Жаңалықтар

Табысты жас қазақстандықтар

30 жасқа дейінгі табысты азаматтарымыз
Табысты жас қазақстандықтар
29.01.2018 14:59 10933

Табысқа жету – жас талғамайды. Ол үшін білім мен біліктілік ұштасып жатса жеткілікті. Бүгін 30 жасқа толмаған ең табысты қазақстандықтардың тізімін ұсынамыз. Олар өз замандастарынан көш ілгері озып, еліміздің дамуына ерекше үлес қосып жүр.

Ахат Ибраев

Режиссер, сценарист, продюссер, ҚР Кинематография одағының төрағасы, 30 жас

University of Wisconsin – Fox Valley мен Columbia College Chicago оқу орындарын тәмамдаған. Алматыға оралған соң, «Хабар» телеарнасында жұмыс атқарып, жарнамалар мен әлеуметтік, спорттық роликтерді түсірген. Фархат Шәріповтың «Қызғылт қоян туралы ертегі» картинасында екінші режиссер болған Ахат «Санжар мен Қайсар», «Тайталас», «Аңыздар кітабы: Жұмбақ орман» секілді туындыларға режиссерлік етті. Актриса Аружан Жазылбековамен шаңырақ көтерген.

Арман Сүлейменов

ZeroToOneLabs.com мен N17R.com мектебінің бас директоры әрі негізін салушы, 30 жас

Оны қазақстандық Стив Джобс деп те атап жатады. Көпке танымал Princeton University-дің «компьютер ғылымы» мамандығы бойынша аяқтаған Арман Сүлейменов бағдарламалық өнімдерді жасауды өте жақсы меңгерген. Ол негізін құрған ZeroToOneLabs.com мен N17R.com жазғы мектебінің студиясында жүзден аса мобильді қосымшалар іске қосылды (оның ішінде көпке танымал Kelin қосымшасы да бар), сондай-ақ шамамен 200-дей инженерлер мен дизайнерлер дәріс алды. Арман 2015 пен 2016 жылдары өзінің мобильді өнімін 12 аптада дайындауды үйрететін nFactorial Incubator жазғы мектебін өткізді. Бұл мектеп тек елімізде емес АҚШ жерінде де ұйымдастырылып келеді.

Диас Атамқұлов

(@hommes.kz)

Orchard Residences директоры, 25 жас

Диас Атамқұлов – құрылыспен айналысатын Kumpulan Kazakhstan компаниясының директоры. Сондай-ақ, жаңа инновациялық жоба OrchardResidences-тың басшылық қызметінде. Диас Алматы қаласындағы әлеуметтік нысандардың құрылысымен де айналысады. Қазақстандағы жаңартылмалы энергия көздерін дамытуға өз үлесін қосып келеді. Ол Ұлыбританиядағы Coventry University мен Сингапурдегі Auston Institute of Management оқу орындарын бітірген. Алиа Дженейдамен шаңырақ көтеріп, бір қыз тәрбиелеп отыр.

Әлімжан Қалдияров

Omega International Holding бас директоры, «Ордабасы Инвест» негізін салушы, 27 жас

Өзінің еңбекқорлығымен дараланған Әлімжанның өмірлік ұстанымы: «Басқалар ұйықтап жатқанда, оқы! Басқалар дем алып жатқан жұмыс істей бер! Басқалар ойланып жатқанда сен іске кіріс!». Ол өзінің белсенділігімен басқаны еліктіріп, энергиялылығымен айналасындағыларды шабыттандыра түседі. Ол жұмысының жемісті болуы үшін тынбай еңбек етіп, сондай-ақ, спортпен шұғылдануды да бір сәтке ұмытқан емес. Осылайша, Әлімжан әрбір секундын тиімді пайдалануға жұмсайды.

Жас кәсіпкер білімін жетілдіріп отыруды да ұмыт қалдырмаған. Ол Қазақ ұлттық университетінің экономика ғылымының PhD докторлығын сәтті қорғап шықты. Сол сияқты «Шұғыла» қоғамдық қорының белсенді қатысушысы, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде «Бизнес» пәні бойынша дәріс оқиды.

Ілияс Бабаев

Жеке кәсіпкер, 26 жас

Ілияс Бабаев Willemen Groep NV бельгиялық компаниямен бірлесіп, Шымкент қаласындағы онкологиялық құрылыстың жобасын басқарады. Инвестицияның көлемі 250 млн еуроны құрайды. Ол Гонконгтағы The Chinese University мен Ұлыбританиядағы Oxford Brookes University оқу орындарын тәмамдаған.

Дархан Көшербаев

«Қызылордаэнерго» ЕЖШС-ның вице-президенті, «Қазылорда жарығы» ЖШС коммерциялық директоры, 30 жас

Жоғарыда айтылған қызметтерде Дархан Көшербаев 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол Алматы энергия институтын аяқтап, Халық шаруашылық Ресей академиясы мен РФ Президенті кезіндегі мемлекеттік қызметті бітірген. Оған қоса, Германиядағы экономика және басқару академиясында дәріс алған. Сол елде жүріп Volkswagen, FestAG автозауыттарынан іс-тәжірибеден өтіп, 2016 жылы Оксфордта өткен Еуропалық бизнес ассамблеясына қатысты. Дархан бүгінде үш баланың әкесі атанып отыр.

Асқар Сейітов

Etnomura компаниясының бас архитекоры және иесі, 30 жас

Креативті архитектор Асқар өз елінің дамуы үшін аянбай тер төгіп келеді. Мемлеттік құрылымдардағы түрлі нысандардың эксклюзивті интерьер мен экстерьер дизайнын жасаудан бөлек Etnomura компаниясы есіктер мен жиһаздар өндіреді. Англиялық технологиямен жасалатын фибробетон GFRC секілді материалды өңдеуге күш салады.

Шыңғыс Аханов

KingInvestments малайзиялық инвестициялық компанияның атқарушы директоры, 29 жас

2008 жыл ҚазҰУ-дың 3 курсында оқып жүріп, ол өзінің интернет орталығын ашты. Университетті тәмамдаған соң, бір жылдай халықаралық Ernst&Young компаниясында заңгер болып қызмет атқарды. Одан кейін Шыңғыс халықаралық қызмет көрсету Hydroserv Central Asia компаниясының Ақтаудағы филиалында директор қызметіне тағайындалды. 2013 жылдан бастап, малайзиялық King Investments инвестиция компаниясының директоры болып жұмыс атқарып келеді. Бұл ұйым Малайзиядағы Kingwood Hotels атты қонақ үй бизнесімен тікелей байланысты. Қазіргі уақытта Шыңғыстың компаниясы Қапшағайда казино-қонақ үй мен Шымкенттегі көпқұрылымды кешен салумен айналысып жатыр.

Марат Әбиев

Жеке кәсіпкер (байлығы 18 млн долларға бағаланады) 28 жас

Марат көп жастарға үлгі боларлықтай тұлға. Ол жас кезінен-ақ, ешқандай «тіреушісіз» жетістікке жетудің жаңа қырларын танытты. Жеке кәсіпкерліктегі өз стратегиясын «Қазақстандық арман» кітабына жазып, қалай миллионер болудың жолдарын көрсетті.

2014 жылғы есеп бойынша Әбиевтің байлығы 18 миллион доллларға бағаланып отыр. Оның капиталы күнге-күнге өсе береді, себебі, оның басты жұмыс бағыты трейдингті жүйе, ол жаңа нарықты тез әрі тиімді жаулап алуға көмектеседі. 15 жасында Марат өзінің компьютерлер жөндейтін компаниясын тіркегісі келген екен.

Игорь Цай

Голливудтық каскадерлар мектебі «Кун-до»-ның иесі («Особо опасен», «Дневной дозор» фильмдерімен жұмыс жасаған),  30 жас

Игорь Цайдың бірнеше қыры бар. Ол – режиссер, сценарист, актер, трюктер қойшы, каскадер. Өзінің 17 жасында «Дневной дозор» фильміндегі Темірланның дублері ретінде қоян-қолтық ұрыстың қоюшысы болды. Тимур Бекмамбетовтың «Несие тарихы» теле шоуында жеңіске жеткен соң, өзінің сахналық ұрыс мектебі «Кун-доны» ашты. Осыдан кейін атақты режиссерлар мен продюссерлерге өз жұмысын ұсынып, бірнеше фильмдерге қатысты («Особо опасен», «Президент Линкольн: Охотник на вампиров» және «Он – дракон»). Игорь американдық гильдия актерлердің SAG-AFTRA одағына мүше. Жас кинематографисттің алғашқы жұмысы отандық картинка «Цугцвангпен» байланысты. Ол таэквандо мен хапкидодан қара белбеудің иегері. Таэквандодан 2006 жылы өткен Азия біріншілігінің күміс жүлдегері.

Аяла Қонақбаева

Кәсіпқой бокс мектебінің негізін қалаушы, 26 жас

Аяла бар болғаны 24 жасында өзінің бірінші бокс клубын ашты, бір жыл өткен соң, екіншісін ашуға бел буды. Өз ойын іске асыруына оның әкесі Олимпиада ойындарының чемпионы, әлем чемпионы Серік Қонақбаев әсер еткен. Мамандығы қаржыгер Аяла кәсіпқой спортшы болмаса да, ерлерге тән кәсіптің іргесін берік қалады. Іскер қыз өзінің артық салмағымен күресемін деп, осындай кәсіпқой мектептің негізін қалаушысына айналғанын жасырмайды. Жігері жасымаған, рухы мақты Аяла төрт ай ішінде 20 келі арықтапты.

Дастан Сейітов

Кинорежиссер, 25 жас

Дастан енді ғана өз жолын бастап келе жатқан жас кинематографист. Ол ешқандай тәжірибесіз және «тіреушісіз-ақ», өз идеясын іске асырып, толықметражды фильм түсіріп, көпшілікке ұсынды. Дастан бюджеттің аздығынан да қорықпайды, ол көрермендердің жүрегіне жол табу үшін миллиондарды жұмсаудың қажеті жоқ деп есептейді.

Дереккөз: brod.kz, pandaland.kz, hommes.kz, meloman.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға