ТЕРСЕК МӘДЕНИЕТІ

30.08.2014 4391
ТЕРСЕК МӘДЕНИЕТІ

ТЕРСЕК МӘДЕНИЕТІ – энеолит дәуірінің соңғы кезеңдерінде Торғай өңірін мекендеген тайпалардың мәдениеті (б.з.б. 3-мыңжылдықтың ортасы – 2-мыңжылдықтың басы). Алғаш рет 1940 –50 ж. А.А. Формозов зерттеулерінде “терсек тұрақтары”, “терсек-қарағай мәдениеті” жайлы айтылады. Бұл мәдениеттің неғұрлым толығырақ мінездемесі 1980 – 90 ж. С.Қалиева, В.Н. Логвин зерттеулері барысында қалыптасты. Ескерткіштерінің негізгі тобы Торғай алабын қамтуымен қатар, біразы солт. және солт.-шығысқа да тараған. Зерттелу барысында оңт., шығыс шекаралары анықталмаған. Есіл алабындағы энеолиттік ботай мәдениетімен екі арада анықтауды қажет ететін мәселелері бар. Негізгі ескерткіштер түріне жататын тұрақтары көбіне үлкен өзендер емес, көктемде ғана ағысы бар ұсақ жылғалар, көлдер мен бұлақтар жағаларында орналасқан. 1980 жылдардың ортасына қарай белгілі болған 30-ға жуық ескерткіштің ішінде біршама жақсы зерттелгендері Соленое озеро-1, Дүзбай-2, Дүзбай-3, Бестамақ, Құмкешу-1, Қожай-1, Қайыңды-3, Евгеньевка-2, Тоқанай-2 сияқты тұрақтардан алынған деректер. 436 м2 жері қазылған Соленое озеро-1 тұрағынан аумағы шамамен 66 м болатын бір үй орны анықталды. Еденінің тереңд. 0,8 м, 16 діңгек шұңқыры бар, есігі солт.-батыстан шығарылған бұл баспана табаны дөңгелектеу келген ағаш күрке кейпінде тұрғызылған болуы мүмкін. Солт.-батыс бұрышта тас жаңқалар мен т.б. құралдар, шикізаттар жинақталып қалуына қарағанда, бұл тұс шебердің отырған үйі болса керек. Үйдің оңт. сыртында ашылған диам. 1 м, тереңд. 0,8 м ұра-шұңқырдан мал сүйектері, тас құралдардың сынықтары көптеп табылған. Т. м. шақпақтас индустриясына, оның ішінде бұл бағыттың ең алдымен жаңқалы құралдар қолданылған түріне негізделген қоғам. Пластиналы құралдар өте аз, жоқтың қасы. Төңіректегі тұстас мәдениеттер арасында, оларды жіктеуде, осы ерекшелік маңызды орын алады. Өте көп мөлшерде табылған жаңқаларға біршама шағын көлемдер тән, көбіне бұл құралдардың өлшемі 30 мм-ден аспайды. Жаңқалардың ең көбі қырғыштар, мұндай бұйымдар қолда бар құралдардың тең жартысын береді. Басқадай құралдар арасында сегментті қырғыштар, қырнауыштар, екі жақты өңделген ұштықтар (садақ, найза, шолақ дротик ұштары), пышақтар, шапқылар, балталар бар. Заттай деректердің 20%-ын құрайтын қыш ыдыс бөлшектері мұнда түбі дөңес-үшкірлеу, тұрқы біршама ұзынша, тегіс не дөңес келген ернеуі сыртқа қайырылған көзелер басым екенін көрсетті. Балшық қамырды дайындау барысында пайдаланылған қоспа элементтердің дені құм. Тісті қалыппен басылған негізгі ою түрлеріне горизонталь, ирек сызықтар, көлбеулете түсірілген таңбалардың горизонталь жолақтары, теңбүйірлі үшбұрыштар, ромбылы торлар, “басқыштар” тән. Қазбаларда табылған жануарлар сүйектерінің арасында, әсіресе, жылқы сүйектері көп. Ғалымдардың пайымдауынша, Т. м. тайпалары ертеден қалыптасқан аңшылық-терімшілікпен қатар, малшылықты меңгерген; оның ішінде, әсіресе, жылқы түлігін көп өсірген болуы мүмкін. Оңт. Оралдың сортанды (шортанды сөзінің башқұртшасы), Есіл алабының ботай мәдениеттеріне етене жақын саналатын Т. м-нің қола дәуірінің андрон мәдениетіне тигізген ықпалы тереңірек зерттелмеген.

Әэеб.: Логвин В.Н., Калиева С.С., Терсекские памятники Тургайского прогиба / Древние культуры Северного Прикаспия, Куйбышев, 1984; Калиева С.С., К проблеме культурной атрибуции энеолитических памятников Тургая 3 тыс. до н.э. / Маргулановские чтения-90, ч. 1, М., 1992.

Ұқсас материалдар