Жаңалықтар

Елорданың мұрасы: тарихи және мәдени ескерткіштер

Астанада қандай ескерткіштер бар?
Елорданың мұрасы: тарихи және мәдени ескерткіштер
18.04.2018 12:08 17025

Бүгін халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні.  Атаулы мерекеге байланысты асқақ Астананың ажарын толықтырып тұрған тарихи әрі мәдени ескерткіштерге қысқаша шолу жасағанды жөн көрдік. Тарихи деректерге сенсек, бас шаһарда 46 тарихи және мәдени ескерткіш бар екен. Олардың 34 сәулет және қалақұрылысы ескерткіші болса, 12 археологиялық ескерткіштер қатарына жатады.

Керей мен Жәнібек хандар ескерткіші

Керей мен Жәнібек хандарға арнап тұрғызылған сәулет композициясы 2010 жылы Тұңғыш Президент музейі жанына орналасқан. Ескерткіш үшін бұл орынның таңдалуы тегіннен тегін емес болса керек. Осы бір символикалық орында 1997 жылы желтоқсанда алғаш рет арқа төсінде бой көтерген асқақа Астананың тыныс-тіршілігі бастау алды. Ескерткіштің авторы – мүсінші Ренат Әбенов. Ескерткіштің биіктігі 12 метр.

Кенесары хан ескерткіші

Кенесары ханға арналған ескерткіш 2001 жылы орнатылды. Кенесары – Қазақ хандығының соңғы ханы. Ол ақылды саясатшы және шебер әскери қолбасшы ретінде қазақ хандығының аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді, Ресей құрамына кірмеген аймақтардың тәуелсіздігін сақтауды басты мақсат тұтты.

Әйгілі қолбасшыға арналған ескерткіштің авторлары – мүсінші Нұрлан Далбай мен сәулетші Шота Уәлиханов. Ескерткіштің биіктігі 14 метр, салмағы 10 тонна.

Үш би ескерткіші

Өз заманында соттың да, тергеушінің қызметін мінсіз атқарған қазақтың әйгілі үш биі – Қазыбек би, Төле би, Әйтеке бидің ескерткіші Жоғарғы сот ғимаратының алдында тұруы тегін болмаса керек. Өз дәуірінде билер тек бір ауыз ғана сөзбен талай шытырман, даулы мәселені әділ шешіп, төрелігін айтқан. Үш жүздің бірлігін сақтауға сақтаған шақырған әйгілі билерге арналған ескерткіш 1998 жылы бой көтерді.

Сәкен Сейфуллин ескерткіші

Қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, жазушы, ақын, прозашы, драматург, публицист, сыншы, әдебиеттанушы, композитор, педагог, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің ескерткіші 1994 жылы жазушының 100 жылдығына арнап тұрғызылды. Жоба авторы – А. Баярлин. Қоладан құйылған ескерткіште классикалық костюм киген зиялы, көркем жүзді сері жігіттің орындықта отырған келбеті бейнеленген.   

Бауыржан Момышұлы ескерткіші

Халық қаһарманы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткіші 2008 жылы бой көтерді. Қызыл граниттен құйылған баһадүрдің сұсты да сом тұлғасының биіктігі 4 метрден асады. Тұғырға қонған сәулет мүсінінің авторлары – сәулетші Бақытжан Сыздықов пен мүсінші Темірхан Қолжігіт. Туындыны Астанаға Жамбыл облысы тарту еткен.   

Рақымжан Қошқарбаев ескерткіші

Даңқты батыр, Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен қазақтың қайсар ұлы, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткіші Астанада 2016 жылы ашылды. Сәулет жұмысының авторы – белгілі мүсінші Асқар Нартов.  Ескерткіштің тұғырымен қосқандағы жалпы биіктігі 12 метр.

Абай Құнанбайұлының ескерткіші

Қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының еңселі ескерткіші 2010 жылы елордадағы Абай мен Бейбітшілік көшелерінің қиылысында бой көтерді. Монументтің биіктігі –17,750 метр болса, Абай мүсінінің биіктігі – 7,550 метр. Мүсін қоладан құйылған. Салмағы – 10 тонна. Ескерткіштің авторы – танымал мүсінші Болат Досжанов.

«Отан қорғаушылар» монументі

«Отан қорғаушылар» монументі – Қазақстандағы ең әдемі ескерткіштер қатарына жатады. Монумент салтанатты жағдайда 2001 жылы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында ашылды. Қоладан құйылған стелланың биіктігі 24 метр. Монументтің орта тұсында қолына алтын кесе ұстаған ана бейнесі бар. Жанында мәгілік алау лаулап жатыр.  Жобаның авторлары сәулетшілер А. Бексұлтанов пен Н. Конопольцев.

«Халықтар достығы» монументі

«Халықтар достығы» монументін 2003 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Қазақстанда бір шаңырақ астында жүзден аса этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Ұлттар достығы мен ынтымағын насихаттауға бағытталған монумент жұмысының авторы – Сәкен Нарынов, ал бас сәулетші Айдар Жәнібек. Айналасы әсем субұрқақпен көмкерілген монументтің дәл ортасында бір арнаға тоғысқан үш мүсіннің қол ұстасқан берік достығы бейнеленген. Монументтің биіктігі 8 метрді құрайды.

Суреттерді түсірген Арман Мухатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға