Жомарт Сабыржанов: «Елімізде асық атумен айналысатын 1600 адам бар»

25.06.2015 2501
Еліміздің белді бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері арасында алғаш рет «Асық атудан» республикалық турнир өткізеді.

Сенбі күні  Астана қаласындағы «Хан-Шатыр» ойын-сауық және сауда-саттық орталығында «Қазконтент» АҚ, Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай, еліміздің белді бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері арасында алғаш рет «Асық атудан» республикалық турнир өткізеді. Осыған байланысты республикалық «Асық ату» федерациясының атқарушы директоры, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Құрмет» орденінің иегері Жомарт Сабыржановпен аз кем әңгімелескен едік.

Жомарт Сабыржанов, «Асық ату» федерациясының атқарушы директоры:

– Асық атудан Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай журналистер арасында үлкен шара ұйымдастырғалы отырмыз. Әуесқойлар мен кәсіби ойыншылардың айырмашылығына келетін болсақ,  бәрі әуесқойлықтан басталады ғой. Бірақ, қай спорт түрінен болмасын бала кезінен бастап айналысқан дұрыс.  Қазір әуесқой асық атушылар көбейіп, арасынан мергендер шығып келеді. Асық ойыны бұқаралық сипат алды десек болады. Мысалы, ел бойынша асық ойнаумен айналысатын балалардың саны 1600-ден асады. Одан да көп болуы мүмкін, оны алда анықтайтын боламыз. Қазақстан бойынша 73 секция бар. Алдағы уақытта 8 облыстан орталықтар ашылмақ. Жақында Қостанайда асық атудан Қазақстан чемпионатын өткіземіз. Астана күніне орай асық ойынынан халықаралық жарыс ұйымдастырылады. Моңғолия, Қызғызстан, Тәжікстан елінен мергендер қатысады. Қазір бұл елдерде асық ату керемет дамыған. Тіпті, бұл елдерде спорт шебері, спорт шеберлігіне үміткер деген сияқты дәрежелік атақтар, сертификаттар беріледі. Осыны біз де қолға алып, еліміздегі мергендердің дәрежесін арттырып, спорттық атақ үлестіру жоспарымызда бар.
Ең қуаныштысы, асық атудан жыл соңына дейін өтетін жарыстар Спорт комитетінің күнтізбелік жоспарына еніп, ресми түрде жалғасын табатын болады. Жасөспірімдер арасында да жарыс өтеді.

«Асық ату» федерациясының атқарушы директоры Жомарт Сабыржанов және федерацияның жауапты хатшысы Ерсайын Нарымбаев

Асық ату бір кездері балалардың спорты саналатын. Уақыт өте бұл спортпен еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін айналысатын болды. Бұл ең алдымен, спорттың жетістігі. Спорттың барлық жастағы адамдарға икемді болуы насихатының өздігінен арта беретінін көрсетеді. Қазір көптеген қалаларда, аудан орталықтарында асық атудан бейресми жарыстар өткізіледі. Сақасын сайлап, алшы түссе асық ап, тәйкі түссе тәуекелге барып жүргендер күн санап артып келеді. Республика бойынша асық ойнау секцияларының ашылуы үлкен жетістік. 


Жазып алған: Жандос Смайлов.

Ұқсас материалдар