Руслан МЕДЕЛБЕК: "Бізде комментаторлар даярлайтын мектеп ашқанмен, дәріс беретін маман жоқ!"

27.06.2014 2971
Қазақ спорт комментаторларына "Журналистер күні" (Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні) қарсаңында алты сұрақ жолдап отырмыз.

Қазақ спорт комментаторларына "Журналистер күні" (Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні) қарсаңында алты сұрақ жолдап отырмыз. Өйткені, қазір футболдан Әлем чемпионатының ең қызған шағы. Көрермен қазақ комментаторларының әр сөзін бағып, сынын да, құрметін де жеткізіп жатыр. Осыған байланысты бүгінгі қазақ комментаторларының аз-маз пікірлерін білуді жөн санадық. Бүгінгі қонақ – спорт журналисі, комментатор Руслан Меделбек!

Сұрақтар:

1. Қазір отандық спорт комментаторларына көңілі толмайтындар жетерлік. Айтылып жатқан сын шаш етектен, осыған не дер едіңіз?

2. Өзіңізді кәсіби спорт комментаторымын деп есептейсіз бе?

3. Футболдан алғаш Әлем чемпионатын жарыстың басы қасында жүріп жүргізу қаншалықты артықшылық, қаншалықты жетістік?

4. Бізге комментаторларды даярлайтын мектеп керек пе?

5. Ресей комментаторларынан кімді үлгі тұтасыз?

6. Салалық спорт түріне қарай бейімделуге қалай қарайсыз? Бізді құртатын осы «әмбебаптық» емес пе?

Жауаптар:

1. Қазақ комментаторлығында әлі мектеп жоқтығынан сын көп. Телеарна редакторлары да матчтан кейін комментаторлардың жұмысына баға беріп, талдамайтын сияқты. Сондықтан, біздің арналарға эфирдің режиссері мен комментаторынан бөлек, редактор қажет сияқты. Біздің комментаторлар өз қателігін мойындамайтын сияқты. Себебі әлеуметтік желіде де орынды сындар жазылды. Сол пікірлерді де ескерген дұрыс болар.

2. Өз басым, Лондон олимпиадасы кезінде комментаторлық дебютімді бастадым. Бірақ мен тек бір екі спорттың таза ережесімен жүргізе аламын. Ол жеңіл және ауыр атлетика, мәнерлеп сырғанау, велоспорт. теннис. Басқа спорттың маңына жоламаймын. Мәселен, футбол мен хоккейді жүргізе алмаймын. Оны бұрыннан мойындағанмын. Көтере алмайтын шоқпарды белге байлағым келмейді. Әйтпесе, осы жолы Евразия арнасына әлем чемпионатына қазақ комментатор қажет еткенде жүргізуден бас тарттым.

3. Өз басым комментаторлардың Бразилияда отырып немесе елде отырып жүргізіп жатқандығынан айырмашылық көріп жүрген жоқпын. Бразилияға кеткен комментаторлар стадионның "үш балдық жер сілкінісіне ұқсас тербелгенін" және көрші кабинада уругвйлық комментаторлардың қалай қуанып жатқанын естіп отырмыз. Ол көрерменге қызық емес. Жарыс ортасынан жүргізген соң комментаторлар ерекше ақпарат ұсынуы керек сияқты.

4. Мектеп қажет дейін десем, оқытатын маман аз. Мамансыз мектептің қажеті қанша? Менің ойымша, спорт комментаторларын "Болашақ" бағдарламасымен әлемдік спорт арналарына тәжірибеден өтуге жіберу – мәселенің бір шешімі болар еді.

5. Ресейлік комментаторлардың ішінен ешкімге еліктемейді екенмін. Мен өз басым, спорт комментаторы ретінде эфирге көп шығып жүрген жоқпын. Өз басым, олимпиада, әллем чемпионаттары сынды жарыстарға барып, сол жерден репортаждар дайындауға машықтанып жүрмін. Әрі қарайда осы бағытта жұмысымды жалғастырғым келеді.

6. ҚазҰУ журналистика факультетінде спорт журналистикасы сабағы бар. Бірақ ол жеткіліксіз. Дегенмен, әлем елдерінде спорт журналистерін жеке дайындайтын оқу орны жоқ. Бізде спорт журналистикасы жақсы дамып келеді. Тек ақсап түрғаны комментаторлық. Сондықтан, жоғарыда айтқан комментаторларды Болашақпен шетелге іс тәжірибеден өтуге жіберген жөн. Және бізде бір комментатор көп дегенде екі не үш спортты жүргізуі қажет деп ойлаймын. Сонда жұмыс сапалы бола түсері анық. Арналар барлық комментаторларды штатқа алмай, оларға флирансерлік келісімдер ұсынса да болады.

 

Ұқсас материалдар