Поэзиялық және прозалық мақал-мәтелдерді аударудың тауқыметі

01.02.2016 3611
Поэзияны аудару – қиын өнер екені әмбеге аян.

Поэзияны аудару – қиын өнер екені әмбеге аян. Ал мақал-мәтелді, оның ішінде өлең құрылымдысын аудару қияметтің қияметі – оны зерттеушілердің бәрі мойындайды. Неге? Салмақты ой, санаулы сөз, зергерлік өрнек – осы үш қасиетті сақтаудың үстіне сен ең кем дегенде екі ұйқас табуың шарт. Және әйтеуір ұйқастырайын деп, мақалдың жаратылысына жанасымы жоқ сөздерді сүйреп әкеп, басын байлай алмайсың. Оны аты, сайып келгенде, асылды жасыту болып шығады.

Сонымен бірінші тәсіл, бірінші болғанда ең басымы да, бастысы емес – ұйқастырып аудару, яғни өлең тудыру. Кейде бұған, бір мақалды аударуға сағаттап, тәуліктеп уақытың кетеді. Ақын өзінің төл туындыларын жазарда қалай толғанса, аудармашы да халық даналығын өзге тілден ана тіліне әкелерде тап солай шиыршық атып, шын тебіренуі шарт.

«Парубок женится – любу бере,

Вдовец жениться – хто за ньге иде».

Бұл – украинның өлең мақалы. Әлбетте өлеңді өлеңмен аудармау – өнерсіздік.

Қазақта қалыбы осыған ұқсайтын мақал да бар: «Аяғы үлкен тигенін киер, аяғы кіші сүйгенін киер». Бұл арада қазақ мақалының ұйқастары да, ырғағы да көмекке келеді. Содан біз жоғарыдағы мақалды «Жас үйленсе – сүйгенін алар, үйі сынық – тигенін алар», – деп аудардық. Тіпті сирек қолданылатын үйі сынық (яғни әйелі өлген балалы-шағалы егде кісі) деген тіркес те тілге оралды.

Мақал-мәтел аудармасында негізгі яғни аяққы ұйқастан басқа ішкі ұйқастар да көп пайдаланылады. Орны ауысып тұр демесеңіз, бұл да үлкен қызмет атқарады. Мақалға қанат бітіреді, әсем әуенділік дарытады. «Долг – проклятие» (Шығыс мәтелі) – «Қарыз дегенше, қарғыс де».

Тағы бір мысал. Ағылшын мақалынан: «Поспешно взбрирающиеся внезапно падают».

Қазақшасы: «Оқыс өрмелеген, қапыс құлайды».

Тәжірибеде мақал-мәтел аударғандардың негізгі және ішкі ұйқастардан өзге, үндестікті, саздылықты яғни аллитерация мен ассонансты кәдеге жиі асыратыны да бар. Неге десеңіз «Дыбыстың қайталаулары, олардың ырғақтық, нақылдық бітімін анықтайды.

Кейде өлең мақалдың өзі біздің тілге аударылғанда поэзиялық түрге көнбесе, әлгі үндестікке қол артуға тура келеді.  

Мәселен, орыс халқының ұтымды «Дружно, да не грузно» деген мақалын өлең өрнегіне түсіру мүмкін емес пе деп тапқандықтан «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп аудардық. Мен аударған бедерлі сөздердің ішінде өте-мөте жұлдызды боп туғаны осы! Бұны республикалық баспасөз бетінен жиі кездестіруге болады. Халық құлағына сіңгені соншама, тіпті бір оппонентім «бұл қазақтікі ғой» деп таласқаны әлі есімде.

Енді бір тәсіл – аудармашының амалсыздан баратын тәсілі. Бірсыпыра мақал-мәтел не өлең кестесіне түспейді, не үндестікке де маңайламайды. Бұндайда сөзбе-сөз аударуға тура келеді. Мәселен, «Куй железо пока горячо» дегенді бұрынғылардың «Темірді қызған кезде соқ» деп қаракесектеу аударуы шарасыздықтан. Жалпы прозалық мақалдардың дені қаракесектеу келеді, бізді баурайтыны логикалық беріктігі мен ой тосындылығы.

Енді бір топ мақал бөгде елдің тұрмыстық ерекшеліктеріне құрылады, олар сол халық өкілдеріне ғана түсінікті, тарихи оқиғаға байланысты туған. Мәселен, «Хрен редьки не слаще».

Егер осыны «Хрен редькадан тәтті емес» десек, қандай ерсі болар еді.

«Маржан сөз» қолжазбасы баспаға әзірленер алдында арнайы талқылаудан өтті. Он бес шақты адам сөйлеп, аудармашының әдеби олжаларымен қоса «әттеген-айларын» да атап көрсетті.


Мұзафар Әлімбаевтың «Маржан сөз» атты кітабынан

Мәтіннің басы

 

Ұқсас материалдар