Жаңалықтар

8 ақпан кинопремьералары

Аптаның үздік премьералары
8 ақпан кинопремьералары
08.02.2018 13:09 3827

«Елу рең» сериясымен шыққан эротикалық мелодраманың үшінші фильмі, Вуди Алленнің жаңа жұмысы, Италиядан келген драма, Уиджи тақтайы туралы испан хорроры, әйелдер мен еркектер текетіресі туралы 2015 жылғы комедияның жалғасы және қытайлық анимациялық фильм.

«Пятьдесят оттенков свободы»Fifty Shades Freed») – Джеймс Фоулидің БДСМ элементтері бар романтикалық драмасы. Фильм Э.Л. Джеймстің аттас романына негізделген және осыған дейін жарық көрген «Пятьдесят оттенков серого», «На пятьдесят оттенков темнее» картиналарының жалғасы.

Үшінші бөлімде басты кейіпкерлер Кристиан мен Анастейша үйленіп, бақытты өмір бастайды. Алайда мистер Грейге әлдекім қауіп төндіреді. Анастейша күйеуінің жаңа қарсыласы өзінің бұрынғы басшысы екенін және ол өш алуды көздегенін біледі.

«Колесо чудес» («Wonder Wheel») – әйгілі кинематографшы Вуди Аллен түсірген драма. Танымал ойын-сауық паркінің қым-қуыт тірлігінің арасында тоғысқан төрт тағдыр туралы баяндайтын, құштарлық, қатыгездік пен сатқындық туралы оқиға. Сюжет Нью-Йорктағы Кони Айлендте өрбиді.

Басты рөлдерде - Кейт Уинслет, Джастин Тимберлейк, Джуно Темпл, Джеймс Белуши. Уинслет осы фильмдегі рөлі үшін Hollywood Film Awards жүлдесін алды.

«Место встречи» («The Place») – режиссер және сценариші Пaoлo Джeнoвeзe түсірген итальяндық комедия драма.

Фильмде кез келген арман мен тілекті орындап бере алатын адам туралы айтылады. Оған неше түрлі адамдар келіп, не қалайтынын жеткізеді: олар сұлу болғысы келеді, сырқаттан емделгісі келеді, баласын құтқаруды немесе күйеуін қайтаруды сұрайды, байлыққа кенелуді қалайды. Әлгі адам олардың тілегін орындауға дайын, алайды оның да өз құны бар. Белгілі бір арманды іске асыру үшін айтылған тапсырманы орындау қажет. Арманның орындалуы қиын болған сайын оның бәсі де жоғары болмақ.

«Уиджи: Проклятие Вероники» («Verónica») – испан үрейлі драмасы. Сюжеті өткен ғасырдың соңында Мадридте болған шын оқиғаға құрылған. Сол кезде бірнеше адам паранормал құбылыстың куәгері болған еді, тіпті бұл оқиға туралы полиция хаттамасына ресми тіркелген.

Сюжет бойынша 1991 жылы жоғары сыныпта оқитын Вероника достарымен бірге Уиджи тақтайының көмегімен спиритикалық сеанс өткізіп көрмек болады. Қыз жақында әкесінен айырылған болатын. Ол осы шайтан тақтайдың көмегімен әкесінің аруағымен сөйлесіп көрмек болады. Алайда бұл әрекет жат әлемнен зұлым аруақтың келуіне себепші болады. Енді Вероника мен оның жақындарының соңына зұлым күш түседі.

«Женщины против мужчин: Крымские каникулы» - 2015 жылғы комедияның жалғасы.

Фильмде үш отбасылық жұптың текетіресі көрсетіледі. Олар Қырымға барып, ажырасқандарын атап өтпек болады. Әйелдердің құрығынан құтылған үш жігіт жақсылап тұрып көңіл көтермек болады. Алайда олардың әйелдері де сол қонақүйге орналасқан болып шығады. Бұрыннан жиналып қалған бір-біріне деген реніштері жынысаралық қақтығысқа алып келеді.

Қытай елінен анимациялық картина. «Трон эльфов» («Throne of Elves») – 2014 жылы шыққан «Гнездо дракона» («Dragon Nest: Warriors' Dawn») мультфильмінің жалғасы.

Сюжет бойынша Ламберт есімді жас жауынгер эльфтер елінің ханшайымының ұзатылу тойына шақырту алады. Ол сұлу эльф Лияны тағы да көру мүмкіндігіне ие болған үшін қатты қуанады. Алайда ол елге қауіп төніп тұр: Қара эльфтер әміршісі Елена тойдың шырқын бұзып, Қара айдаһардың кристалына қол жеткізбекші.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға