған сәтте аттан омақаса құлайтын саханалар болады. Міне осындай сәттерді еш қателіксіз, әрі денемізге зақым келмейтіндей етіп сауатты орындау – үлкен жетістік. Ең алдымен жұмсақ матрастың үстіне құлап жаттығамыз, одан кейін батуттың үстіне құлаймыз, сосын ат бір орында тұрғанда құлап үйренеміз сосын барып жорғалап келе жатқан аттан құлаймыз. Ең соңында шауып келе жатқан аттан құлауды үйреніп, түсірілім барысында сахналаймыз. Осындай сәтті Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып түсірілген «Алмас қылыш» фильмінде бар. Бұдан өзге Канададан келген «Diskovery» арнасының кинорежиссерлері «Сақ» тайпасы туралы деректі фильм түсірген болатын. Сол кинокартинада да аттан құлайтын сәттер бар. Тағы бір айта кететіні дәл осындай сахна 3-4 дубльмен жасалады. Ең әуелі біз бірінші дубльді оператор үшін жасаймыз. Оператор қай жерде, қалай құлайтынымызды жақсылап меңгеріп алуы үшін саханаланады. Тіпті кейбір сахналар болады атпен бірге құлайсың. Атты құлату, атпен бірге домалау секілді қауіпті трюктерді көбінесе ер адамдар жасайды.

– Қоғамда каскадерлер туралы көпшіліктің пікірі қандай? Әсіресе нәзік жандыларға деген көзқарас қандай?  

 Каскадер қыз балаға жігіт табу қиын екен (күлді). Өз ата-анам осындай кәсіппен шұғылданғаныма тіптен қарсы. Әсіресе анам қатты алаңдайды. Анам мен сахналаған трюктерді мүлде қарамайды, жүрегі шыдамайтын сыңайлы. Мамандығымның қауіпті екененін мойындаймын, күнделікті дайындықтың арқасында Аллаға шүкір ешқандай зақым алмай, барынша қорғанып, сақтанып жүрміз.

– Кәсіби каскадерлердің ерекшелігі неде?

 Каскадер болу үшін – ең бірінші қызығушылық пен ынта керек. 1 % талант болса, қалғаны 99 % еңбекпен келеді. Бір күн спорт залға бармай қалдық па, болды бүкіл дене ауырсынады. Біз үшін бір күн босаңсуға жол жоқ. Күнде дайындаламыз, күнде шынығамыз. Екіншіден – ішкі рух керек. Қайсар-қайтпас мінезі, жігер керек.

– Қазақстанда каскадерлерді дайындайтын арнайы оқу орны немесе мамандық бар ма?

 Жоқ бізде ондай оқу орны да мамандық та жоқ. Каскадерлік мамандыққа қызыққан жандар ғана келеді. Біреуі акробатикадан, біреуі таэквондодан, күрес, тауға өрмелейтіндер айта берсе барлық саладан келгендер бар. Үнемі жаңашылдыққа ұмтылатын, бірнеше трюкпен шектеліп қалмай «енді мынаны меңгерсем» деп әсіресе қиындығы мен қауіпі мол өнер түріне құштар жандар келеді деп айтар едім.

     

– Каскадерлердің табысы қандай?

 Сөздің шыны керек, шетелдедерде әртістерге қарағанда каскадерлердің жұмысы жоғары бағаланады. Олар бұл мамандықтың қауіптілігін жақсы түсінеді. Ал, бізде каскадерлердің жұмысын онша бағалай қоймайды. Дегенмен де табысымыз бір қара басымызға жетеді. Әр дюбльге төленеді. Қауіптілігіне қарай төленеді.

– Жобамен айтсаңыз?

– Ең төменгі көрсеткіш 100 АҚШ доллары. Ал, өз басым ең көп дегенде 800 АҚШ доллары көлемінде қаламақы алғаным бар. Бірақ мәселе мұнда емес. Егер естіген болсаңыз, «Nomad» тобының қоржынында «Неудержимые» (екі бөлімі), «Конан-Варвар», «47 Ронинов», «Көшпенділер», «Дневной дозор», «Рэкетир», «Моңғол», «Жаужүрек Мың Бала», «Ликвидатор» сияқты фильмдер бар. Олар Брюс Уиллис, Сильвестр Сталлоне, Арнольд Шварценеггер, Жан-Клод Ван Дамм, Чак Норрис, Киану Ривз, Натали Портман, Дольф Лундгрен, Джет Ли және т.б. жұлдыздармен бір алаңда жұмыс жасады. Әлемді мойындатқан осындай талантты ағаларымызға қарап, біз жігерлене түсеміз.

– «Nomad» тобында қанша нәзік жандылар бар?

 Қазір біздің ұжымда 15 шақты қыз-келіншек бар. Әрине қазақ қыздарының саны санаулы. Дегенмен де қазақ аруларының күш-жігері, талпынысы, олардың бойындағы қайсар мінез 40-қа жуық спортшы қыздарды шаң қаптырады. Қазақтың қыздарын даралап, ерекшелеп тұрған – мықты рух, батылдық.

Анықтама

«Nomad» каскадерлер тобы 2001 жылы құрылған. Бүгінде топ құрамында 40 кәсіби каскадер (Қазақстан каскадерлері қауымдастығына кіретін), арнайы үйретілген 30 ат, биіктікте жасалатын трюктік жұмыстарға арналған аспалы жүйе, өртенуге арналған арнайы киім, пиротехникалық қондырғы және т.б. бар.

«Nomad» тобын ең атақты қазақстандық каскадер және трюктер қоюшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жандарбек Күнғожинов басқарады. Ол әр жылдарда Италияға, Францияға, Ресейге Қазақстанның цирк өнерін таныстырды. 1993 жылы Қытайда өткен халықаралық фестивальде ол «Күміс Арыстан» жүлдесімен марапатталды. 2001 жылы дәл сол Қытайда «Қола Арыстан» мен көрермендер көзайымы жүлдесін иеленді, 2004 жылы «Дневной Дозор» фильмінің түсірілімінде Жандарбек бірегей «атпен шауып қабырғаны бұзып өту» трюгін қойған.

("Марко Поло" телехикаясы түсіріліміндегі фото)

«Моңғол» фильмі шыққаннан кейін Күнғожиновты трюктер қоюшысы ретінде «Оскар» сыйлығына ұсынады. 2007 жылы өзінің «Номад» тобымен бірге атты акробатикадан халықаралық фестивальде «Алтын аюды» жеңіп алады. Дәл сол жылы Ж. Күнғожинов Қазақстан Республикасы Президентінің жарғылымен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағына лайық деп танылады.

Ал 2013 жылы Атлантик-Сити (АҚШ) қаласында Халықаралық жекпе-жек өнері академиясының марапаттауы өтті. Бұл жүлденің беделділігі сондай, кәсіпқойлар оны спорт «Оскары» деп атайды. Осы жүлде Жандарбек Күнғожиновқа бұйырды.

  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға