Астанадағы полипропиленді қапшық өндіретін тұңғыш цех

Отандық өнім

«Жұлдыз ШМ» ЖШС – елордада полипропиленді қапшық шығаруды жолға қойған жалғыз цех. Кәсіпорын 2 жыл бұрын өнеркәсіп саласымен айналысатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіру Бағдарламасына қатысу арқылы ашылды.  

Аталған бағдарлама бойынша арзан несие мен өз қаражатын пайдалана отырып, кәсіпорын қажетті өндірістік құрал-жабдықтар мен шикізат сатып алды. Несие қаражаты есебінен құрал-жабдықтар алынды (өндірістік процесте қолданылатын полипропиленді қапшық шығару желісі және басқа құрал-жабдықтар), қаражаттың мақсатты жұмсалуы құжат жүзінде және визуалды расталды. Қазіргі таңда 30-дан аса жұмыс орындары ашылды, цех толық жұмыс күшіне енді.

Асқар АБДРАХМАНОВ, «Жұлдыз ШМ» ЖШС техникалық директоры:

Фабриканың іске қосылғанына 2 жылдай болды.  Азық-түлік, құрылыс, химиялық өнімдер салуға арналған қапшықтар өндіруді қолға алдық. Бүгінгі таңда тапсырыс берушілер қатары артып келеді. Ұн өндіретін кәсіпорындар мен құрылыс компаниялары, химиялық өнеркәсіптер тапсырыс беруде. Айына бір миллионнан астам өнім шығарамыз. 33 адам жұмыс істеуді. Кезекті ауысыммен істейді. 10 маманды Тайванда оқытып, дәл осындай технологиямен жұмыс істейтін фабрикада тәжірибеден өткіздік.

Цех мамандарының айтуынша Қазақстан бойынша дәл осындай 15 ірілі-ұсақты цехтар бар екен. Ал, аталмыш кәсіпорын Астанадағы қап өндіретін алғашқы өнеркәсіп орыны. Шикізатты Павлодардағы Мұнай химиялық зауыттан алады. Кәсіпорын өнімдерін болашақта экспортқа шығаруды көздеп отыр. «Даму» қорынан несиеге екі жүз миллион қаржат алып, сол ақшаға құрал-жабдық сатып алған. Цехтағы мамандардың орташа жалақысы 80 мыңнан басталып 200 мыңға дейін жететін көрінеді.