Суретші Анар Әубәкір жаңа көрмесін ұлы Абайдың рухына арнады

04.09.2015 3651
3 қыркүйек күні Астана қаласындағы Тұңғыш Президент музейінде Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі Анар Әубәкірдің «Кешегі мен бүгінгінің сабақтастығы...» атты жеке көрмесі ашылды.

3 қыркүйек күні Астана қаласындағы Тұңғыш Президент музейінде Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі Анар Әубәкірдің «Кешегі мен бүгінгінің сабақтастығы...» атты жеке көрмесі ашылды.

Көрмеде суретшінің 20 шақты туындысы қойылған. Ал, галереяның ортасында Абай Құнанбайұлының қара сөздері мен өлеңдері басылған плакаттар орнатылған. Анардың айтуынша, ол осы көрмені Абай шығармашылығына арнап отыр. Дәлірек айтқанда, «Абай жанының пернелері», «Қазақ рухының тебіренісі», «Аспан нышаны», «Дала сазы» сынды туындыларды жазуға суретшіні Абайдың шығармалары шабыттандырған.

Музей директорының орынбасары Күлайша Ақтаеваның айтуынша, бұл көрме шығармашыл жастарды қолдау мақсатында 2011 жылы Музейдің бастамасымен қолға алынған «Үкілі үміт» жобасының аясында өткізіліп отыр. Аталмыш жоба Музейдің қазіргі заманғы Қазақстанның мәдени жетістіктерін насихаттауға бағытталған жүйелі жұмысының нәтижесі болып табылады.

Көрменің ашылу рәсімінде Музей директорының орынбасары Күлайша Ақтаева мен өнертанушы Нелли Шиврина құттықтау сөз сөйлеп, суретшінің шығармашылығы туралы ойларымен бөлісті.

ҚР Тұңғыш Президенті музейі директорының орынбасары, Күлайша Ақтаева:

Залда орналасқан жиырмадан астам суреттерінде Анар біздің алдымызға кәдімгі зерттеуші ретінде шығып отыр. Әр мемлекеттің өзіне тән қасиеттері болады. Қазақстан – тарихы тереңде жатқан, рухани әлемі бай мемлекет. Бұл ретте, Анар қазақтың дара ұлы Абайдың шығармашылығына, дала философиясына сүйене отырып, өзінің шығармашылық жолын тапты деуге болады.

Астана қ. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы директорының орынбасары, Нелли Шиврина:

Анар мен үшін көптен білетін танысым деуге болады. Жыл сайынғы өтетін шығармашыл жастар арасындағы Халықаралық фестивальде 2003, 2007 жылдары Анар біздің қолымыздан дипломдар алған болатын. Бұл оның жұмысына берілген үлкен баға болатын. Биыл Өскеменде өткен биенналеде мен байқаусызда Анарды кездестіріп қалдым. Менің бірінші көргенім – күннен тығылып, көлеңке жағалап жүрген өте қарапайым қыз. Сөйтсем, ол жаңа жұмысын күннен көлеңкелеп әкетіп барады екен. Жаңа жұмысы мені таңқалдырды. Этюдты сипатта салынған суреттен, автордың бейнелеу өнеріне деген өзіндік көзқарасы мен қолтаңбасы анық байқалып тұрды. Этюдтегі ең маңызды нәрсе – көңіл-күйді жеткізе білу. Ол осы көңіл-күйді ерекше шеберлікпен бере біледі. Сондықтан, Анардың суретші болмауы мүмкін емес.

Көрменің лентасын өнертанушы Нелли Шиврина, ҚР Суретшілер Одағының мүшелері Қабдыл-Ғалым Қаржасов пен Марат Тоқсейітовтер кесті.

ҚР Президентінің степендианты, «Құрмет» орденінің иегері, Қабдыл-Ғалым Қаржасов:

Анар Әубәкір өзі Павлодарлық болғандықтан, оның шығармашылығымен колледжде оқып жүрген кезінен таныспын. Ол түрлі-түсті бояумен өте керемет салатын. Пейзаждарды сондай қанық бояулармен бейнелейтін. Қазір ол енді Академияны бітірген, кәсіби суретші. Оның өмірге деген, өнерге деген көзқарасынан пәлсапалық мағынаға тереңдеп үңіле бастағаны сезіліп тұр. Бұл жерде ол тек қана бояудың үйлесімдігін, соның жарастығын ойластырып, соны қуаламай, терең ойларға ерік берген. Қазақта «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» деген сөз бар ғой, сол сияқты бұл жерде де Анардың аз сөзбен көп мағына беруді мақсат тұтқаны байқалады.

Қосымша дерек:

  • Анар Әубәкір 1984 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген.
  • 1999-2004 ж.ж. Павлодар қ. Көркемсурет колледжінде «Дизайн бойынша суретші-шебер» мамандығында оқыған.
  • 2004-2009 ж.ж. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «бейнелеу өнері» мамандығы бойынша бакалаврды, одан соң магитратураны тәмамдаған.

Анара Әубәкір Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің жеңімпазы, оның жұмысы «Санкт-Петербург өнерінің апталығы» сайысында «реализм» номинациясы бойынша ең үздік сурет атанған. 

Көрме 2015 жылдың 5 қазанына дейін жалғасады.


Материалды әзірлеген - Қаламқас Нұрмақова

Суреттер - Нұрбек Әлманбетов

Ұқсас материалдар