Жырау Алмас Алматов: «Жырау – тарихтың тірі жәдігері»

29.01.2016 6458
Ұлттық музейде «Жыр керуені» атты лекция-концерт өтті.

Елордадағы Ұлттық музейде «Жыр керуені» атты лекция-концерт өтті. Қазақ халқының дәстүрлі музыкалық өнерін жаңғырту мен насихаттауға арналған шараны «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды.

Төл өнерімізді насихаттаған «Жыр керуені» атты лекция-концерт «Дәстүрлі музыкалық мұра» бағдарламасының аясында тұңғыш рет ұйымдастырылған шара.

 

Жыраулық өнер – көшпелі өмір аясында қалыптасып, хандық дәуірде айрықша дамыған мәдениет саласы. Оның басты репертуары – көлемді жыр (эпос), толғау, терме жанрлары.

Алмас АЛМАТОВ, жырау, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, «Парасат» орденінің иегері:

Қазақтың музыкалық фольклорлық мұраларын зерттейтін «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты Қазақ ұлттық өнер университетімен бірлесе отырып, бүгінгі мәдени шараны ұйымдастырды. Қазақ ұлттық өнер университеті жанында дәстүрлі жыр мамандығы ашылғанына биыл 5 жыл толып отыр. Бүгінгі таңда өнер университетінде 20-ға жуық бакалавр магистранттары дәріс алып, дәстүрлі өнеріміздің қыр-сырын үйренуде.

Жырау Алмас Алматов ағамыз ауыздан-ауызға тарап, ғасырлар бойы тот баспайтын алтындай жарқыраған жыраулық-жыршылық дәстүрдің ел ішінде кенжелеп қалғанына қатты алаңдаушылық білідіріп, төл өнерімізді қайта жаңғыртуға үлес қосып жүрген азаматтардың бірі. 1998 жылы дәстүрлі өнер – жыр мамандығына қатысты мемлекеттік стандарттың бекітілуіне өлшеусіз еңбек сіңірген Алмас ағамыз. Ұлттық құндылықтармызды дәріптеуді, насихаттауды, дамытуды мақсат еткен игі бастаманың арқасында бүгінгі таңда еліміздегі музыкалық бағытта білім беретін барлық жоғарғы оқу орындарында дәстүрлі музыка кафедралар оның ішінде жыршылық-жыраулық мамандық ашылып отыр.  

  

– Ондағы мақсат – «Ұлан-байтақ қазақ даласындағы жыраулық дәстүр оның бүгінгі мұрагер ұрпақтары кімдер?», – деген сауалға жауап іздеу, – дейді жырау Алмас Алматов. – Жырау – синкретті кәсіби дара тұлғалық өнер шоғыры. Сондықтан ең әуелі тұлға болу керек. Себебі  жырау – тарихтың тірі жәдігері.

Жыраулық дәстүрдің тарихы Күлтегін, Тоныкөк, Орхон Енисей жазуларынан, Естеміс-Бұмын қағандарға арналған мадақ жырларынан басталады. Сол жердегі сөз тіркестері де, ондағы мадақ та жыраудың аузынан шыққан деуге толық негіз бар. Одан кейінгі кезеңдерде өткен Қорқыт ата, Сыпыра жырау, Кетбұға, Асан қайғы, Шалкиіз, Доспамбет, Қазтуған, Үмбетей, Бұқар жыраулардың тізбегі жалғасады.

Ақан Оңғарұлы,  «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының басшысы

«Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының мақсаты – мәдени мұраларды зерттеу, сақтау, қорғау және насихаттау болып табылады. Жоспарға сәйкес «Дәстүрлі музыкалық мұра» бағдарламасын жасадық. Сол бастаманың шымылдығын бүгінгі «Жыр керуені» лекция-концертімен бастап отырмыз. Мақсатымыз дәстүрлі музыка оның ішінде жыршылық өнерді насихаттау. «Сөзден мән кеткен, әннен сән кеткен» заманда халқымыздың санасын жаңғыртып, ата-бабаларымыздан жалғасын тауып келе жатқан ұлттық өнерімізді дәріптеу.    

Жыршы-жырау ағамыз Алмас Алматовтың айтуынша, жыраулар сөзінде биік рух, қайрат пен күш бар. Жыраулар елдің мұң-шерін, арман-мақсатын еш бүкпесіз ашық айтқан. Бүгінгі таңда жыраулардың мұралары арқылы тарихи сананы ояту, жырларды қалың көпшілікке насихаттау аса қажет.

Бүгінгі мәдени шара ел тәуелсізідігінің 25 жылдығына арналып отыр. Лекция-концертке келген Алмас Алтаевтың шәкірттері жыр сүлейлерінің жырлары мен термелерін төгілте орындап, шоғыры биік төл өнеріміздің мәртебесін асқақтатты.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

 

 

Ұқсас материалдар