Нағи Ілиясов

18.09.2014 5903
Нағи Ілиясов 1920 жылы 18 сәуірде Қызылорда облысы

Нағи Ілиясов 1920 жылы 18 сәуірде Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы «Қызыл коммуна» колхозында  №8 ауылда кедей шаруаның отбасында дүниеге келеді. 1932 жылы әксі қайтыс болғаннан кейін Ташкентке өз бетінше оқуға барып, балалар үйінде тәрбиеленеді.  1936 жылы 7-сыныпты бітіріп алдына үлкен мақсат қойып болашаққа үлкен сеніммен қараған Нағи атамыз Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде жұмысшылар факултетінде оқуын жалғастырды.
1939 жылы Ташкент педагогикалық училищесін бітіреді.  1940 жылы Ташкент маңындағы Жоғарғы Шыршық ауданының орта мектебінде тарих, қазақ тілінен оқытушы болып жұмыс атқарып үлгілі оқытушы деген атақпен жергілікті газетке шықты. 1941 жылы туған еліне  салауатты ұстаз болып оралып, Қызылорда облысына қарасты Теренөзек ауданына келіп №37 Жәдігер  – мектебінде неміс тілі мен орыс тілінен, тарих пәнінен сабақ бере бастайды. 1942 жылы «Тельман» орталау мектебінде неміс тілі орыс тілінен сабақ беріп жүрген кезінде әскерге отан қорғау жолына аттанады. 1942 жылдың қаңтарынан 1946 жылдың қаңтарына дейін армия қатарында болды.

1942 жылдың қаңтарынан бастап қарулы күш құрамында жүріп отан алдындағы азаматтық және бір қатар Шығыс Еуропа елдерінің халықтары алдындағы интернационалдық борышын Отандық бауырластарымен қалтқысыз атқарады. Ұрысқа алғаш Сталинград майданындағы 152-атқыштар бригадасының жеке артилерия дивизионының барлаушысы ретінде Астраханға таяу маңда Халхута поселкісінің маңында кездеседі.  Астрахань қаласынан 80 км жерден фашистерді қуа отырып Берлинге дейін жетеді. Сол жауынгерлік шеру кезінде Ростовты, Донбассты, Украинаның көп жерін, Польшаны, Будапештті, Венаны тағы басқа қалалар мен аймақтарды жаудан азат етуге қатысады.

Батырдың Ұлы Отан соғысының тарихындағы аса ауыр шайқастарының бірі болған Будапешт операциясы еді. Ол төрт айға созылды. 1944 жылдың декабрь айында Румыния арқылы құрамында Нағи Ілиясов бар № 99-шы Қызылту атқыштар дивизиясының барлаушылар взводына Венгрияда Дунай өзенінінің жағалауына өтіп, плацдарм алу керектігі бұйырылған еді. Осы ұрыс кезінде батыр аға оң жақ санына оқ тиіп жараланады. Венгр халқының бестен бір бөлігі тұратын осынау қала мәдени және тарихи ескерткіштерге өте бай еді. Сондықтан совет әскерлері қаланы бүлінуден сақтап қалу мақсатында ұрыс кезінде ауыр артиллерияны қолданбай бар күш жігерлерін аянбай жаумен  шайқасады.

Осы түнгі болған  соғыстан естелік.

«Түн, біз өткелден өте бастағанымызда өзен үстін тұман басқан еді. Аса қатты тыныштық сақталғанымен, гитлерліктер бізді байқап қалды. Осы кезде өзен үстінде көптеген ракеталар жарқылдап, біз алақанда тұрғандай күйде болдық. Дунайдың сол жақ жағасында тұрған катюшалар осы сәтте оқ атқылай бастады. Сөйтіп жаудың от атқылауы тоқтатылды. Оң жақ жағалауға өткен кезде траншейларындағы жау әскерімен төбелес басталып кетті. Бұл өте ауыр ұрыс болды. Дегенмен траншеяның оң жағын тазалап Будапештке баратын үлкен жолға өттік.»

Нағи Ілиясов Венгрия Республикасының құрметті азаматы, екінші дүниежүзілік соғысында Венгрияға бостандық әкелген солдаттардың бірі екенін біз мақтан ете аламыз.

Өмір ауыртпалығын жастайынан көріп өскен Нағи Ілиясов соғыстан кейінгі бейбіт кезеңде партия шаруашылық жұмыстарын атқарады.
1946 жылы қаңтар айынан бастап Нағи Ілиясов облыстық партия комитетінде нұсқаушы, онан соң облыстың комсомол комитетінің кадр жөніндегі секретары болып қызмет атқарды, сол жылы облыстық және қалалық партия комитетінің пленум  мүшесі, сонымен қатар облыстық және қалалық кеңестің депутаты болып сайланады. 1948 жылы Нағи Ілиясов Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады. Соның ізінше Сырдария аудандық партия комитетінде хатшы болды. 1950-1952 жылдары Алматыдағы жоғарғы партия мектебінде оқыды. 1952-1955 жж. Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас аудандық партия комитетінде 2-ші хатшы, 1955-1956 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің нұсқаушысы  қызметін атқарған. 1956-1960 жылдары Тереңөзек ауданындағы Қараөзек совхозының директоры, 1960-1962 жылдары облыстық мал бордақылау-дайындау тресінің директоры, 1962 жылы Жалағаш аудандық атқару комитеті төрағасы орынбасары, 1964-1965жылдары Сырдария ауданы Комсомол совхозы №2 бөлімшесі  меңгерушісі, 1965-1966 жылдары Сырдария ауданы ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет атқарды.1966-1972 жылдары туған ауылында 1 күріш совхозын ашып, оның алғашқы директоры болды. 1972-1976 жылдары Сырдария ауданы Комсомол совхозының директоры, 1976-1981 жылдары Облыстық атқару комитеті еңбек ресурстарын пайдалану бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады.

 Бір кездері майдан шебіне барлаушы болып келген жас жігіттің жүзін әжім торлап, самай шашын күміс қырау шалып, бейнеттің зейнетіне жетіп, 1987 жылдың мамыр айының 6-жұлдызында Алматы қаласында дүние салды. Қызылорда қаласында жерленді.