Оңтүстік Қазақстан облысы бақша өнімдерін ұлғайтуды көздейді

20.07.2016 5007
Жеміс-жидегімен әйгілі өңір

Жақында ОҚО әкімінің баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен Оңтүстік Қазақстан облысындағы республикалық және жергілікті журналистерге Қазығұрт ауданына пресс-тур ұйымдастырылды. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Тілшілер ондағы «Амангелді» ЖШС-нің жүзім алқабымен және бау шаруашылығымен танысып, шаруалармен жүздесті.

Бүгінде мұнда 150 гектар алқапқа егілген жүзімнің жаздық түрлері жиналып, ішкі нарықта саудалануда. Атап айтқанда, қазығұрттық шаруалар баптаған балғын жүзімдер қазіргі таңда Шымкенттен бөлек, Алматы, Астана және Ақтөбедегі сауда үйлерінде сатылуда. Тамшылатып суғару әдісі арқылы өсіріліп жатқан 7-8 түрлі жүзімнен жыл соңына дейін 2 мың тонна өнім алынып, өткен жылмен салыстырғанда 20-30 пайызға көп жүзім алу жоспарлануда.

 

Шаруашылықтың мұнан бөлек, 400 гектар бауы да бар. Онда бүгінде алма, алхоры, шабдалы сынды жеміс түрлері пісуде.

«Амангелді» ЖШС-нің өнімдерін сақтауға арналған жеке қоймасы бар. Сыйымдылығы 2 мың тонна болатын сақтау орнындағы 10 камера толықтай толған уақытта ондағы өнімдер отандық нарықтан бөлек, шетелдік нарыққа шығарылады. Бүгінде 1 мың гектар егістікке бидай, мақсары, жеміс-жидек пен жүзім өсіріп отырған серіктестік 1999 жылы құрылған.

 

Осылайша, Күнгейде ауыл шаруашылығы дақылдарының жиын терім науқаны қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда диқандар 350 мың тонна көкөніс, 120 мың тонна картоп, 240 мың тонна бақша өнімдерін жинады. Олар өздерінің өнімдерімен еліміздің барлық өңірлерін қамтып, артық өнімдерді Ресей мемлекеті мен солтүстік облыстарға жөнелтуде.

Оңтүстік Қазақстан – облыс халқын толықтай көкеніспен қамтамасыз етіп отырған өңір. 

Жалпы, облыстағы жеміс дақылдары мен жүзімнің барлық егіс көлемі  31 мың гектарды құрайды. Оның 20,6 мың гектары жеміс дақылдары  болса, 10,4 мың гектары жүзім болып отыр. Осы егістіктен биыл 110 мың тонна жеміс-жидек пен 63 мың тонна жүзім жиналады деп күтілуде. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда жүзім бойынша 22 мың тоннаға, жеміс бойынша 49 мың тоннаға артық деген сөз. Бүгінгі таңға 14 мың тонна жеміс жиналды. Оның басым бөлігі өзге мемлекеттерге экспортталып жатыр. Осы жылы Мәскеудің нарығымен қоса, Иваново және Екатеринбург қаларының нарықтары біздің кәсіпкерлеріміз үшін ашылып отыр.

 

Жалпы облыстан негізінен экспортқа картоп, көкөніс, бақша, бидай, ұн, балық және балық өнімдері, өсімдік майы, құс еті және мақта талшықтары шығарылады.

 

Ал, Мақтаралы ауданында бүгінге дейін 126 мың тонна бау-бақша өнімдері жиналған.

Бұл туралы Мақтарал ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев мәлім етті. Оның айтуынша, биыл ауданда 23 мың 358 гектар жерге бау-бақша өнімдері егілген. Шаруалар бүгінге дейін құны 7,6 млрд. теңге болатын 126 мың тонна өнім жинап отыр. Оның 91 мың тоннасы экспортқа яғни, Ресей мен Белоруссияға жөнелтілсе, 35 мың тоннасы ішкі нарыққа жіберілген.

2016 жыл шаруалар үшін қолайлы жыл болып жатқанын айтқан аудан басшысы бұған дейін мақтаралдық диқандар 1,5 мың гектарға қырыққабат егіп, бұл өнімдер еліміздің Солтүстік облыстары мен Ресейдің нарығын қамтығанын жеткізді.

Мақталы өлкеге арнайы барған журналистер, ең алдымен, Ералиев елді мекеніндегі бау шаруашылығымен айналысатын «Аботя» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Мұнда 12 гектар жерге жүзімнің үш түрі, ал 8 гектарға алманың екі түрі егілген. Шаруа баудан 35-40 тонна өнім жинауды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, пресс-тур барысында тілшілер аталған елді мекендегі «Хайет» шаруа қожалығында болып, ондағы жиналып жатқан өнімдерді көрді. Бүгінде жиналған өнімін экспортқа шығарып жатқан қожалық иесі 40 гектар жерге қауын-қарбыз еккенін, оның 10 гектары қарбыз, 30 гектары қауын екенін айтты. Биылғы жылы еккен егіннен мол өнім алып жатқанын айтқан шаруа 1 гектардан 20 тонна мырзашөл қауынын алып жатқанын жеткізді. Ал жалпы 40 гектардан маусымына 1200 тонна қауын-қарбыз жинау көзделуде.

 

Осылайша, жылдағымен салыстырғанда өнімді молынан алып жатқан мақтаралдық диқандар ала жаздай еңбектерінің ақталатынына қуанышты.

Бүгінде облыста көкөніс, картоп, бақша дақылдарының жиыны басталды. Қазіргі таңда диқандар 350 мың тонна көкөніс, 120 мың тонна картоп, 240 мың тонна бақша өнімдерін жинады. Олар өздерінің өнімдерімен еліміздің барлық өңірлерін қамтып, артық өнімдерді Ресей мемлекеті мен солтүстік облыстарға жөнелтуде.

 

Аграрлы аймақта осы жылы көкөніс пен картоп дақылдары жалпы 52,3 мың гектарға, ал бақша өнімі 59,1 мың гектар жерге егілген.Жоспар бойынша жыл соңына дейін 890 мың тонна көкөніс, 1,4 млн. тонна бақша, 256 мың тонна картоп жиналады деп күтілуде.

 

Экономикасы ауыл шаруашылығына бейімделген өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандырып, егіс, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, өнім көлемін арттыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Облыстан негізінен экспортқа: картоп, көкөніс, бақша, бидай, ұн, балық және балық өнімдері, өсімдік майы, құс еті және мақта талшықтары шығарылады.

2016 жылы ауыл шаруашылығы саласында жоспарланған шаралар:

2016 жылы ауыл шаруашылығы саласының негізгі көрсеткіштері бойынша: 

  • Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 368 млрд.теңгені құрауы тиіс;
  • Егіс көлемі 773,0 мың га;
  • Тамшылатып суғару технологиясы 51 мың га;
  • Жылыжайлардың  көлемі 1,1 мың га жеткізіледі;
  • Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру:

Ет – 208,6 мың тонна;

Сүт – 723 мың тонна;

Жұмыртқа – 302 млн. дана.

«Мал шаруашылығын дамытудың 2014 – 2016 ж.ж. арналған іс-шаралары» бойынша:

  • 3078 бірлік шағын мал бордақылау алаңдары;
  • 611 бірлік жанұялық сүт фермалары;
  • 3 СПК құру.
  • «Сыбаға» бағдарламасымен 13,0 мың бас аналық ірі қара мал;
  • «Алтын асық» бағдарламасымен 21,5 мың бас тұсақ мал;
  • «Құлан» бағдарламасымен 2,6 мың бас жылқы алынады.

Қайта өңдеу саласы бойынша: қайта өңдеу кәсіпорындарының қуаттылықтарын қосымша еттен 5,7 мың тн., сүттен 4,7 мың тн. және жеміс-көкөністен 5,7 мың тн. арттыру бойынша жұмыстар жүргізіледі.

«Агробизнес 2020» бағдарламасы аясында 10 инвестициялық жоба іске асырылатын болады.


Әзірлеген Айша КЕРЕЙ

Ұқсас материалдар