Жаңалықтар

Әр елдегі әз Наурыз

300 млн халыққа ортақ мереке
Әр елдегі әз Наурыз
18.03.2019 16:22 6205

Наурыз – астрономия ғылымында жаңа жылдың кіргенін білдіретін мереке болып саналады. Күн мен түн теңеліп, қатулы мезгілдің қабағы ашылып, жаймашуақ көктем келіп, тіршілік жаңарады. Қазақ халқы үшін Наурыз мейрамы ұлттық сана мен бірліктің айқын көрінісі. Бұл Жаңа күнді тек біздің халық емес, басқа да ұлт өкілдері кең көлемде атап өтеді. Кей деректерде Наурыз мерекесінің тойланып келе жатқанына бес мың жыл болғаны айтылады. Оның атауы да әр халық та әртүрлі: ежелгі гректер «патрих» атаса, тәжік халқы «гул гардон», «бәйшешек», хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардуган», бурят ұлты «сагаан сара», армяндар «навасарди», чуваштар «норис ояхе» деген атау берген. Сонымен қатар, Бируни мен Омар Наям секілді ғұламалардың мұра етіп қалдырған еңбектерінен бұл мереке туралы азды-кем ақпараттар кездестіруге болады. Шығу тарихына 6-7 ғасыр болған «Қобыланды батыр» жырында: «Қаз жайлауын саз деймін, Наурыздан соң жаз деймін» деген жолдарды кездестіреміз.

Наурыз сөзін парсы тілден аударсақ «жаң күн» дегенді білдіреді екен. Десе де, тарихшы Жамбыл Артықбаев үнді-иран, герман-латын тілдерінде «новый», «нью», «нео» сөздерінің барын айтады. Яғни, ол сөз Еуразия халықтары мен тілдерге жіктелмей тұрған шағында пайда болған деген пікірді ұстанады. Жалпы, қазақтар Наурызды күн мен түн теңесіп, ескі жыл есіркеп, жаңа жыл басталғанда, 21 наурыздан бастап тойлай бастаған. Наурызды парсы тілінен енген деуге де себеп жоқ емес, өйткені ол тілдес халықтар да бұл Ұлыстың ұлы күнін кең көлемде тойлайтын болған. Олар әр жерге от жағып, оған май құйып, жаңа өнген жеті дәнге қарап, келешекті болжаған екен. Наурызды жаңару мерекесі санап, ескі киімдерін тастап, көнерген ыдыстарын сындырыпты. Кей деректердер Наурыз мерекесін дүние жүзінде 30-дан аса ел мен 300 млн халық тойлайтыны айтылады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Таpиxы теpеңде жатқан Hаypыз меpекесi қазақ жеpiнде әpдайым тoйланған, десе де, бip замандаpда xалқымыз oны жoғалтып алды. Елiмiз тәyелсiздiк алғаннан кейiн төл меpекемiздi бiз қайтадан жаңғыpттық. Бұл меpеке әp yақытта xалқымызда ipгесi сөгiлмеген бipлiктiң, еңселi еpлiктiң, ыpыс пен бақ-беpекенiң меpекесi бoлып саналатын. Қыстан, қиыннан шыққан xалқымыз бip-бipiмен қаyышып, төс түйiстipiп, ағайынның аманшылығын бiлiп, өткенге салауат айтып, келер күннен бақыт тiлеп, Hаypыз көже iшетiн бoлған. Бұл күнi ұpысқан ағайын табысатын, pенжiсiп қалған жастаp қайтадан табысып, маxаббаттаpын аpттыpып, бас қoсатын, баpлық жаманшылық ұмытылатын, жақсылыққа қаpай бет бұpатын кез бoлған. Түбiнде бiздiң нағыз жаңа жылымыз oсы Hаypыз мейpамы бoлyы қажет. Қытай өзiнiң жаңа жылын ақпанның opтасында бip апта тoйлайды. Шығыстың баpлық xалқының өз жаңа жылдаpы баp. Бiз де түбiнде өз меpекемiзге келyiмiз кеpек», – деген еді.

Өзбекстан

Оңтүстіктегі көршіміз бұл мерекені тойлауды 21 наурыздан бастайды. Олардың басты асы – сумалак пен шырындық. Сумалакты пісіру үшін бидайды суға салып, бір жеті бойы өсіреді. Содан соң жаңа өсіп келе жатқан бидай дәнін қазанға салып, май мен қант қосады. Оны қайнатуға да бір күн жұмасалады екен. Ал шырындықтың құрамына жұмыртқа, бал мен қант қосады. Бұл екеуінен дәм тартқан адам келер жылды тоқшылықта өткізеді деген сенім бар.

Өзбекстан бұл күнді жалпыхалықтық деңгейде атап өтеді. Арнайы ұйымдастырылған мерекелік шараларда ұлттық киімдерін киген халық дастархан жайып, қазан толы тамақ әзірлеп, думандатып өткізеді. Қазан толған тамақ – берекелі жылдың бастауы.

Түркіменстан

Түркімен халқы бұл мерекені «Невруз» деп атайды. Мейрам жақындағаннан бастап, үйдің ішіне тазалық шараларын жүргізіп, ұлттық тағамдар әзірлеуге кіріседі. Мереке күні дастархан түрлі тағамға толы болса, жаңа жылды молшылықта өткіземіз дегенге сенеді. Олар да өздерінің «семени» аталатын асын әзірлеп, келген қонақтардың алдына қояды. Түркімен халқында ескі жылғы шаруаның бәрін міндетті түрде аяқтап, жаңа жылды жаңа жоспармен бастау керек деген қағида бар.

Әзербайжан

Бұл елде Наурыз мерекесі 21 ақпандағы Су сейсенбісін (Су Чершенбе) атап өтуден басталады.  Халық сенімінде бұл күні қатып қалған мұздар жібіп, суға жан кіргендей қозғала бастайды. Соған орай, барлық адамдар күн шыға сала өзенге барып, жуынып келеді. Осы күннен бастап, олар тәтті тағамдарын әзірлеп, үйін жинап, наурыз мерекесіне дайындық жүргізеді. 20-21 наурыз күндеріне тұспа тұс келетін Наурыз мерекесін Әзербайжан халқы да ерекше атап өтеді. Бұл күн бейбітшіліктің нышаны болғандықтан, араздасқан жандар бір-бірімен міндетті түрде татуласуы керек. Наурыз мейрамында олар шякарбура, пахлава, шоргогал, сямани секілді ұлттық тағамдарын дайындайды. Ал кешкілік әр отбасы хонча тағамын әзірлеп, қонақтар үшін дастархан жаяды. Тағы бір ерекшелік, әзербайжандар келер жылдың тәтті болуын тілеп, таңғы оразасын балмен немесе қантпен ашады.

Бұл ел тұрғындары біздің наурыз-көжеге ұқсас жеті түрлі дәмнен әзірленетін «йеди-левин» тағамын пісіреді.  Тағы бір қызығы, олар үстел үстіне айна, балауыз және боялған жұмыртқалар қояды екен. Бұл заттардың сырын ежелден келе жатқан аңыз былай түсіндіреді: бір мүйізімен жерді ұстап тұрған өгіз осы күні келесі мүйізіне жерді ауыстырып жатқанда, ол қозғалады, сол жердің қозғалысын айна үстінде тұрған жұмыртқадан анық байқауға болады-мыс.

Қырғызстан

Қырғызстандағы Наурыз мерекесінің тойлануы қазақтардан аса ерекшелене қоймайды. Оларда тек «наурыз көже» емес, мақта майынан «сүмелек» пісіріледі. Бұл «су» және «мелек» (періште) сөздерінің қосындысынан шыққан екен. Сол сияқты «ауз коже» мен «кавут» асын әзірлейді. Мерекеде дәл біздегідей жұртшылық бас қосып, тәтті тағамдар дайындап, дастархан жаяды. Көрші-қолаңды аралап, ақ тілектерін айтып, мәре-сәре болады.

Ауғанстан

Ауғанстанда Наурыз мерекесі 21-і күні, түнгі 01:00-ден басталады. Сол уақыттан күндіз түске дейін ешкім үйден сыртқа шықпауы керек. Себебі Жаңа жыл кірген сәтті сыртта өткізген адам берекеден қағылады деген сенім бар. Сонымен қатар, ауғандарда да өзбек пен қырғыздарда кездесетін сумалакққа ұқсас «саманак» атты ұлттық  тағамдары бар. Бидайдың өскінін су құйылған қазанға салып, суы сарқылғанша қайнатады. Дайын болған саманакты туған-туыстар бөліп алады. Шамасы келетіндер мал сойып, дастархан жайса, қалғандары сол үйлерді аралайды. Бұл елде көрші Ирандағыдай ақ дастарханға хафт-син тағамы мен жет түрлі жеміс-жидек, тәттілер қойылады. Әрбір отбасыда жұмыртқалар пісіріліп, түрлі-түске боялады. Жұмыртқа тоқшылық пен жамандықтан аулақ болудың нышаны екен.

Иран

Ирандықтар Наурыз мерекесіне ерекше көңіл бөледі. Олардың мәдениетінде бұл мейраммен тең дәрежеде тойланатын ұлттық мереке жоқ деуге болатындай. Себебі, Наурыз тек салт-дәстүрмен ұштасып қана қоймай, мифологиялық та байланысқа ие. Иран жерінен шыққан Омар Хаям «Наурызнама» еңбегінде бұл мейрамның шығуын Жәмшидпен байланыстырады. Наурыз мерекесін көктемнің алғашқы күні деп түсіндіреді. Ирандықтар көктемнің бірінші айын Фавардин деп атайды екен. Жаңа жыл келмей тұрып, жасамық, бидай секілді дәнді-дақылдарды өсіріп, солардың өскінімен болашақтан жақсы хабар күту ниетімен үйін айнала сәндеп, 13 күн бойы іліп қояды. Мерекенің соңғы күндері бұл өскіндерді өзенге апарып тастайды. Иранда ескі жылдың соңғы сәрсенбісі ерекше күн ретінде саналады. Ол күні от жағылып, «бәлекеттің барлығы отпен кетсін» деген наныммен, оттың үстінен секіру рәсімі жүргізіледі. Бұл ұлт өкілдері Наурыз мерекесін жаңа киіммен қарсы алуды әдетке айналдырған. Сонымен қатар, мейрамда жеті жаңғақ түрлерінен тағамдар әзірленеді. Ақ дастарханға сол дайындалған аспен Құран да қойылу дәстүрі бар. Ирандықтар дайындайтын негізгі тағам «хафт син» деп аталады. Оның құрамында: медицинаның белгісі саналатын – сарымсақ, сұлулық пен денсаулықтың нышаны болған – алма, махаббатың мәнін түсіндіретін – зәйтүн, жақсылық пен төзімділіктің белгісі – сірке суы, жетістік пен табысқа жеткізуші – нан мен жемістің бір түрі – сумах бар. Сол сияқты «Аиди» деп аталатын ерекше дәстүрге көңіл бөлінеді. Бұл дәстүр бойынша үлкендер жас балалаларға жолымызды қусын, үбірлі-шүбірлі болсын деп күміс пен алтын тиындар таратады. Наурыз мерекесі – ирандықтар үшін Жаңа жыл. Оны 13 күн бойы тойлап, туыс-туғандарды аралап, қонаққа барып, жоғары деңгейде атап өтеді.

Тәжікстан

Басқа Орта Азия мемлекеттері секілді Тәжікстан халқы да суманақ не сумалақ тағамын дайындауға кіріседі. Бұл мемлекетте Наурыз мерекесін 21-24 наурыз аралығында дүркіретіп өткізеді. Тәжіктер де көрші халықтар сияқты дастарханды әртүрлі тағамдар мен тәттілерге толтырып қояды. Ол - кірген жылды молшылықта өткізейік деген сенімнен шыққан. Сумалақты дайындаудың өзі бір жетіге созылатындықтан, мейрамға ертерек қамданады. Дайын болған кезде, іштей тілек тілеп дәм тартып, туған-туыстарға үлестіріп береді.

Қазақстан

Наурыз мерекесі біздің елімізде 21-23 наурыз күндері мемлекеттік деңгейде аталып өтіледі. Бұл – ізгіліктің, татулықтың, бірліктің мерекесі.  Күн мен түн теңелетін күн, жаңару мен жасарудың нышаны іспеттес.  Ұлыстың ұлы күні жер-жерде киіз үйлер тігіліп, ақ дастархан жайылып, жеті түрлі дәм қосылған наурыз-көже пісіріледі. Көкпар, аударыспақ секілді ұлттық ойындар да өткізіледі. Әсіресе, күн жылынып, көк шыққан оңтүстік пен батыс өңірлерде ерекше аталып өтіледі.  

Әз Наурыз мерекесінде ақ мол болып, келер жыл ырысты, берекелі болсын. Жаңару мен жасампаздықтың бастауы, бейбітшілік пен келісімнің арқау болған Ұлыстың Ұлы күні барлық отбасыға бақ-береке әкелсін!

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға