Жаңалықтар

ІІ Дүниежүзілік соғыстағы қазақ батырлары туралы байопик фильмдер

Қазақ қаһармандары отандық кинорежиссерлер көзімен
ІІ Дүниежүзілік соғыстағы қазақ батырлары туралы байопик фильмдер
05.05.2018 11:40 7691

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандықтар арасынан бес жүзден астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алған екен. Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Қасым Қайсенов пен Талғат Бегелдинов сынды қаһармандарымыз туралы кино- және телефильмдер түсірілген. Бүгін солар туралы әңгімелейміз.

«Ел басына күн туса» / «За нами Москва»

1967 жылы «Қазақфильм» киностудиясы шығарған көркем фильм. Картинаға жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлының кітаптары мен қолжазбалары арқау болған.

Осы фильмнің түсіріліміне қатысты бір қызық дерек бар. Режиссер Мәжит Бегалин сценарий негізі ретінде бастапқыда Александр Бектің «Волоколамское шоссе» шығармасын алған екен. Алайда фильмнің кейбір деталдары жазушыға ұнамаған. Ол соғыс кезінде белгілі бір ұлт өкілінің ерекшеленіп көрсетілгеніне наразы болған. «Бұл орыс пен немістің соғысы» деген екен қаламгер. Сол себепті режиссер түсірілімді тоқтата тұрып, сюжетке біраз өзгеріс енгізеді. Сол себепті сценарийдің екінші редакциясы Бауыржан Момышұлының «Ел басына күн туса» кітабына сүйеніп жасалады.

Кинотуынды 1941 жылы Мәскеу түбінде шайқасқан Панфилов дивизиясына арналады. Алматыда құрылған дивизия фашистердің жолын кесіп, Мәскеуді басқыншылардан құтқарады және кері шабуылға көшкен еді.

Рөлдерде: генерал Панфилов - Всеволод Санаев, Бауыржан Момышұлының жас кезі – Асанбек Өмірәлиев, ардагер шағы – Кәукен Кенжетаев. Одан бөлек Владлен Давыдов, Қуатбай Әбдірейімов, Анатолий Голик, Борис Быстров, Вячеслав Подвиг, Олег Мокшанцев, Иван Савкин, Олеся Иванова, Сергей Юртайкин, Нұржұман Ықтымбаев секілді актерлер ойнады.

Бауыржан Момышұлының Кубаға сапары кезінде осы картина кубалық одақтастарға көрсетілген екен. Ол жақтың әскерилері фильмнен үлкен әсер алғаны айтылады. 1968 жылы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында Орта Азия республикаларының байқауында «За нами Москва» бас жүлде мен 1 дәрежелі диплом алды, сондай-ақ А. Өмірәлиев үздік актер деп танылды.

«Мәншүк туралы дастан» / «Песнь о Маншук»

Андрей Михалков-Кончаловскийдің сценарийі бойынша түсірілген Мәншүк Мәметова туралы фильм (1969). Бұл кинотуындыға да Мәжит Бегалин режиссерлік етті.

М. Мәметова - Кеңес Одағының батыры атағына ие болған алғашқы қазақ әйел. Сюжетте фашистік танкілермен бетпе-бет келіп, Отан үшін жанын пида еткен батыр қыздың ерлігі суреттеледі. Басты рөлді Наталья Орынбасарова сомдайды. Сондай-ақ актерлік құрамда Никита Михалков, Иван Рыжов, Виктор Авдюшко, Нұржұман Ықтымбаев, Юрий Саранцев, Фарида Шәріпова, Кәукен Кенжетаев, Олеся Иванова, Иван Дмитриев бар.   

Фильм 1970 жылы Кеңес армиясының саяси басқармасының бас жүлдесімен марапатталып, Наталья Орынбасарова жүлде алды. 1972 жылы режиссер М. Бегалин мен актриса Н. Орынбасарова А.П. Довженко атындағы күміс медалмен марапатталды.

«Әлия» / «Снайперы»

Кеңес Одағының батыры, мерген қыз Әлия Молдағұлованың қысқа өміріне арналған әскери драма. Фильмді түсірген қырғыз режиссері Болотбек Шамшиев, Әлия рөлінде де Қырғызстанның халық әртісі Айтұрған Темірова ойнайды.

Фильм 1985 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілді. 1986 жылы Алматыда өткен Бүкілодақтық кинофестивалде үздік әскери-патриоттық фильм деген атақ алды.

2010 жылдардан кейін Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыс туралы телевизиялық фильмдер мен сериалдар көптеп жасалада бастады. Әрине қазақтан шыққан батырлардың есімдері де назардан тыс қалған жоқ.

«Қасым» / «Без права на выбор»

4 бөлімнен тұратын телевизиялық фильм қазақ партизаны Қасым Қайсенов туралы. Мини-сериал форматындағы жоба 2013 жылы «Қазақстан» телеарнасынан көрсетілді.

Сюжетте майдан шебіне барлаушы Қайсенов диверсанттар тобын басқарып барады. Бірақ оның барлық сарбаздары сатқындықтың кесірінен фашистердің қолынан опат болады. Жау шебінде жалғыз қалған Қасым өзіне берілген тапсырманы орындап, жаудың қару-жарақ  қоймасын жоюы керек. Соғыс уақытындағы сатқындық, күдік, қорқынышқа қарамай жергілікті халық Қасымға көмекке келеді. 

Қ. Қайсенов рөлін Қуандық Қыстықбаев сомдайды. Телефильмді Украина мен Қазақстан кинематографшылары бірігіп түсірді.

«Бауыржан Момышұлы»

«Хабар» телеарнасының тапсырысымен түсірілген әскери теледрама.

Фильмде батальон командирі ретінде ұрысқа қосылған Бауыржан Момышұлының алғашқы шайқасы, оның майдандас достарының екіұдай көңіл-күйі, өзіне де, өзгеге де талапшыл командирдің жаужүрек мінезі туралы баяндалады.

4 сериядан тұратын телефильмді Ақан Сатаев түсірді. Батыр рөлінде – Еркебұлан Дайыров, одан бөлек Әсел Сағатова, Саят Исембаев, Мақсат Сәбитов, Төлеубек Аралбай, Виктор Ашанин, Асылхан Төлепов, Бақтияр Қожа ойнайды.

«Падает вверх»

Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновтың естеліктерінің желісімен түсірілген көпсериялы тележоба. Сериал 2015 жылы КТК арнасынан ұсынылды.Фильм авторлары - Ермек Тұрсынов пен журналист, телепродюсер Виктор Климов.

Туындыда батырдың дүниеге келген сәтінен бастап, соғыстағы ерлігіне дейін суреттеледі. Батырдың біз білмейтін небір шытырман оқиғалары мен сұрапыл соғыстың сұсты күндері баяндалады. Сосын жеке өмірінде болған ғашықтық хикаялары да бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға