Жаңалықтар

Ерболат Шалдыбеков: «Шетелдіктер өнерімізбен қоса, домбырамызға да қатты қызығады...»

Әндері «Қазақтың 1000 әні» жинағына кірген дәстүрлі әнші
Ерболат Шалдыбеков: «Шетелдіктер өнерімізбен қоса, домбырамызға да қатты қызығады...»
30.06.2019 14:50 8291

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Ұлы дaлaның жетi қыpы» мақаласында «Aуызшa және мyзыкaлық дәcтүрді жaңғыpту қaзiргi зaмaнғы aудитopияға жaқын әpі түcінікті фopматтa бoлуы кepeк», – деп атап өткен болатын. Елордада қазақтың әйгілі композиторы Кенен Әзірбаевтың 135 жылдығына орай ҚР Мәдениет қайраткері, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының әншісі Ерболат Шалдыбеков «Шырқа, даусым» атты концертін өткізді. Оның орындайтын шығармаларының баршасы көңіл түкпіріне жылы сезім ұялатып, өнер сүйер қауымның көңілінен шығуында. Осы орайда, өзінің таза табиғи дауысымен ән шырқап талайды таңғалдырып үлгерген қазақтың ұлттық ән өнеріне жаңа серпін әкелген дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет қайраткері – Ерболат Шалдыбековпен әңгімеміз әйгілі композитордың туғанына орай өткізілген кеші мен өнер жолы жайлы тақырыптар төңірегінде өрбіді.

– Ерболат мырза, қысқаша өзіңізді таныстырып өтсеңіз.

– Мен Ерболат Заманбекұлы Шалдыбеков – Алматы облысы, асқақ Алатау Хан Тәңірінің баурайы, Кетпен тауының етегінде Қарадаланың бойындағы қарапайым отбасында дүниеге келдім. Жастайымнан өнерге қанаттандым. Бүгінгі таңда Елодамыз Нұр-Сұлтан қаласында Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Дәстүрлі ән» кафедрасында ұстаздық ретінде сабақ беремін. Өнер жолындағы қарашаңырақ киелі орданың бірі әрі бірегейі – «Қазақконцерт» ұжымында қосымша әнші ретінде әртістік еңбек жолымды жалғастырып келе жатқан жайым бар. Отбасылы, үш баланың әкесімін.  

– Қазақтың әйгілі композиторы Кенен Әзірбаевтың 135 жылдығына орай «Шырқа, даусым» концертіңіз өтті. Елордалық өнерсүйер қауымға қандай тосын сый әзірледіңіздер?

Кештегі негізгі мақсатымыз – концерттік мүмкіндікті пайдалана отыра қазақтың төл өнерін дәріптеу. Оның ішінде Кенен Әзірбаев атамыздың ел ішінде орындаған әндерімен бірге, беріден Кенен атамыздың ұрпақтары – Бақытжан Әзірбайұлы мен Төрткен Кененқызы апамыздың орындауында, жинақтауында жеткен әндерді халыққа орындадық. Соның ішінде, «Шырқа, даусым», «Туған жер», «Жас екпін» сынды әндерді «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен орындадық. 

– Қазіргі таңда Кенен Әзірбаев әндерінің насихатталу деңгейі қандай?

 Қазіргі таңда Кенен Әзірбаев әндерінің насихатталу деңгейі жоғары деңгейде деп айтуға болады. Себебі, Төрткен Кененқызы мен Бақытжан Әзірбайұлы әйгілі композитор Кенен атамыздың тікелей ұрпағы. Бүгінгі таңда өнер және ұлт жанашыры ретінде Кенен Әзірбаев шығармашылығын әр елдімекендерде кеңінен таныстырып, насихаттап жүр. Ал, ол кісілердің насихаттауы біз секілді орындаушылар арқылы халыққа танылуына бірден-бір себеп болып отыр. Мәселен, биыл «Сарыарқаға саяхат» деген атпен елордамызда, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл, Павлодар қалаларында Бақытжан Әзірбайұлының ұйымдастыруымен Кенен Әзірбаев атамыздың шығармашылығына қатысты еңбек жолыменен шәкірттеріммен бірген елімізді аралап қайттық. Кенен атамыздың өмірлік деректерінен алынған бір сағатқа жуық фильм түсірілген болатын. Бұл кинода Кенен атамыздың жастық шағынан бастап дүниеден өткен күнге дейін өнерінің қалай насихатталып жатқаны көрсетіледі. Әр қалада халықпен кездескен сайын Кенен атамыздың әндеріне байланысты концерт беріп отырдық. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың 24-сәуірінде Алматы шаһарының төрінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаевтың ұйымдастыруыменен үлкен концерт өтті. Оған да қатыстық. Жетісудағы бұл концерт «Туған өлкем – Жетісу» деген атпен өтті. Кейінне Талдықорған, Шымкент қаласында да өтті. Сол жылдың 26-сәуірінде Кенен атамыздың туған өлкесі – Жамбыл облысы Тараз қаласында екі жылда бір өтетін «Шырқа, даусым» атты республикалық конкурсына қатысып, саяхаттың түйінін қойдық. Мұның жалғасы ретінде қазіргі таңда Кенен Әзірбаевтың шығармашылығы біз секілді орындаушылармен жалғасып, концерттен концертке ұласып жатыр.

Сонымен қатар, Кенен атамыздың әндерін насихаттауда Жетісу өңірінен шыққан орындаушылар, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдіуәлиев және жетісулық майталман әншінің бірі әрі бірегейі – Тілеулес Құрманғалиев сынды өнерпаздар ел ішінде ақынның шығармаларын кеңінен орындап келеді. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Еңбек сіңірген қайраткер Ардақ Балажанованың орындауында Кенен атамыздың әндері мен оның сөзіне жазылған басқа да композиторлардың шығармалары кеңінен тарап келе жатыр.

– Бұл кешке дайындық қашан басталды және репертуарыңыздағы жаңалықтар жайында айтып өтсеңіз.

– Жалпы бұл кеш біраз ойымда жүрген концерт еді... Оның сәті биылғы жылдың 29-маусымға түсті. Алла қолдап, «Қазақконцерт» залында, көрермендермен қауыштым. Өте жылы қабылдап, жақсы кеш болды. Ал, концертке дайындықтың басталғанына көп уақыт болған жоқ. Көптен бері көңілде болғаннан кейін Кенен атамыздың шығармашылығымен бұрыннан таныс болдық.

– Өнер саласына келуіңізге не түрткі болды, ән айту өнері кімнен дарыды?

– Жалпы маған ән айту өнері әуелі Жаратушы Алланың мейірім деп білемін. Бала күнімізде әнге құмар болып жүрген шақта марқұм анам Денехан Іргебайқызы жас кезінде халық арасында қара өлеңмен айтысатын ақындығы бар жан болған. Сондай-ақ, анамның нағашылары да шетінен суырып салма ақын болған екен. Бәйіт, жыр-дастандарды көп орындаған. Әкем «Ерболатқа, (яғни, маған) нағашыларынан өнер дамыған» деп айтып отыратын. Анамның айтуынша, оның әпкесінің бірі ел ішінде 12-13 жасында үлкен жиын-тойларда ән салып, ақындығымен өнер көрсетеді. Ол бұрымды, көрікті қыз болғаны соншалық көз тиіп дүниелік болған екен. Маған өнер нағашыларымнан тікелей Алланың себепкершілігімен өн бойымызға дарыған деп ойлаймын. Сондай-ақ, әкемнің елі де әулеті де құр алақан емес. Бір аңыз әңгімеге байланысты әкемнің арғы аталарында бір қобызшы болған дейді. Бірақ нақты дәлел жоқ.

Өнердегі және өмірдегі ұстаздарыңыз кімдер?

– Мен Алматы қаласында 1995-1998 жылдар аралығында дәстүрлі ән саласы бойынша білім алдым. Ол жерде Жетісу өңірінің әншілік-жыршылық мектебі бойынша тәлім алдым.  Кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында 1998-2002 жыл аралығында «Халық әні» кафедрасында сабақ алдым. Ол жерде кафедра меңгерушісі, халық әртісі Қайрат Байбосынов ағамыздан және басқа ұстаздардан да қосымша сабақ алып білімімді жетілдірдім. Ал өмірдегі тікелей өзіме ұстаздық еткен Жетісу өңірінің әншілік-жыршылық өнерінің қалыптасуы мен ұрпақтан-ұрпаққа әуен-саз, жыр сарындарының жетуіне себеп болған жыр алыбы – Жамбыл атамыздың көзін көрген Әзімхан Қосбасаров, Әлімқұл Жамбылов, Сәбит Оразбаев, Хамза Екейбаев сынды жыршы-жырауларды ұстаз тұтып, студенттік күнімде оларды көп тыңдадым. Сонымен қатар, өзіміздің замандасымыз Жетісудан шыққан майталман, нағыз жыршылық өнердің бүгінгі сайыпқыраны орындаушысы – Ақан Әбдіуәлиевті замандасым болса да, өзіме ұстаз тұттым. Қазіргі орындап жүрген жыр-сарындарды, біраз әндерді көбін сол кісіден үйрендім.

– «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына шығармаларыңыз енді. Осы жинақты әзірлену барысында қиындықтарға кез болдыңыз ба? Жинаққа енгізу критерийлері қандай?

Сол кездегі «Қазақтың мың әні» жинағын құрастырған, еңбегі сіңген барша өнерпаз жандарға және ел басқарған азаматтардың қай-қайсысы болса да аға буын өкілдеріне, ризашылығымды білдіремін. Ол біздің ұлтқа және төл өнерге  деген үлкен құрмет, жанашыр. «Қазақтың мың әні» мен «Қазақ тың мың күйі» – бұл ұрпаққа мұра болып қалады. Ал, сол кездегі әндерімнің жинаққа қосылуына және ұйымдастырылуына бірден-бір себеп болған Рамазан Стамғазиев ағамыз бен замандасым Ақан Әбдіуәлиевті себепкерлігімен шығармаларым «Қазақтың мың әні» жинағына кірді. Ол кісілердің себепші болуы шығармашылық байланысымыз етене жақын болғанынан деп білемін. Олар репертуарымдағы орындалып жүрген әндерді өздері білетін болғаннан кейін маған: «Ерболат сенің орындауыңда Сәдіқожаның, Кененің, Таңжарықтың және халық әні бар, сол әндерді басқа ешкім орындап жүрген жоқ. Сондай-ақ, Алтай-Тарбағатай өңірінің «Алтай таудың жайсаңы» және Кенен атамыздың «Мен сүйемін», «Домбыра» әндерін орындап жібер, біз жинаққа кіргізейік... Әр өнерпаздың орындауындағы әндер қалып қалмасын деп кіргізіп жатырмыз» - деді.

Ал, жинаққа Жүсіпбек Елебековтың орындауындағы әндер өзінің орындауында толық енгізілді. Кенен Әзірбаевтың орындауындағы үнтаспалар Кенен атамыздың қолымызда бар түпнұсқа әндері арқылы енгізілді. Кенен атаның орындауында үнтаспаға түспей қалған әндері Төрткен апамыз бен Бақытжан ағамыздың орындауында жеткен әндер біз секілді өнерпаздардың орындаушылығымен енгізілді. Сондықтан, әнді жинақтаушыларға ризашылығымды білдіремін. Талас болған әннің бірі – Сәдіқожа Мошанұлының «Сағынсаң, қалқа өзің кел» деген әні репертуарымда бар. Сол ән екі нұсқада орындалады. Алайда, бірінші нұсқада орындалғанын жіберген кезімде: әнің «Бекзатым-ай» халық әні әуеніне ұқсап кетіпті куплеті..» деген сын айтылды. Одан кейін Рамазан ағамыздың тапсырысымен екінші нұсқасымен орындап, қайта өңдеп арнайы жібердім. Екінші нұсқам өтті. Сонымен, бүгінгі таңда Сәдіқожа Мошанұлының «Сағынсаң, қалқа өзің кел» деген әні «Қазақтың 1000 әні» жинағына кіріп, кәсіби әнші ретінде менің орындауымда елге тарады.

Ал, әннің түпнұсқасын жеткізуші өнер жанашыры, филология ғылымдарының докторы Құныпия Алпысбай Сәдіқожа Мошанұлының елдімекенінен және оның әндерін жинақтап, үнтаспаға түсіріп, айтулы әнші Жетісу өңірінен шыққан Дәнеш Рақышевқа береді. Дәнеш Рақышев орындап «Еркем-ай», «Ақау қалаулым-ай!», «Сарыбидай», «Ей, ахау» сынды әндерді халыққа таратады. Соның ішінде «Ей, ахау» мен «Сағынсаң, қалқа өзің кел» екі әні неге екені белгісіз себептермен орындалмай қалады. Бірақ ағаның орындауында жеткен. Жәнібек Кәменұлының 90-жылдары шыққан жинағында «Қазақ әндерінің ІІ томдық антологиясы» бар. Сол жерде осы Сәдіқожа әндерінің барлығы толық сөзі мен нұсқасымен берілген. Жәнібек ағамызға Құныпия ағамыз берген. Осылайша кітапқа да жинаққа да шыққан. Нақты дәлелі ретінде орындалған әндері де бар.

– Дәстүрлі әншілік өнердің өзіне тән мақамы, иірімі бар. Бұл өнер кәсіби оқу арқылы сіңе ме әлде қаннан ба?

– Бұл өнер – адамға туа біткен, Алланың жаратуымен қанға табиғи сіңу арқылы пайда болатын дүние. Географиялық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, әр өңір боп кіндік қанымыз тамып шыр етіп дүниеге келген кезіміздегі туған топырағымыз ерекше ыстық әрі жаратылыстар әрқилы. Осыған байланысты, Жетісу өңірі – Алматы облысында туып-өсеннен кейін сол жердің топырағы да жанымызға жақын әрі өңірдің ән-әуездері мен жыр сарындары өн бойымызға дарығаны ақиқат. Біріншіден, табиғи құбылыс. Екіншіден, адам баласы өзінің өнер жолына түскеннен кейін әрбір маманның жауапкершілігіне және еңбекқорлығына да байланысты.

– Өнер демекші дәстүрлі өнердің өзі бірнеше мектепке бөлінеді. Қандай мектептер бар, олардың бір-бірінен айырмашылығы қандай?

– Бұрынырықта, жалпы қазақ өнері деп айтатын. Ақындар – айтыс ақындық өнері, ауыз әдебиетінде – жыршылық жыраулық дәстүр немесе дәстүрлі ән деп атайтын. Қазір кәсібилік деңгейіне байланысты музыкалық тұрғыдан болсын, әр өңірдегі орындаушылық саланың кең қанат жаюына байланысты әр өңірдің жыршылық мектебін Ақселеу, Мырзатай ағаларымыздың еңбектерінде жазылған. Атап айтар болсақ, Сарыарқа өңірінің әншілік мектебі, еліміздің батыс өңірі әншілік мектебі. Мәселен, батыс өңірінің әншілік мектебіне Орал, Ақтөбе, Маңғыстау облысы кіреді, бірақ Маңғыстау өңірінің әншілігі мен жыршылық жырау өнері жеке бір дара мектеп. Шығыс мектебінде Семейді Алтай-Тарбағатай мектебіне қосса, одан басқа Жетісу әншілік, жыршылық мектебі, Сыр өңірінің жыршылық-жыраулық дәстүрі және кезінде Сарырқадағы Бұқар жырау бастаған жыршылық өнер бар. Байқап отырсаңыз, бүгінгі таңда 5 мектепке бөліп келе жатыр. Әрқайсысы өз алдына бір дүние!

Мектептерді қалай ажыратамыз дегенге келсек, оларды әр өңірдің орындау мақам-сазынан байқауға болады. Мысалы, Сыр өңірінде Базар жырау, Кете Жүсіп т.б ақын-жыраулардың жырлары негізінде көмеймен айту жыршылық дәстүрі бар. Ал Маңғыстау өңірінің жыршылық өнері жеке бір әлем десек те болады. Бір жерінде адуынды төкпелі болып келсе, бір жерінде сөздің философиясына сай байыппен тереңнен толқып отырады. Арқа өңіріндегі әншілік-жыршылық дәстүрде асқақтаған Ақан сері, Біржан, Шашубайдың әндері кең тынысты әндер әуезімен кеңінен танылып жатады. Арқадағы осы мақам-саз әуендер Бекболат Тілеуханұлы ағамыз кәсіби еңбегінің арқасында орындауындағы күйлерге салып, жыр сарындарымен байланыстырады. Ал Жетісуда өзі табиғатына сай әншілік өнері мен жыраулық мақам-саз әуендері де басқа мектептерге ұқсамайтын жеке дара бір мектеп. Жыршылық өнер саласы кәсіби маманы әрі тумасы ретінде менің орындауым – Жетісу мектебі өнері. Оның ішінде Қаблиса, Сүйінбай, Құрманбет, Бақтыбай сынды ұлылардан басталады да берірек әншілін өнерде Кенен Әзірбаев т.б. жалғасып жатады.

– Дәстүрлі әншілердің арасында бәсеке бар ма?

Кезінде қаншалықты бәсеке болған, болмағанын білмеймін. Аға буын орындаушыларымызда кезінде кереметтей бәсекемен емес, көзі қарақты көкірегі ояу үлкендеріміздің өнерге, ұлтқа жанашырлығының арқасында тарихты, мәдениетті, өнерді жоғалтпау мақсатында еңбек етті. Мәселен, Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгірұлы жеке дара бөліп қарамай болашақ ұрпағы үшін іздеп, жазып мол мұра қалдырып кеткен. Бертіндері әр өңірде орындаушылар шәкірт дайындап, біз секілді жас буынды орта буынға  жеткізіп, бізден кейінгі ұрпақтарға жеткізіп келеді.

Қазіргі таңда менің байқайтыным, қазақтың қоңыр домбырасының қолына алып ән салып, терме орындап, күй тартып жүрген ұлттық төл өнерді орындаушыларымыздың ішінде замандастарыма риза болатыным бірін-бірі қамшылау бар. Мысалы, бір әнді айтсаңыз «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп» айтады демекші жамандығын жасырып, жақсылығын асырып айтатын азаматтар мен азаматшалар көп. Сондықтан, бәсекеден гөрі бірін-бірі қамшылау мен қазақтың өнерін дәріптеу арқылы болашақ ұрпаққа төл өнердің кәсіби деңгейінің төмендемей жетуіне әріптестеріміз үлес қосып, еңбек етіп келеді.

– Шетелде жыршылық өнерді таныту мүмкіндігі болды ма? Сол кездегі көрерменнің қабылдауы есіңізде ме?

2014 жылы арнайы іс-сапармен Қытай Халық Республикасына жолымыз түсті. Ондатек қазақтар ғана емес, түрлі ұлттар да болды. Екі-үш күндік сапарымызда тыңдарманның біздің қазақ өнеріне деген ерекше көзқарасын байқадық. Таңқалып келіп домбыраны ұстап көруі, сахнаны айналып келіп қайта тыңдауы маған айрықша бір әсер берді. Таңқалғаным біз орындап тұрған әуен жергілікті қазақтарда да бар. Мүмкін, біз Қазақстаннан барғаннан кейін ерекшелік көрді ме, әлде сыни таңсық болды ма, біле алмадым. 2004 жылы Талдықорған филармониясы және Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясымен бірге Мәскеуге болдық. Сондағы концерттің бірінде терме, бір концертте ансамбльдің сүйемелдеуімен ән орындадым. Сол кездегі ансамбльмен орындаған әнімнен жеке орындаған термем, әнім көбірек болды. Маған сол кезде тыңдарман орыс халқы мен басқа ұлт өкілдерінің көзқарасы ерекше әсер етті.

2012 жылы Корей халқының ортасында да болдық. Таңқалғаным, оларда біріншіден, ғылыми тұрғыда. Екіншіден, өнерді сол ғылымилықпен салыстыру тұрғыда зерттеушілер мен өнерге қызығушылық танытқан жандардың концертімізде көп болуы. Өйткені, концертке барғаннан бастап сахнаның артында тұрған кезде киімімізге, домбырамызға қарап, шегін, тиегін сұрап, терме айтқызып, бірге суретке түсіп, қызығушылық танытып арнайы келгендер болды. Барлығы ғылыммен айналысқан дейін десең, көпшілігі зейнет жасындағы адамдар еді.

– Қазіргі таңда қазақ термесінің жағдайы қандай?

– Қазіргі таңда қазақ термесінің жағдайына келер болсақ, Серік Негимов және Сағатбек Медеубекұлы есімді ағаларымыз бен сөздің қадірін түсініп, тілге деген жанашырлық танынатын жандардың көп болуына байланысты жақсы деп айта аламын. Сонымен қатар, елімізде сөзге, тілге мән беру мен жыршылық жыраудың, сөз саптаудың не екенін жігін жіктеп, жазып та талдап та сала-сала етіп кітап ретінде жарияланып та жатыр. Ол жоғары оқу орындарында оқулық құралы етінде пайдаланып келеді. Cонымен бірге қазақтың терме өнері, жыры, жыраулық өнері де әр өңірде әр жерде кеңінен танылып, оқытылып та келеді. Осыған байланысты, бұған дейін өлмеген, киелі саналған бұл төл туындымыз одан ары қарай дамып, жалғасады деген ойдамыз. Мәселен, 2012 жылы құрылған Жүрсін Ерманұлы бастаған айтыскер ақындар мен жыршы-термешілердің одағы бар. Ол Алматы қаласында «Алатау» дәстүрлі өнер театрында қызмет етеді. Онда барлық айтыстың жанашырлары мен ақындар араласып, шығармашылық бағытта еңбек етіп келеді. Үстіміздегі жылдың 24-сәуірінде Алматы қаласында ҚР Жазушылар одағының орталығында айтыскер-ақындар мен жыршы-термешілердің ІІ құрылтайы өткен болатын. Көптеген мәселелер айтылып, жақсы ойлар да қозғалды. Еліміздің облыс орталықтарында үш жылдық колледждер мен төрт жылдық оқу орындарында «Дәстүрлік ән» кластары бар. Сол өнер ошақтарында біз терме мен жыр орындаушыларына арналған қосымша пәнді ақырын-ақырын енгізіп жатырмыз. Бұл, әрине, қазақ өнерінің дамуына септігін тигізеді.

– Ерболат мырза, өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Ең бірінші адами қасиеттен арылмау. Жәнібек Кәрменов айтқандай:

«..Адам боп келдім өмірге,

Адам боп өту - тілегім,

Бәріңе соны тіледім!»

Яғни, мейлі кіші болсын, үлкен болсын, мейлі замандас, мейлі қай өлкенің тумасы болсын, Алланың жаратқан пендесі болғаннан кейін кім болса да сыйластықпен өмір сүргім келеді. Ортаны кеңейтіп, адами тұрғыда азаматтық таныта кету – ұстанымым.  

– Байқауларға қатысып тұрасыз ба?

Студент кезімде, жоғарыда айтып кеткенімдей Тараз қаласында Кенен атамызға арналған екі жылда бір конкурс өтіп тұрады. Сол конкурста бірінші рет лауреат атандым. 2014 жылға дейін көптеген республикалық, облыстық байқауларға қатыстым, арнайы жүлделі орындарға ие болдым. Орта жасқа келгеннен кейін қазір жастар қатысу керек емес пе?! Енді қазылар алқасы ретінде қатысып келеміз... (Күледі)

– Өнер адамына жетістікке жету үшін қандай қасиеттер керек?

Өнер адамына жетістікке жету үшін бірінші, Алланың да адамның да алдында адами тазалық қасиеті болу керек. Екіншіден, еңбекқорлық керек. Еңбекті де әр нәрсені жік-жігімен орнымен қоя білетін ақыл-ес, ой-сана керек.

– Қандай кітаптарды оқуға ұсынар едіңіз?

Мектеп оқушыларына ертегі әлеміне байланысты кітаптарды ұсынар едім. Екіншіден, Бейімбет Майлин, Ілияс Есенберлин, Бердібек Соқпақбаев сияқты ақын-жазушылардың шығармалары мен хрестоматиялық кітаптарын ұсынамын. Көбінесе өзім Абай мен Мұқағалидің шығармаларын оқимын және балаларыма да оқытамын.   

– Балаларыңызды өнерге баулисыз ба?

– Отбасымызда Алланың берген үш перзенті бар. Тұңғышым қызым Ақбөпе 14 жаста. Марқұм анам қойған есімін. Кіші қызым Таңшолпан елордамыздағы №82 Дарынды балалар мектебінің 1-сыныбына қабылданып жатыр. Үшінші балам елордалық тума азамат – Жантөре.

Алғашқыда өнерге баулу жолында балаларыма қарсы болған едім. Үлкен қызым әнші болуды армандайтын. Әр саланың қиындығы болатыны секілді өзім осы салада болғаннан кейін қызығы мен шыжығын жақсы білемін ғой. Өнер саласында сол қиындыққа төзіп, жеңе білу керек. Соған баланың төзімі жете ме, жетпей ме деген оймен қыз бала үшін тоқтау қойғанмын. Бірақ қазіргі жасына сай қызымның өнерге деген бүгінгі сұранысы тоқтамайтын секілді. Оған еліктеп кіші қызым да әнші боламын дегенді айтып жүр. Үлкен қызым өнер мектебін бір жыл оқыды. «Болашақта әнші немесе актриса боламын» деп жүр. Енді оны уақыт көрсетер. Ұлыма, «..үйдегі домбыраларым мен әуезді әндерім саған қалады бәрі» десем, екі қызым оған қызғана қарап қояды... Балаларымда Алланың берген дарыны бар екенін байқаймын.

– Ерболат мырза, еліміздегі танымал дәстүрлі әншілердің бірісіз. Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Күз айларында шығармашылыққа қатысты еліміздің өңірлерінде, атап айтсақ, Алматы және Талдықорған қаласында туып-өскен жерімде «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблі және «Қазақконцерт» ұжымының қолдауымуымен сол өлкеде концерт өткізгім келеді. Елордамызда да іске асыратын жоспарларым бар. Оны жыр-термеге қатысты осы ұжымдағы өнер жанашырларымен кеңесіп жасаймыз деген ойым бар. «Артық сөйлеп, семіз шықсын» демекші, енді оны уақыт көрсетіп жатар...

– Әңгімеңізге рахмет. Сізге шығармашылық табыстар тілеймін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға