Жыртқыш өсімдіктер жемтік аулау үшін есептеуді үйренген

25.01.2016 9838
Шыбыншы венерина (Dionaea muscipula) есімді жыртқыш өсімдік тұзағына жемтік түсіргеннен бастап оны қорытқанға дейін 5 қадам санайды.

Шыбыншы венерина (Dionaea muscipula) есімді жыртқыш өсімдік тұзағына жемтік түсіргеннен бастап оны қорытқанға дейін 5 қадам санайды.

Аталмыш өсімдік азотпен тыңайтылған құнарлы топырақты қажет етпейді, тек айналада жәндіктер болса жеткілікті, тіпті саз балшықта да өсе береді. Қоректік заттарды ол жапырағына қонып, тұзағына түскен шыбын-шіркейден, өрмекші тектестерден алады. Сезімтал талшықтарын қоздырған кезде өсімдікте адамның жүйке жүйесіндегі сигналдар секілді электр импульсі жүреді де, тұзақ жабылып қалып, жемтік қорытыла бастайды.

Шағын өсімдіктің өлшемі бойынша, бұл екі қадамға өте көп энергия жұмсалады, сол себепті шыбыншыға тұзағын босқа іске қоспас үшін жапыраққа қонған нәрсенің жемтік екенін нақты анықтау қажет. Райнер Хедрих (Rainer Hedrich) жетекшілігіндегі неміс зерттеушілері жәндікті анықтау үшін жыртқыш өсімдіктер арифметикаға жүгінетінін көрсетті.

Олар шыбыншы венеринаның жапырағын жәндікке ұқсас нәрсені ақырын тастап көрді де, жанасқан кезде пайда болатын электр және химиялық сигналдарды байқап көрді. «Егер сіз дүрлікпесеңіз, тұзақ ашық күйінде қала береді, – дейді Райнер Хедрих. – Алайда, барлығы секілді, ішке түскен соң сіз үрейлене бастап, шығудың әрекетін жасайсыз, сөйтіп тұзақтағы талшықтарға қайта-қайта тиіп, оны қоздырасыз».

Сезімтал талшықтардың алғашқы қозуы қауіпті болмауы мүмкін. Алайда екінші рет қозған кезде тұзақ іске қосылып, жабылып қалады. Үшінші және төртінші қоздыру өсімдіктің ас қорытуға қажетті қышқылдарды бөле бастайды. Бесінші жанасудан кейін қоректік заттарды сіңіру басталады.  

Әрине, ары-бері қозғалатын шынайы жемтік бесеуден артық қозу тудырады: зертеушілердің бағалауы бойынша, көк шегіртке баяу өлімінің соңғы сағатында орташа есеппен 63 рет қозғалады. Әрбір жаңа қозғалыс өсімдікке жемтіктің көлемін анықтау мүмкіндік береді. Неғұрлым үлкен жемтік болса, соғұрлым көбірек ас қорыту ферменттері бөлінеді.

Анықтама ретінде:

«Шыбыншы венерина» атауы – Ежелгі Рим мифологиясындағы өсімдіктер мен махаббаттың патшайымы Венераның құрметіне берілген. Табиғатта өрмекші, құрт-құмырсқа және ұлулармен қоректенеді. Негізінде бұл өсімдіктер Америка Құрама Штаттарының Атлантикалық жағалауындағы (Флорида штаты, Оңтүстік және Солтүстік Каролина, Нью-Джерси) ылғалды климатта өседі. Сондай-ақ, бөлме өсімдігі ретінде де өсіруге әбден болады.


Дәурен Омаров

Ұқсас материалдар