Түркі академиясында Түркия премьер-министрі Ахмет Даутоғлымен кездесу өтті

08.02.2016 2227
Рухани кездесу

Түркия Республикасының премьер-министрі Ахмет Даутоғлы Түркі академиясында зиялы қауым және ғылыми интеллигенция өкілдерімен кездесіп, дәріс оқыды.

Түркия үкіметінің басшысы алдымен Академияның музейін аралап, ондағы Қонақ кітабына ізгі тілегімен қолтаңба қалдырды. Сонымен қатар, Түркі академиясы жанындағы кітапхана қорымен танысты. Бұдан кейін мәртебелі мейман Бейбітшілік және келісім сарайының Бесік залындағы кездесуге қатысты.

Алқалы жиынға Түркия премьер-министрінің орынбасарлары мен министрлер, мемлекеттік ұйымдардың басшылары мен Қазақстанда тіркелген дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, сонымен қатар жоғары оқу орындарының ректорлары мен БАҚ басшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен көрнекті ғалымдар қатысты. Басқосуды Түркі академиясы халықаралық ұйымының президенті Дархан Қыдырәлі кіріспе сөзімен ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы болып сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков кездесудің бауырлас халықтар ынтымақтастығы үшін маңыздылығына тоқталды. Содан кейін сөз алған Ахмет Даутоғлы Түркі академиясының жыл санап ауқымы кеңейіп, іргелі жобалар жасап жүргенін атап өтті. Көпшілік алдында дәріс оқыған премьер-министр қазақ-түріктің тарихы, мәдениеті ұқсас бауырлас мемлекеттер екенін, Қазақстанға өз Отанына оралғандай келетінін айтты.

Осы ретте Түркияның 64-ші премьер-министрі, мемлекет қайраткері Ахмет Даутоғлы қызмет жолын ғылымнан бастағанын айта кеткен жөн. 1984 жылы Боғазичи университетінде экономика және саясат, халықаралық қатынастар бойынша екі мамандық алып шығады. Сол университетте  Мемлекеттік басқару кафедрасында бакалавр, саясаттану және халықаралық қатынастар бойынша докторлығын қорғаған. 1990 жылы Малайзиядағы Халықаралық Ислам университетінде оқытушылық қызметін бастап, 1993 жылға дейін сол университетте өзі негізін қалаған  саясаттану кафедрасын басқарады.  1993 жылы доцент атанып, 1995-1999 жылдар арасында Мармара университетінің халықаралық қатынастар бөлімінде жұмыс жасайды. 1998-2002 жылдары Түркияның Қарулы күштер академиясында және Әскери академияларда лекциялар оқыған.  1999-2004 жылдары Бейкент университетінде профессор, ғылыми кеңестің мүшесі, Халықаралық қатынастар бөлімінің жетекшісі болып, Мармара университетінде дәріс береді. 1995-2004 жылдары Стамбулдағы Бейкент университетінің профессоры ретінде абыройлы қызмет еткен Ахмет Даутоғлы сыртқы саясат тақырыбына арналған бірқатар кітаптың авторы. Түрік және ағылшын тілінде еркін жазатын оның кітаптары жапон, португал, орыс, араб, парсы, албан және басқа бірнеше әлем тілдеріне аударылған.

Айта кету керек, Түркия  – Түркі академиясы халықаралық ұйымын құрушы мемлекеттердің бірі. 2010 жылдың 25 мамыры күні Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Түркі академиясының ашылу салтанатына  ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдуллаһ Гүл қатысқан болатын. Бүгінде Түркияның Ғылым академиясы мен басқа да маңызды ұйымдармен, көрнекті түрік ғалымдарымен тығыз әріптестік байланыс орнатып, бірлескен ғылыми жобалар жүргізіліп келеді.

Кездесу соңында Түркия үкіметінің басшысына Түркі академиясы тарапынан шапан кигізіліп, Академия әзірлеген бағалы басылымдар мен Алтай тауларына жасалған экспедиция барысында табылған көне қобыздың қалпына келтірілген көшірмесі табыс етілді. Мәртебелі мейманның өңіріне арнайы төсбелгі таққан ұйым басшысы Дархан Қыдырәлі оның бұдан былай Академияның құрметті мүшесі саналатынын атап өтті.


Әзірлеген Айша КЕРЕЙ 

 

Ұқсас материалдар