Жер реформасы жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті

23.06.2016 2492
Жер мәселесі

Бүгін Астанада Жер реформасы жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті. Жер мәселесін талқылауға жиналған комиссияның 70-ке жуық мүшесі  Қазақстан азаматтарына жерді сату керек пе деген сауал төңірегінде ойларын ортаға салды.

 

Комисия жетекшісі Бақытжан Сағынтаев отырыстың ашықтығына назар аударды. Отырыстан ақпарат тарату үшін БАҚ-тың 150-ден астам өкілі тіркелген. ВNews.kz интернет-порталы комиссия отырысынан тікелей трансляция жүргізді. Барша қазақстандықтар жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмысын тікелей эфирден тамашалады.

 

Алдымен комиссия мүшелері бүгінгі отырыс барысында жұмыс топтарының жетекшілерін сайлады. Алдағы уақытта экономикалық мәселелермен Ақылбек Күрішбев (Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры), құқықтық мәселелермен - Мұхтар Тайжан, жер реформасын түсіндірумен - Мұрат Әбенов, рәсімдердің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз етумен Дос Көшім айналысатын болды. 

Жалпы бүгінгі отырыста негізінен үш мәселеге қатысты ұсыныстар түсті. Біріншісі – жерді қазақстандықтарға сатуға және сатпауға, екіншісі – жалға беру немесе бермеуге қатысты. Үшіншісі – жерді қазақстандықтарға 10 гектарға дейін тегін беру туралы. Бұл ұсыныстардың бәрі бүгінгі жиынның хаттамасына тіркелді.

 

Комиссия мүшелерінің арасында 50 гектарға жуық жердi жалдап отырған шағын шаруашылықтарға жердi тегiн беру туралы ұсыныс айтқан азаматтар болды.

 

Елімізде жерді жалға алып отырған 180-ге жуық шаруа қожалығы бар екен. Солардың 120 мыңға жуығы шағын шаруа қожалықтары. Бұларға жер тегін берілсе, әлеуметтік мәселе шешіледі деп есептейді Комиссия мүшесі М.Шибұтов.

«50 гектарға жетпейтiн жердi жалдап отырған азаматтарымызға осы жердi тегiн берейiк. Бұл шашамен 120 мыңға жуық шаруа қожалығы. Бiз бiрден әлеуметтiк мәселенi шешемiз. Бұл жердi сатып алуға көп қаражат керек емес. Яғни, көп пайда түсе қоймайды», – деген ұсыныс айтты Марат Шибұтов.

 

Комиссия мүшесінің бұл ұсынысын Мұхтар Тайжан да қолдады. Ол да шағын шаруашылықтарға жер тегiн берiлуi керек деп есептейдi.

«Қазақстан азаматтарына жердi жеке меншiкке алуға рұқсат беруiмiз керек деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, бұл – бiздiң шаруалардың арманы. Әрине, оған нақты шарттар болуы керек. Жаңа бiр ұсыныс айтылды. Жердi жеке меншiкке алмас бұрын, ол жермен бес жыл жақсылап айналысуы керек. Сосын комиссия құптағаннан кейiн жеке меншiкке беруге болады», – дейдi М.Тайжан.

Ал ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бақытжан Сағынтаев:  «Бүгiн 38 комиссия мүшесi өз ұсынысын айтып, пiкiрiн ортаға салды. Бiрiншi, жердi сатпауға қатысты ой-пiкiрлер болды. Сонымен бiрге, егер жер сатылатын болса, бұл қалай жүзеге асады? Осы төңiректе комиссия мүшелерi ұсыныстар айтты. Штаб, хатшылық бұл ұсыныстардың барлығын жүйелейдi. Содан кейiн жұмыс топтарында олар талқыланатын болады. Әрине, шешiм бiрден қабылданбайды. Бiз өңiрлерге шығып, халықтың пiкiрiн тыңдап, содан кейiн ғана ұсыныстар әзiрлеймiз», – дедi.   

 

«Ақ жол» Демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев жерге қатысты мәселені оңтайлы шешу үшін біз, ең алдымен, ауыл шаруашылығын қаржыландыру мәселесін шешу керектігін айтты.

«Біз азаматтарға жерді жекешелендіруіне мүмкіндік беруіміз керек. Мәселе жекеменшікте емес. Оның тәртібінде. Комиссияның жұмысы тиімді болуы қажет. Ал жұмыс процесі ашық өтуі тиіс», – деді А. Перуашев.

Халық қалаулысының пікірінше, аграрийлер мен шаруалардың жерді тиімді шарттармен сатып алуын қамтамасыз ету қажет.

«Жерді сатуға асықпаған абзал, себебі қазіргі жағдайда салық салу мөлшерлемесін көтергеннен кейін адамдарды жерді жекешелендіруге мәжбүрлейміз. Егер жерді тек инвестиция көзі ретінде қарасақ, бұл мәселенің екінші жағы да бар. Жер жекеменшікте болады, адамдар оны кепілдікке қоя бастайды. Ауыл шаруашылығы үнемі мол табыс әкелетін сала емес. Ертең сол жерлерге банктер иелік етеді, ал қарапайым шаруа тағы да құр қалады. Банк мемлекет сияқты жерді төмен мөлшерлемемен жалға бермейді. Сол себепті осы жағын мұқият пысықтаған жөн. Банктер жерлерді өз меншігіне айналдырып алуы мүмкін, осындай да қауіп бар. Сол себепті ауыл шаруашылығын қаржыландыру жайын шешу қажет, бұл салада түйіні тарқамаған мәселе жетіп артылады. Қаржыландыру жағын шешпесек, қауіп-қатерге тап болуымыз мүмкін», – деп түсіндірді Перуашев. Сондай-ақ ол жер телімінің ең үлкен аумағын белгілеуді ұсынды.

 

Жер реформасы бойынша комиссияның екiншi отырысын қорытындылау барысында Бақытжан Сағынтаев барлық ұсыныс-пiкiрлердiң жүйеленетiнiн айтты. Бүгінгі отырыста айтылған барлық ұсыныс-пікірлер жұмыс топтарында талқыланатын болады.

Комиссияның екінші отырысына тұрақты 75 мүшенің 67-і қатысқанын айта кеткен жөн.


 Әзірлеген Тұмар АСЫЛ

Суреттерді түсірген Бауыржан ЖУАСБАЕВ

 

 

Ұқсас материалдар