Жаңалықтар

Үйіңізге көшпенді рухтың сарынын сыйлағыңыз келе ме?

Этно-стильдегі дизайн
Үйіңізге көшпенді рухтың сарынын сыйлағыңыз келе ме?
13.03.2017 14:32 11481

Ара-тұра ғаламтор беттерінде  қазақы нақышпен безендірілген бөлмелерді көріп қалатынымыз бар. Ал, оларды кімдер безендіріп, қандай шеберлердің қолынан өткендігі туралы ойланып көрдіңіз бе?

Алматы қаласында мемлекеттің қолдауымен ашылған «АrtEL» дизайн-шеберханасы бар. Мұндағы жастар сіздің үйіңізге көшпенді рухтың сарынын сыйлай алады. Түркілік таным мен киіз үй философиясын бүгінгі бөлмелерге кіріктіріп, этно-стильде дизайн жасап шығу- оңай шаруа емес. Себебі қазіргі тұтынушы талабы 3D  моделді дизайнға бағытталған. Ал мұндай форматтың барлығын нақышкерлер өздері жасап шығады. Олардың шеберханасында оюланған  жиһаздар, акссесуарлар, ішкі көріністі көркемдейтін бұйымдар жасалады.

Бұл кәсіптің негізін Елзат Мұқашев пен Эльмира Қондыбаева студент кездерінде-ақ ешқандай қаражатсыз бастаған екен. Қазір 6- 7 дизайнер мен сәулетшілерді жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Елзат Мұқашев:  «Көрікті дизайн жасап шығару үшін сырттан қосымша қаражат іздеп, қолдау күтіп отырудың қажеті жоқ. Ұлттық нақыштағы безендірулерге сұраныс бар. Сондықтан тың идеяларды жүзеге асырып, талпыну ғана керек», дейді.

Ал, Эльмира Қондыбаева болса: «Этно-стильдегі дизайнды көбісі қымбатқа түседі деп ойлайды. Негізінде олай емес. Біз тапсырыс берушінің қаржы көлемін ескереміз. Ақылдасып, тапсырыс берушінің ақшасына лайықталған тамаша дүниелерді жүзеге асыра аламыз», дейді.

Олардың жоспарында ұлттық жиһаздар жасап, соны өз дүкендерінде сатылымға қою да бар екен. Бұл енді уақыттың еншісінде қалатын мақсат десек те болғандай.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға