Мұхтар Əуезов Ахмет Байтұрсынов хақында

17.10.2014 4607
Мұхтар Əуезов Ахмет Байтұрсынов хақында!

Қазақ жұртының өткен күндеріне көз салғанда, оқыған азаматтарының артынан ерген күндері аз да болса мағыналырақ, тəуір күндерінің бірі деп саналады.

Сол оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі болған Ахаңа арналған тұңғыш той – ой ойлаған қазақ баласының жүрегіне жылы тиетін қуанышты істің бірі. Əркімнің қалғыған сезімін оятып, өткен күндерін есіне түсіретін көп істің ішіндегі ірісі.

Ахаңның майданға алғаш жыры шығып, əдебиет, саясат жолында жол бастаған күндері бəріміздің де есімізде. Кешегі күні оқушы болып, соның тəрбиесінде жүрген күндерімізді көз алдымызға елестеді. Ахаңның қазақ оқушысының ойы мен пікірін тəрбиелеген заманнан бір ай ұзағамыз жоқ. Кешегі күндерге шейін бəріміз де жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиет-үлгісі əлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы үкіметтік өр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға сіңірген пікірі əлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді.

«Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір- білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мек- тепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ахаңның бұл істеген қызметі қазақтың ұзын ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет. Істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш – мəңгілік ескерткіш.

Қазақ жастарының ардақты тəрбиешісі Ахаң сөйлегенде менің есіме «Қазақ» газетінің əндері түседі. Біз ол күнде мектеп ішінде жүрген бала едік. Бірақ патша саясаты темір бұғаудай мойынға батып, қазақ жұртын əлсіретіп, «кедейді шалапқа мас қылып, байды қымызға мас қылып», елдігін жоғалтып бара жатқанын тұманды оймен сезуші едік, көмескі жауы қазақтың бесіктегі баласының көзіне де елестегендей еді.

Сол уақыттарда «Қазақ» газетінің бетінен анда-санда оқып отырған əсерлі анық сөздер, қауіптің пішінін айқын қылып көрсетіп, мектептегі жас балалардың сезімін түзу жолға беттегендей болушы еді. Жас буынның жаңа туып келе жатқан əлсіз ойын жол мұндалап, жетегіне алып бара жатқандай байқалушы еді. Мектептегі сабағын оқымайтын бала «Қазақ» газетін көрген жерде қадалып тұрып қалатын.

Бөтен қалада қыр есіне түсіп, елін ойлап жүрген балаға

«Қазақ» газеті ауылынан келген сəлемдемедей болатын. Ел ба- сына келген бəленің атын білмей, түсін танымаса да елі мінген еспесі жоқ қайықты теңіздің ішінде жылжытып бара жатқан жел мен құйынның бар екенін оқып жүрген бала да сезетұғын.

«Қазақтың еңкейген кəрі, еңбектеген жасына» түгелімен ой түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң «маса» болып талай ызыңдап «оятамын» деп ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ахаңның екпіні болатын. «Қазақ» газетінің сол заманнан бері қарай талай өмірі өткен сияқты. Бұл уақыттың жылдай, саусақпен санағандай аз жыл болса да болып өткен уақиғаларына қарағанда көп, заманға жауап ұратын толқынды заманның бірі.

Ел-шежіре

Ұқсас материалдар