Ұлы Отан соғысының дыбыстары (фото және аудио)

05.03.2015 26042
Бейбітшіліктің қадірін білу үшін кейде соғыстың қандай болатынын да бір сәт елестеткен жөн.

Бүгін қазақ жастары соғыс дыбыстарын ешқашан естімеген және естімей-ақ та қойғаны дұрыс. Өкінішке орай, көпшілігіміздің ата-апаларымыз оны естуге мәжбүр болды. Мұндағы дыбыс дегеніміз әуен емес. Шайқас алаңдарында әскери оркестрлер болмады. Тек оқ пен ұшақтың, артиллерия мен танктердің гүрсілі мен гуілі. Миллиондаған Кеңес жауынгерлері, оның ішінде біздің де аталарымыз төрт жыл бойы осы дыбыспен оянды, күресті және қажет болған жағдайда дүниемен қоштасты. Бейбітшіліктің қадірін білу үшін кейде соғыстың қандай болатынын да бір сәт елестеткен жөн.  

Соғыстың басталғаны жайлы радиохабарлама

1941 жылы 22 маусым күні, жексенбіде, Кеңес Одағының 200 миллионнан астам халқы Юрий Левитанның соғыстың басталғаны жайлы атақты радиохабарламасын естіді. Олардың көбі жақын арада соғыстың құрбаны және батыры атанатынын, жаудың тұтқынына айналатынын, ауыр жарақат алатынын, отбасынан айырылатынын білмеді. 

 

«Әуе дабылы» белгісінің берілуі

23 маусым күні сағат 01:45 уақытында Ленинградта алғашқы әуе дабылының белгісі берілді. Соғыс жылдарында мұндай белгі 649 рет берілді. 26 маусым күні радиодан метроном жұмыс істей бастады. Оның белгілі бір уақыт сайын тықылдауы радионүктенің істеп тұрғанын білдірді. Ол радио тұрақты жұмыс істеуі тиіс болды, өйткені әуе дабыл белгісі кез келген сәтте болып қалуы мүмкін еді. 

КСРО қалаларының бомбалануы

22 маусым күні таңғы сағат 4 уақытында КСРО қалаларының бомбалануы басталды. Жаудың көздегені Рига, Минск, Одесса, Киев, Севастополь, Смоленск қалаларындағы әскери аэродромдар болды. 22 маусым күні өзінің радиохабарламасында Молотов бомбалану кезінде 200 адам қайтыс болғанын айтты. Соғыстың алғашқы күні қайтыс болған адамдардың нақты саны белгісіз. 

Аты аңызға айналған Т-34 танкісі

Атақты «отыз төртіншінің» конструкторы – М.И.Кошкин.  Әлемдегі ең көп шығарылған танк – соғыс жылдары 35 000 астам данасы әзірленді. «Отыз төртінші» шабуылдаушы жаяу әскерді қолдау үшін пайдаланылды. 1943 жылы «Курск иініндегі» шайқастан кейін танк модернизацияланып, оған 85 мм зеңбірегі бар жаңа мұнара орнатылды. Жаңа зеңбірек немістің «Жолбарысындағы» баламасынан әлдеқайда тиімді еді.  


РГ-42 қол гранатасы

Ұлы Отан соғысы кезінде жауынгерлер С.Г.Коршуновтың конструкциясындағы гранатаны жарылғыш консерві деп атап кетті. Мамандардың айтуынша, ол өте тиімді қарулардың бірі саналады. Оның ерекшелігі сол, корпусы кәдімгі консерві банкісіне ұқсайды, тек өлшемдері басқаша және қойытылған сүттің орнына онда жарылғыш зат бар. Бір қызығы, РГ-42 әлі күнге дейін Қытайда шығарылады екен. 



ППШ пистолет-пулеметі

Алғашында Кеңес Одағында пистолет-пулемет танымал болмады, себебі оны «бұзақылардың қаруы»  және сол себепті мұндай қару Қызыл әскерге лайықты емес деп есептеді. Алайда 1939-1940 жылдардағы қысқы соғыс тәжірибесі бұл қаруға деген көзқарасты күрт өзгертіп, 1940 жылы Дегтярев пистолет-пулеметі (ППД) қару-жарақ құрамына енді. Эксплуатация барысында конструкцияның маңызды әлсіз тұстары анықталды: патрондардың сенімсіз берілуі және дайындығы аса қиындығы. Бұл кемшіліктерді Дегтяревтің шәкірті Георгий Шпагин жойып, өзінің ППШ-1 пистолет-пулеметін ұсынды.

Соғыс жылдарында 6 миллионнан астам ППШ шығарылды, дәл осы уақытта немістердің МР-40 автоматы бар-жоғы 934 мың дана еді. 


Ил-2 штурмовигі

«Ұшқыш танк» атанған атақты Ил-2 штурмовигі Сергей Ильюшин жетекшілігімен жасақталды. Соғыс жылдары аталмыш ұшақтың 36 мың данасы әзірленген болатын. Бұл жердегі нысананы төмен биіктіктен шабуылдауға арналған машина еді. Конструкцияның негізгі ерекшелігі – ұшақ пен ұшқышты қорғайтын сауыты. Ил-2 сауыты кішікалибрлі снарядтар мен оқтардан қорған болып қана қоймай, фюзеляждың күштік конструкциясының бір бөлігі ретінде қызмет етті.

Ұшақты алғашында екі орынды етіп жасағысы келген, алайда қозғалтқыштың әлсіздігінен Ильюшин екінші қатардағы атқыштан бас тартуға мәжбүр болды. Бір орынды «Ил» соғыс қарсаңында қолданысқа еніп, танктер мен автоколонналарға қарсы өзінің тиімділігін көрсетті, алайда ол жау ұшақтарының алдында әлсіз болды, өйткені арт жақтан қорғайтын ешкім болмады.

Оралмау жағдайлары жиі болғандықтан, Кеңес Одағы Батыры атағын 10 рет ұшып келген ұшқышқа бере берген (әдетте бұл атақты алу үшін 100 рет ұшып келу керек болған). Тек 1942 жылы ғана екі орындық Ил-2М сынақтан өтіп, өндіріске қойылды. 



БМ – 13 (Катюша)

Атақты «Катюша» әскери машинасы соғыс кезінде барлық ірі операцияларға қатысты. Германия сарбаздары жаңа қаруда қайтсек те қолға түсіреміз деумен болды. Алайда батарея бір жерде ұзақ тұрақтамай, снарядтарын атып болған соң, бірден орын ауыстырып отырды. Бұл амал соғыс кезінде жиі қолданылды. БМ-13 132 мм калибрлі 16 реактивті снарядпен оқталды. Снарядтар 15-20 секунд ішінде атылады. Снарядтың ұшу дәлдігі – 8-8,5 км. Жылдамдығы сағатына 50-60 шақырым. Қайта оқтауға 3-5 минут қажет. Сол себепті бір сағатта он рет қайта оқталып, 160 снаряд ата алады. 



Жеңіс туралы хабарлау

1945 жылы 9 мамырға қараған түні сағат 2 кезінде радиодан маңызды хабарлама берілетіндігі айтылды. Сағат 2-ден 10 минут өткенде Юрий Левитан фашистік Германияның әскери капитулциясы жөніндегі Акті мен КСРО Жоғары Кеңесінің Төралқасының 9 мамырды Жеңіс күні ретінде жариялау туралы Жарлығын оқып берді. 




Дәурен Омаров

Материал Айгерім Тукушеваның материалы негізінде әзірленді

 

Ұқсас материалдар