Жаңалықтар

Назерке Кемелбаева: «Cурет арқылы түркі әлемінің бір бөлшегі екенімді түсіндім»

Еліміздегі бейнелеу өнерін меңгерген жастардың арман-тілектері қандай?
 Назерке Кемелбаева: «Cурет арқылы түркі әлемінің бір бөлшегі екенімді түсіндім»
15.03.2019 15:13 7986

2019 жыл елімізде – Жастар жылы. Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру міндеті көзделген. Осы шаралар биылғы «Жастар жылында» қалай жүзеге асуда? Еліміздегі бейнелеу өнерін меңгерген жастардың арман-тілектері қандай? Осы салаға бейнелеу өнерінің шыңын бағындыруға кіріскен талантты  суретшінің көзімен қарауға тырыстық...

Қазақтың кең байтақ даласында от ауызды, орақ тілді би-шешендер, қаламы қарымды ақын-жыраулар, жезтаңдай әншілер, қол бастаған батырлар, өнерімен елді аузына қаратқан сал-серілер, суретімен көрерменді баулап алатын қылқалам шеберлері көптеп дүниеге келген. Бұл қасиеттер бойға атаның қанымен, ананың сүтімен сіңіп, адамның еңбекқорлығы, табандылығы және қажыр-қайраты арқылы дамитыны анық.

Адам бойындағы осындай тума талантты ұштап отыру – өнер иесіне үлкен сын әрі жауапкершілік. Ал шебер дүниені тудыру үшін мейлі, ақын, жазушы, не суреткер, сәулетші болсын, бәріне де шалқар шабыт керек. «Ал шабыт дегеніміз не? Бұл ғажайып құбылыстың мәнін сол күйді бастан кешетін адамнан артық ешкім түсіндіріп бере алмайды», - дейді Қазақ ұлттық өнер университеті «Cценография» мамандығының 5 курс студенті, жас талант иесі Назерке Кемелбаева.

Оның сурет өнеріне деген сүйіспеншілігі бала кезінен басталған. Жас қыздың бойындағы талант ұшқынын Астанадағы № 66 мектеп-лицейдің ұстаздары байқаған. 15 жасында елордадағы «Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубында» қосымша білім алған. Университетке түскеннен соң  драматургиялық шығармаларға теориялық талдау жасауды үйренген. «Академиялық білім мен шығармашылық талдауды қосқанда жақсы иллюстрация шығатынын түсіндім. Шабытты күтіп отырсаң күнің бос кетеді. Шабыт көңіл-күйге ғана емес, жұмыстағы ортаға да байланысты», - дейді дарынды суретші.  

Сурет сала бастағанда сан алуан түстерге, бояу қарындаштарына қарап, оларды бір-бірімен араластыру арқылы одан ләззат алатындығын естігенде ерекше таңқалдым. Тіпті, туындыларын танымал неміс фирмасының «Faber Castel» қарындаштарымен салғанда, олардың түс тонының ерекшеліктерін сезінеді екен. Ол «Ыстамбұлдағы мысықтар» тақырыбына салынған суретін негізге алып, әр туындының өз хикаясы болатындығын және бейнелейтін нысанаға көп назар аударатындығын тілге тиек етті.  Шынтуайтында, жер шарының барлық түкпірінде мысықтар бар. Бірақ бұл жерде бейнеленген жеке мысық емес. Түркиядағы жан-жануарлардың адамдармен қарым-қатынасы көзге көрініп тұрғандығы және жергілікті халықтың бұл үй жануарына деген кіршіксіз, шынайы сүйіспеншілікпен қарайтындығы бейнеленген.

Сонымен қатар, Түрік елінің өнері мен мәдениетіне байланысты салған суреттерінде Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының орны ерекше болып шықты. Ол мәдени орталық суретшіге түрік тілін үйретіп қана қоймай, оның бейнелеу өнеріндегі жаңа бағыттарды игеруіне де түрткі болған. Назерке өзге мемлекетке қатысты сурет салмас бұрын сол елдің, тарихын, тілі мен мәдениетін білу қажеттігін алға тартады. 

Назерке Тұңғыш Президент музейінде өткен қазақтың біртуар қылқалам шебері, қазір Санкт-Петербургте тұратын суретші Латиф Қазбековтың жеке сурет көрмесінен алған әсерін риясыз ризашылықпен, керемет көңіл-күймен баяндады. Оның қызықты әңгімесін естігенде еріксіз сол көрмеде жүргендей сезінесің. Ол бұл көрмеге анасы, жазушы Айгүл Кемелбаеваның айтуымен барып, керемет әсер алған. Тіпті өз бойындағы тылсым күштің құдіретін түсінгендей, тіпті атақты суретшімен ішкі үндестік тапқандай сезімге бөленген.

 «Соңғы уақытта әдеби шығармаларға иллюстрация салуды жоспарлап жүрмін. Бұл ретте Гюстав Дорэ және Латиф Қазбеков сияқты мықты суретшілердің шығармашылығы мен үшін үлкен үлгі-өнеге. Дәурен Қастеевтің Ханс Кристиан Андерсон ертегілеріне арналған сурет көрмелерін көргенде: «Расымен көркем әдебиетке салынған ғажайып иллюстрациялар деп бағалауға болады», - дейді жас суретші.   

Назерке Кемелбаева күні кеше ғана «Хан шатыры» ойын-сауық орталығында «Түркия қазақстандықтар көзімен» атты алғашқы жеке сурет көрмесін өткізді. Көрме тақырыбы Түркиядағы табиғат пен адамдардың тыныс-тіршілігіне арнаған. Жас суретші Түркияда бірде-бір рет болмаған. Алайда керемет туындалардың қағаз бетіне түсуіне оның түрік телесериалдарынан, фотосуреттерінен, тарихи және әдеби шығармаларынан алған әсері негіз болған.

Сурет көрмесінде Назеркенің графика жанрындағы 40-қа жуық туындысы көрермен назарына ұсынылды. Атап айтар болсақ, Ыстамбұлдағы әйгілі Айя-София мұражайы мен «Қыз мұнарасы», Конья қаласындағы  Мәулана кесенесі, Невшехирдегі «Каппадокия», Айдындағы  ежелгі қала – Афродисия, Адыямандағы Немрут тауы және ескерткіштері, Измирдегі  Cағат мұнарасы, Румели Хисар бекінісі, Трабзондағы Узунгөл, Урфадағы  Балыклы гөл және т.б ғажайыптар.

«Түркия тақырыбында суреттер топтамамда осы елдің Батыс пен Шығыстың мәдениетін шебер үйлестіретін сәулет өнерін, Ислам руханиятынан бастау алатын философиялық құндылықтарын, бір қарағанда сырт көзге оңайшылықпен көріне бермейтін жанды детальдарын көрсетуге тырыстым. Мұндай тарихы бай ел тұрғындарының, туысқан түрік ағайындардың өмірге деген құлшынысын, мың құбылып жатқан әлемді терең қабылдай алатынын жеткізу – менің ең негізгі мақсатым болды. Осы ел туралы сурет салу арқылы өзімнің мыңдаған ғасырлық өркениеті бар Түркі әлемінің бір бөлшегі екенімді түсіндім», -дейді Назерке.

Қазіргі таңда компьютерлік бағдарламалар күн сайын дамып жатқан кезеңде бейнелеу өнерінің болашағы жарқын. Елімізде бұл мамандықты терең танудың мүмкіндіктері өте көп. Бойында суреткерлік таланты бар жандар нағыз шығармашылықтың құндылығы ешқашан жойылмайтынын жақсы біледі. Өйткені адам жаны эстетиканы, сұлулықты, көркемділікті сүйеді. Уақыт өткен сайын, керісінше, шынайы көркем өнердің құндылығы арта түседі. Қылқалам шеберлері заман талабына сай үнемі ізденісте болуы керек. Әңгіме барысында әлемдік және отандық бейнелеу өнеріндегі заманауи бағыттарды терең білуге ұмтылатын суретшінің бергенінен берері көп деген түйінге келдім.

Назеркенің бойындағы сурет салуға құштарлық оның қазақ ертегілеріне деген қызығушылығынан бастау алған. «Балаларға арналған тамаша кітаптар қиял-ғажайыптарға жетелейді. Ертегі әлеміне енген суретші үшін оны қағазға түсіруден асқан бақыт жоқ. Тек бір сөйлемді оқи бастағанда ойыңа неше түрлі образдар келеді. Академиялық тұрғыда қате жібергің келмесе, сурет кітаптарын алып, қолды жаттықтыруға болады. Бәрі адамның ынтасынан басталады», - дейді жас суретші.

Қазақстанда бұл саланың жандануы үшін мемлекет тарапынан жас суретшілерге деген қолдаудың артық болмайтынын жеткізген Назерке өмірге деген оптимистік көзқарасымен баурап алды. Ол өз бойындағы қабілетті бағалап, жетілуге ең алдымен анасының көмегі зор болғанын айтады. Себебі анасы көркем әдебиеттің қадірін сезіндіріп, кітап оқу мәдениетін қалыптастырған. Ал теориялық білім мен кәсіби көзқарасының қалыптастыруға зор үлес қосқаны үшін мектептегі және университеттегі ұстаздарына, Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы басшылығына, жеке көрмесін ұйымдастыруға атсалысқаны үшін Түркия елшілігіне, орталықтағы ұстаздарға шексіз алғысын жеткізді.

Өнерің үстем болсын!

 

Фото: Арман Мухатов

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға