Орталық мұражайдағы он бірінші «Музей түні»

19.05.2016 4181
18 мамыр – «Халықаралық музейлер күні»

Кеше Алматыдағы ҚР Орталық мемлекеттік мұражайы 11-рет «Музей түні» іс-шарасын өткізді. Бұл шара «Халықаралық музейлер күні» мен «Алматының мыңжылдық мерейтойына» арналды. Бір айта кетерлігі, еліміздегі ең көне, ең үлкен мұражайлардың тізімінен табылатын Орталық мұражай «Музей түнін» өткізу туралы бастаманы 2006 жылы елімізде алғашқы болып қолға алған-ды.


«Музей түні» жобасының негізгі мақсаты – жұртшылықтың назарын еліміздің басты мәдени-білім беру нысандары – музейлерге аударту. Ұйымдастырушылар ерекше мерекені ұйымдастыра отырып, «Әркім музейден тағылым алуы тиіс» деген ұлағатты ұстанымды көпшіліктің бойларына сіңіруді көздеді. Бұл күні музей өз қонақтарына тарихи-мәдени құндылықтар әлеміне ғажайып саяхаттар ұсынды.

Атап айтқанда, мұражай қонақтарына музей қорларынан алынған бірегей және сирек заттармен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретін түрлі сипаттағы шаралар мен көрмелер ұсынылды:

1. «Алаумен өрілген өнер» атты көрмеде ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алған көркем керамика мен фарфор топтамалары қойылған. Олардың ішінде орта ғасырлардағы Талхир қалашығында (қазіргі Талғар қаласы) жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған, Чжао династиясының билігі кезіндегі Сун империясының тұсында (960-1279 ғғ.) жасалған қытай тостағаны бар. Сондай-ақ, Мейджи немесе Хочузан кезеңінің (1868-1912 жж.) Шимазу таңбалы Сацума князьдігіне тиесілі жапон тостағаны да бұл көрмеге көрік берді. Бұдан бөлек, Қазақстан, Германия, Англия, Франция елдерінің зауыт-фабрикасында, Императорлық фарфор зауыты, М. Кузнецов, Ф. Гарднер және өзге де зауыттардың жалғыз данада сақталған асханалық ыдыстары да бар;
2. «Бағзының жаңғырған куәлері» атты көрмеде музей қорындағы археологиялық топтамаларындағы қайта қалпына келтірілген артефактілер ұсынылды;
3. ҚР Орталық музейі қорындағы Қазақстанның әйгілі суретшілері – Ф.Болкоев, М.Ержанов, Н.Соловьев, Ж.Шәрденов, Т.Әбуова, Е.Оралов, С.Сухов, М.Сариевтердің туындыларының көрмесі;
4. ҚазКСР Халық әртісі, режиссер, драматург, халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері Кәукен Кенжетаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың Кәукені» атты мемориалдық көрме.


Сонымен қатар, қонақтар Қазақстанның заманауи суретшілері мен мүсіншілері – Ж.Күшікбаев, П.Шорохов, М. Әмірханов, Ф. Тарази, Ж. Алтынбаева, И. Бадамбаева, А. Абдалиева, А. Молдабаев, С. Бектуғановтың қазақ халқының тарихы, дәстүрі мен мәдениетін, Қазақстанның көрікті жерлері мен ескерткіштерін бейнелейтін өнер туындыларымен танысты. «Сырлы аяқтың сыны кетпес» атты дәстүрлі ыдыс-аяқ көрмесінде Орталық музей қорынан алынған жүзге жуық экспонат қойылды.


Бұл күні мерекені тамашалауға келген қонақтар үшін музейдің 4 залына тегін шолу экскурсиялары жүргізілді. «Монеталар сыңғыры», «Қызыл кітап беттерінен», «Өз қаламыздың тарихын білеміз», «Археология әлемінде» интерактивті білім беру бағдарламалары ұйымдастырылды. Қазақстан-Жапон Адамдар ресурстарын дамыту орталығы оригами және жапон каллиграфиясы бойынша шеберлік-сабақтарын өткізді. Ал, О.Таңсықбаев атындағы декоративті-қолданбалы өнер колледжі мен «Бақыт» декоративті-қолданбалы өнер орталығының қызметкерлері мұражай қонақтарын ұлттық қолөнерге баулыды. 


Әзірлеген – Жансая Төлеген

Ұқсас материалдар