ЖЫР-ЖИҺАННЫҢ ЖАУҺАРЫ (Қашаған жырау (1841-1929)

27.08.2014 2695
ЖЫР-ЖИҺАННЫҢ ЖАУҺАРЫ (Қашаған жырау (1841-1929)

Ақындар мен жыраулардың бір-бірінен айырмашылығы кейде олардың шығармашылығындағы көркемдік болса, кейде олардың туындыларындағы ой ұшқырлығы мен ой тереңдігінде жатады. Ал, көркемдік пен ойды ұштастыра білген ақын, ойшыл ақын мəртебеге қол жеткізеді. Халықтың жүрегі мен санасында ұзағырақ өмір сүру діңгегі ақын не жыраудың ой- өрісінде жататыны да адамзат тарихынан мəлім.

Оған шеттен мысал іздемей қазақ əдебиеті тарихынан: Асан қайғы, Бұхар жырау, Дулат Бабатайұлы, Махамбет Өтемісұлы, Абай, Шəкəрім, Мəшһүр Жүсіп, Тұрмағамбет сынды ақын-жырауларды тілге тиек ете аламыз. Қашаған жырау да ойшылдық қасиетімен халқының санасында ұзақ уақыт өмір сүріп келе жатыр. Сүйтіп қазақтың рухани кеңістігін байытып келеді. Қашаған қазақтың ұлттық психологиясын терең білгендігінен халқының «жетім» деген қарсы ұғымын қоғамдық қатынастағы барлық болымсыз жайттарға қарсы мəйек ретінде пайдаланады. Өйткені өзге елдерге «жетімдік» қасірет болмаса да қазақ үшін «жетімдік» асқан қасіретті ұғым. Себебі көшпенді қазақ халқына ұжымдаса өмір сүру табиғатына сай қоғамдық ортада болу психологиясы қалыптасқан ерекшелік. Жырау осындай ұлттық терең білімімен «Бұл дүниеде не жетім?» атты өлеңінде қоғамдық психологияның болымсыз қатынастардан туындаған қайғы- қасіретті дəл де айқын бере білген. Қашаған қазақ психоло- гиясын дəл бере білу үшін оның кілті «жетім» сөзін саналы түрде қолданған. Себебі көптеген халықтардың жалпы мəдениетінде «жетім» сөзі ана мен əкеден айырылған сəбиге тəн ұғым болса, қазақта бір қазақ бір қазаққа мейір-шапағат көрсете алмаса жаны жүдеп жетімсірей бастайды.

Сол үшін қазақта «айналайын» мен «бауырым» деген сөздерінің орны айрықша. Қазақ көппен бірге бола алмаса жетімсірейді. Сол себепті қазақ «қонақжай» халық ретінде бүкіл əлемге танымал болған. Қазақ өзінің көпшілдік психологиясына орай «жалғыз жол тапқанша, көппен бірге адас» деп те бекер айтпаған. Қашаған қазақтың қоғамдық психологиясына бағыт-бағдар беру үшін, қазақты психологиялық жетімдіктен сақтандыру үшін «жетім» сөзін өлеңіне ұйытқы еткен. Бұл сөз оның қазақ мəдениетін жақсы да терең білгені үшін пайдаланғаны анық. Өйткені қазақ тілінде «жетім» сөзі мағыналық ауқымы кең ұғым. Оны ұға білу үшін адам мен адам психологиясының бағына тоқтала кетейік.

Адам жаратылыс табиғатында қоғаммен өмір сүру ерекшелігіне ие. Сол себепті адам баласы қоғамнан, топтан бөлініп өмір сүре алмайды. Адам қоғамдық ерекшелігіне байланысты қоғамдық ортасында өз бойындағы ғажайып дарынын да, жантүршігер қылықтарын да, əлсіз тұстарын да көрсетеді. Бір көңіл бөлетін жайт, бұндай ерекшелік өзге ұлттардан гөрі қазақ халқына көбірек тəн деуге болады. Себебі қазақтарға бұндай психологиялық ерекшелік оның тарихи жолымен бірге сіңген тəрізді. Қазақ халқының бұндай қоғамдық психологиясының ерекшелігіне сəйкес қоғамдық ортаға мұқтаж, əрі сол қоғамға керектігін сездіруге мұқтаж. Міне осыдан қазақтың қоғамға мұқтаждығы мен қажеттігі Қашаған жыраудың: «Бұл дүниеде не жетім? Кім қажетсіз болса сол жетім», деген өлең жолдарының мəнін аша түседі. Өйткені қазақтың күнделік тіршілігіндегі барлық жағымды да жағымсыз, нəтижелі де нəтижесіз, пайдалы да зиянды іс- əрекеті, қимыл-қозғалысы, айла-тəсілі қоғамдағы өз орнын белгілейді. Сол үшін Абай да: «Сен де – бір кірпіш, дүниеге кетігін тап та, бар қалан» деп қазақтың сондай талпыны- сын меңзейді. Бұл да болса Абай мен Қашаған жыраудың ой үндестігі, ой сабақтастығы.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Ұқсас материалдар