Шерханның Тұрары!

13.08.2014 9030
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның, «Қызыл Жебе» романын жазуға негізгі себебі – Тұрар Рысқұловпен автордың аталастығы болса керек.

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның, «Қызыл Жебе» романын жазуға негізгі себебі – Тұрар Рысқұловпен автордың аталастығы болса керек. Ол кезде Тұрардың әкесі, Рысқұлдың кіндік қаны тамған жер – Түлкібас пен жазушының туған жері – Жуалы бір аудан болыпты. Алғашында Түлкібас емес, тек Жуалы ауданы деп аталған. Ал, бертін келе, кеуін екі болысқа бөліп жіберген. Сол кезде, Шерхан Мұртаза үлкен кісілерден Тұрар туралы еміс-еміс мәліметтер алғанға ұқсайды.

Ал кейін, Шерхан Мұртаза, «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер болып істеп жүргенде, Кеңестік Қазақстанның 40 жылдығына байланысты Кеңес өкіметіне жағымды қайраткерлер туралы сериялы мақалалар шығып жатқан еді. Осыған орай Рахмалы Байжасаров деген кісі Тұрар Рысқұлов туралы мақала жазыпты. Осыдан кейін, аталмыш тұлға хақында кейбірі мақтаған, кейбірі жамандаған мақалалар шыға бастайды.

Ломаносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің шәкірті Шерхан Мұртаза оқып жүргенінде, «Тұрар Рысқұлов туралы жазсам ба» деген ойлары болса, енді өзі үшін оншама таныс емес қайраткер жөнінде деректер жинастыруға кіріседі. Ол Тараздың, Мәскеудің, Орынбордың мұрағаттарын ақтарып, мәліметтер жинап алғаннан кейін, «Қызыл Жебе» романын жазуға кіріседі.

Бірақ қаншама қиналыспен кітап жазылғанымен, оңайлықпен жарық көре қойған жоқ. Автордың айтуынша, кітаптың тағдыры, Тұрардың тағдырына ұқсап, көптеген қыл көпір мен тамұқтарды бастан кешіріпті.

Шерхан Мұртазаның Тұрар Рысқұловқа рухани ескерткіш «Қызыл Жебе» романының бірінші кітабының басты кейіпкері – Тұрардың әкесі – Рысқұл.

Біздің есіміздегі Тұрар туралы тұңғыш туынды бұдан бірталай ертеректе Мұхтар Әуезовтың қаламынан туған «Қараш-қараш оқиғасында» жазылған еді. Бірақ ол шығарманың басты кейіпкері әуелі Рысқұл еді. Әрине, бір оқиғаны, екі жазушы, екі түрлі бағытта өрбиткен. Мұхтар классик, көбінесе өзгертілген аттар қолданған. «Қараш-қараш оқиғасында» Тұрадың аты – Құрал деп алынған. Әуезовтың бірінші шығармасында, бала Құралға онша көңіл бөлінбеген. Ал Шерхан Мұртазаның «Қызыл Жебесінің» негізгі кейіпкері Тұрар болғандықтан, жазушы оның әрбір ойын, сөзін, ісін, көзқарасын назарынан шығармайды. Екі шығарманы салыстыра қарастырғанда, Тұрардың өмірі мен қызметін, ата-бабасының тарихын Шерхан Мұртаза жете зерттегені аңғарылады.

Филология ғылымының докторы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Шериаздан Елеукенов айтқандай:  «Көркем шындық дегеніміз ешқашан да алдыңнан дап-дайын күйінде шыға қоймайды. Оны іздеп табу керек, қаламгердің шабытты талант қарымымен жасай білу керек. Тарихи роман – өткен уақыт оқиғаларын беллетризациялап баяндау ғана емес. Ол – дербес ізденістердің, бұрынғы және қазіргі өмір құбылыстарын көркемдікпен зерттеу жемісі»