Жаңалықтар

Қылқобыздың үнінде құдірет бар...

Қобызшы Ақерке Тәжібаеваның өнер жолындағы қағидасы
Қылқобыздың үнінде құдірет бар...
13.02.2020 17:39 7645

Қорқыттың қарағайдан қайырып, үйеңкіден үйіріп алған қобызының сарыны құдіретке толы. Оның үні мен сазында беймәлім бір тылсым күш пен қасиет бар. Мәдениетіміздің алтын діңгегіне айналған ұлттық құндылығымызды көпке дәріптеп жүрген белгілі қылқобызшы, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солисті Ақерке Тәжібаева шығармашылығындағы жаңалықтарымен бөліскен еді.

Мамандардың айтуынша, ысқышты аспаптардың ең көнесі – қылқобыз. Халқымыз ежелгі дәуірде осы құндылығымызды бағалай білген. Бұл аспапты Орта Азиядағы танымал ғалымдар Григорий Потанин, Әбүбәкер Диваев және Василий Радлов зерттеген. Одан бері келе Әлкей Марғұлан, Ақселеу Сейдімбек, Шоқан Уәлихановтар бақсының рөлін көп атап, сипаттамасын жақсы берген. Бүгінде арнайы әдістемелік оқу құралдары жарық көріп, қобыз туралы мағлұмат кеңінен насихатталып жүр.

9d08416b-c8f0-492e-8d31-f6007b064bce.jpg

(Суретте – Ақерке Тәжібаева, түсірген – Шыңғыс Қаппаров)

Қазіргі таңда қобызды киелі сахнаға шығарып жүрген өнерпаздарымыз баршылық. Солардың бірі – белгілі қылқобызшы Ақерке Тәжібаева. Музыкант 25 жыл қылқобызда ойнап, ұлттық құндылығымызды дәріптеп келеді.

– Көп аспаптардың ішінде қылқобызды таңдауымның басты себебі, оның қоңыр үні мен менің болмысымның ұқсастығы. Тек ол ғана емес, тұла бойымдағы қазақы мінезді қосқанда, бір-бірімізбен біте қайнасып жатқандаймыз. Өзімді аспабыма теңеймін. Оның қою дыбысы, қыл ішектен төгілген мұңды үні, тұлғасы менің жүрегімді жаулап, өзіне баурап әкетеді.

Тіпті қылқобызды Кеңестік кезеңде бақсылардың аспабы ретінде мүлдем орындаушылықтан алып тастаған болатын. Көненің көзін Ақерке таңдағанда оның туыстары қарсылық білдіріпті. Бірі «ескінің дүниесі, бақсылардың аспабы» десе, бірі «мұнымен ұзаққа бармайсың, қобыз емес, классикалық скрипка немесе фортепианоны таңдауың қажет» деп кеңес берген.

– Мен осы уақытқа дейін өкінген емеспін. Жаныма жақын аспаптың арқасында талай жерді аралап, өнеріммен қазақтың мәдениетін насихаттап келемін.

Тарихы терең, киелі Түркістан топырағында дүниеге келген Ақеркенің өнерге келуіне нағашылары мен бала күнінен қазақтың халық әндерін аузынан тастамайтын әжесі себеп болған.

Алматы қаласындағы А.Жұбанов атындағы республикалық дарынды балаларға арналған арнайы мамандандырылған музыка мектеп-интернатында қылқобызды ең алғаш әліппені қолға ұстатқандай ұсынып, орындаушылық өнердің фундаментін қалаған ұстазы бар. Ол бүгінде К.Байсейітова атындағы республикалық дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыка мектебінде сабақ беретін доцент Әбдіманап Жұмабекұлы. Одан әрі кәсіби маман ретінде жетілуіне, түрлі байқауға қатысып, биік белестен көрінуіне академиялық тұрғыда білім берген Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қобыз кафедрасының меңгерушісі, профессор ұстазы Базархан Қосбасаров себеп болған.

– Базархан Қосбасаров – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қылқобызшы, профессор. Қазақ КСР-нің өнеріне еңбек сіңірген әртістері Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев және қазақ өнерін зерттеуші Болат Сарыбаевтардан тәлім алған ұстазымнан мен әлі күнге дейін хабарласып, сұрайтын дүниелерді сұрап, ақылдасып тұрамын.

Музыка мектебіндегі 12 сыныптық білімі, консерваториядағы күндері, магистратура, төрт жыл мамандандырылған ұстаздық жолы қобызды жанына серік еткен аруды шыңдай түсті. Уақыт өте келе өзі де ұстаз атанып, шәкірт тәрбиеледі.

a44f9201-e6b7-4e5f-a76a-09e526eb83e3.jpg

(Суретте  Ақерке тілшімен, түсірген  Шыңғыс Қаппаров)

– Консерваторияда дәріс берген жылдары бірнеше шәкірт тәрбиеледім. Ақмарал Наурызова, Гүлім Өмірғали, Мөлдір Тұрсынбаевалар қобыздан дәріс алып, өнерімді жалғап келеді. Менің шет елдік те шәкіртім бар. Ол – америкалық Мэган Ренчер. Осыдан 10 жыл бұрын арнайы келіп, қылқобызда күй тартуды үйреніп, жергілікті телеарналарға сұхбат беріп, алғысын айтқан болатын. Ол тек қылқобызды ғана емес, қазақ тілін меңгеріп, бүгінгі таңда АҚШ-тың жоғарғы оқу орындарының бірінде дәріс беріп, қылқобызды кеңінен насихаттап жүр.

Бүгінде Ақеркені қобызсыз, ал қобызды Ақеркесіз елестете алмаймыз. Өнердегі жеткен жетістіктері сөз жоқ, ең алдымен ата-анасының арқасы. Бірі – дәрігер, бірі – ұстаз бола тұра, баласы үшін олар туған қаласынан оңтүстік астанамыз Алматыға қоныс аударады. Анасы мен әкесі қызметін тастап, балаларының жетістікке жету жолында еңбек етіп, шыңдалуына үлес қосқан.

– Кейде мені «бір үйдің жалғыз қызы екен» деп жатады. Бірақ, олай емес. Отбасымызда өзімнен үлкен екі әпкем мен ағам бар. Мен үйдің кенжесімін. Қарапайым отбасында тәрбиеленген жанмын.

Ақерке Тәжібаева «Мәңгілік қобыз сарыны», «Төгіліп сарын қобыздан...», «Аралап қобыз үні кең әлемді...» атты бірнеше жеке шығармашылық концертін өткізген. 2008 жылы «Көктем» атты аспапты үнтаспасы жарық көрді. Ол халықаралық «Dede Korkut» фестивалі мен Түркия, Литва мемлекеттерінде өткен конкурстардың лауреаты атанған.

13457997-fc19-4e1b-8bd9-1be5f2bfe396.jpg

Түркі әлеміндегі халықтар қобызды көнеден келе жатқан Қорқыт бабамыздың аспабы деп санаса, шет елдік еуропалық халықтар экзотикалық аспап ретінде қарап, ысқышты аспаптың ата тегі деп ойлайды.

– Мен өзімді ұлттық дәстүріміз бен мәдениетімізді шет елдерге насихаттаушы орындаушы ретінде есептеймін. Жылына бірнеше рет шет мемлекеттерге шығып, қылқобызды орындау барысында көптеген мәдени іс-шараларға белсене қатысамын. Тыңдарман мен көрермен болғаннан кейін бұл өнерге деген сұраныс бар деп есептеймін.

Алғашында шамандардың құралы ретінде пайда болған қылқобыздың ерекше қасиеті бар. Оған дәлел көп. Бірнеше жылдан бері Павлодар қаласында Д.Мукушева «Қобыз» деп аталатын ақпараттық психологиялық көмек көрсету орталығын ашқан. Ол орталықта жүйке ауруларына шалдыққан адамдарды қобыздың сазымен емдейді.

– Қылқобыздың қасиетіне сенемін. Оған дәлел аспапты соншалықты меңгергенім бе, күйді ойнап отырып, кей кездері тұла бойым балбырап, терең ұйқыға кетіп, қайта оянғанымда әуенімді аяқтап жататын кездерім бе, білмеймін. Одан бөлек, Литваға пойызбен жолға шыққан жылы қасыма бір жолаушы орналасты. Жігіттің жүйке ауруы бар екен. Менің музыкант екенімді көріп, қолымдағы қобызыма қарап «қобыздың үнін естігім келеді» деп, өтініш білдірді. Көне күйді тарта бастағанымда әлгі адам қалтырап, дірілдеп, көзінен жас ақты. Одан соң басқа бір әлемге кіріп кеткендей селкілдей бастады. Күй аяқталғанда терең демалып, жеңіл күйге түскенін көрдім.

Ақерке Тәжібаева тұрмыс құрғаннан кейін елордамызға қоныс аударады. Бүгінде аяулы жар, асыл ана жолдасы екеуі кішкентай Айкөркем атты балапанды тәрбиелеп отыр. Қобызшының өнерін бағалап, қолдау көрсетіп жүрген жолдасының мамандығы заңгер.

61678cc8-f165-4fc1-a33e-1df844a18f1c (2).jpg

Бүгінде музыкант «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында төрт жылдан бері солист, жеке орындаушы болып қызмет атқарады. Концерттік ұйыммен еліміздегі қала және республика көлемінде болып жатқан мәдени іс-шараларға атсалысып, ұлттық өнерімізді насихаттап келеді.

– Жақында Абай атамыздың 175 жылдығына орай еліміздің шығыс өңіріне гострольдік сапармен «Қазақконцерт» концерттік ұйымының әртістері «Халық қазынасы» бөлімінің жеке орындаушыларымен бірге іссапарға шыққалы отырмыз. Осы жылға жоспар көп. Жыл басында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған концерттік кеш өткіздік, – деді өнер иесі.

Ақеркенің концерттері әр түрлі жанрда өткен. Әр жеке шығармашылық кеші өзінше ерекше. Концерттерінің бірінде қырғыздың қылқобызға ұқсас қыл-қияғын, әзірбайжан халқының кабак кеманчасын, түрік ағайындардың қара деніз кеманчасын, моңғолдың хучирын ойнайтын орындаушыларды арнайы шақыртып, олармен бірігіп халық музыкасын орындап, халықты ерекше шығармашылық кешімен қуантқан болатын.

Кейіпкеріміз тек музыкант, қылқобызшы ғана емес, саз сырнай мен фортепианода ойнайды. Он тілде ән айтады. Түрік тілін жетік меңгергені мен кеш жүргізушілік қасиеті тағы бар.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын «Balapan» телеарнасында «Ән салайық!» бағдарламасын жүргізген болатынмын. Ұйымдастырушылық қасиетім де бар. Ол шет елдерде еліміздің тәуелсіздік күніне байланысты іс-шараларды жиі ұйымдастыратыным. Дарынды жастарға көп көңіл бөліп, өнерпаз жастарға қолымнан келгенше қолдау көрсететінімді жасырмаймын.

Жақын күндері тыңдарман назарына ұсынылған Ақерке Тәжібаеваның репертуарындағы жаңа «Менің әлемім» атты бейнебаяны көрермен көңілінен шықты. Заман ағымына сай түсірілген бейнебаян қылқобызшының жан дүниесін, ерекше әлемін сипаттайтындай.

– Бейнебаянды қарап отырсаңыз, қылқобыздан шығып, төгілген үннің әсерінен, қыл ішектен қызыл және көк сәуле жолдары пайда болады. Көк сәуледен өзге әлемнен ер жігіт, қызыл сәуледен бойжеткен пайда болады. Уақыт өте келе, олардың әсем қозғалыстары кеңістіктегі өзара әрекеттесетін неондық сызық сәулелерін сала бастайды. Олар шығыс қаласын кезіп, бір-бірін табады.

Финалда – үндестірілген биде олардың екі түрлі сәуле сызықтары бір-біріне қосылып, мүлдем жаңа түске ие болады. Сәуле жолдары тегіс болып, жігіт пен қыздың айналасында дөңгелек портал қалыптастырады. Олар бір-біріне тиген бойда, шеңбер тарылып, ғайып болып жоғалып кетеді. Болған ғажайып құбылыстар қобыздан төгілген саздан бастау алып, оның әлемімде көрініс табады. Футуристік шығыс көңіл-күйі мен заманауи музыка стилінде түсірілген туынды кейіпкердің жеке өзіндік әлемінің көрінісін айқындайды.

(Суреттер А.Тәжібаеваның жеке мұрағатынан)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға