ҰЛТ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ ЖАЛАУГЕРІ – ҚАШАҒАН ЖЫРАУ - 2

03.03.2014 2469
Ақын осыншама жазықты-жазықсыз адамды жалмаған апаттың сырын «табиғаттың мылқау күшінен» емес, адам баласының өзінің ішкі болмысынан іздейді.

Ақын осыншама жазықты-жазықсыз адамды жалмаған апаттың сырын «табиғаттың мылқау күшінен» емес, адам баласының өзінің ішкі болмысынан іздейді. Адамның рухани азғындауына, пейілінің бұзылуына орай жіберген Алланың жазасы деп ұқтырады. Жырдың ресми мәтінінде осы ойларды айғақтайтын жолдар түсіп қалған:

Асылың шикі топырақ,

Асылы топырақ болған соң,

Адамның ісі ғапыл-ақ,

Өлмейтіндей көргенмен

Адамға ажал жақын-ақ.

Өлерін адам білгесін

Төсекке түнде кіргенде

Иманыңды айтқан мақұл-ақ.

Алласы түспей ауызына

Сөйлемек жаман шатынап.

Тәубаға кел тірлікте

Құдайға жылап аһылап.

Ақыреттің қайығын

Бір мінгесін ылаулап,

Келмегің қиын қатынап.

Ізіңді бағып шайтан жүр,

Қалт жібермей бақылап...

«Ресми мәтіндегі» «кеңестік түсініктің» немесе «кеңестік түсінбеушіліктің» салқыны тиген өлең тармақтарын көрсете кетейік. «Ресми нұсқасында»:

Ғаламат мұндай тұс болды,

Азғындар азып мыс болды.

Әлпештеген арудың

Кеудесіне қара құс қонды.

Ауызша жырланған нұсқасында:

Ғаламат мұндай түс болды,

Алтындар азып мыс болды.

Қызылдан киім киінген,

Мамықтан төсек жиынған

Әлпештеген арудың

Кеудесіне қара құзғын құс қонды.

«Қызылдан киім киіну» мен «мамықтан төсек жиыну» образы «әлпештеген арудың» қаншалықты аяулы екендігін, соның ішінде арудың қазақ деген ұлттың дүниетанымындағы, болмысындағы орнының ерекше екендігін, сөйтіп әлпештеген аруыңның – ұлтыңның болашақ анасының – кеудесіне жай қара құс емес, қара құзғын құстың қонғанын (құзғынның өлексеге қонатынын ойласақ) сол арқылы қазақ ұлтының басына түскен ахуалдың қаншалықты қасіретті екендігін меңзеп отыр. Сондай-ақ, «ресми нұсқадағы»:

Малынан пайда көрмеген,

Қанағатсыз Қарынбай,

Барын жоқ деп құрынған.

Жұлдызды жатқа санасақ,

Қисап етіп қарасақ,

«Мың тасқанға бір тосқан»

Бар емес пе еді бұрыннан?!

деп берілген жолдардың ауызша жырлаудағы нұсқасы әлдеқайда терең әрі жүйелі деуге болады:

Малынан пайда көрмеген,

Қанағатсыз Қарынбай,

Барын жоқ деп құрынған.

Табалап оны қайтейін, –

 Құдайдың торы құрылған!

Өнеге үшін айтамын,

Кейінгі туған жас бала

Таймағай деп жол мен ырымнан.

Жұлдызды жадқа санасақ,

Хисап етіп қарасақ,

«Мың тасқанға бір тосқан»

Бар емес пе еді бұрыннан?!

«Табалап оны қайтейін, Құдайдың торы құрылған!» деген жолдар жыраудың өкініші мен шарасыздығын танытады. «Жұлдызды жатқа санау» дегеннен гөрі «жұлдызды жадқа санау» тіркесі қисындырақ тәрізді. «Жад» – арабтың «ес» ұғымындағы сөзі десек, «жұлдызды жадқа санаудың» мағынасы «халықтың өткені мен болашағын жұлдыздарға қарап, болжап, есептеп отыру», қазақ халқының астрономиялық қабілеті туралы айтылып тұрған болу керек деп ойлаймыз. Сонда «жұлдызды жадқа санау» тіркесін: «жұлдызды халықтың жады деп санау, есептеу» ұғымында алу керек болады.

            «Ресми басылымнан» сусып түсіп қалған жырдың ендігі бір қомақты шоғыры – «пікір ету» мен «тәубаға келу» идеясын насихаттайтын діни мазмұндағы өлең жолдары:

Және бір мысал айтайын:

Әзіреті ер Ғали:

«Тұтқасы болса ұстайтын

Қара жердің қабатын

Қозғар едім», – деп еді.

Көңілін Алла семдірген –

Сол сөзінің себебі.   

Дәуіттің ұлы Сүлеймен

Он сегіз мың ғаламға

Патша болып ол тұрған.

Нұры суға түскен соң

Патшалықтан айырылып,

Бұқарашылық жол қуған.

Өтірік айтып тайсалман,

Наданның сөзін айта алман,

Айырма, Алла, тағаттан.

Хақ жолға баста, Жаратқан!

Дәуіттің отыз ұлына

Әзірейіл құрық салғанда,

Бәрін жинап алғанда,

Арасы алыс болмапты

Анығы жалғыз сағаттан.

Перғауын патша зор болған,

Шайтанға құлқын билетіп,

Зұлымдықты мол қылған.

Тәккәпарлық еніп көңіліне,

Мөлшерлі күні мұны да

Ніл дария жұтып қор қылған.

Қазинесі көп Алланың,

Фазылынан шет қалмаң.

Алласыз іс қылам деп,

Пайда бермес мақтанған.

Менмендіктен қайыр жоқ,

Арам қан жиып көңілге,

Көкірегі таттанған.

Адамзатқа сол керек –

Құдайдан қорқып сақтанған.

Тәкәппар мен менменнің

Пиғылына тап келіп,

Осындай рет көп болған.

Мейлің патша, мейлің құл,

Өлшеулі сағат соққанда

Бәрі де соның жоқ болған.

Жан жаратқан Алланың

Кеңшілігіне тап болар

Тәуба мен шүкір еткен жан...

Патшалығынан айрылған Дәуіттің ұлы Сүлеймен, отыз ұлы бір сағаттың ішінде көз жұмған Дәуіт, Әзіреті ер Ғали – Алланың көзі түскен пайғамбарлары болса, қауымымен бірге Ніл дарияға жұтылған Перғауын –  кәпірлердің патшасы – бірі көңіліне сәл болса да күпір ой келгендіктен, енді бірі Аллаға жақпас іс қылып, менмендік, жауыздық іс қылғандықтан, қатерге ұшырады. Әрқайсысы бір-бір қиссаға азық болатын оқиғаларды Қашаған жырау тәптіштеп баяндап жатпаған. Қара күштің иесі Әзіреті ер Ғалидың жауыздардың қолынан мешітте өлтірілуін «көңілін Алла семдірген» деп ишаралайды. 18 мың ғаламды билеген Дәуіттің ұлы Сүлейменнің пері қызының сөзіне еріп, құстарға қиянат жасамақ болғаны үшін патшалықтан айырылуын «нұры суға түскен соң, патшалықтан айырылып...» деп береді. Оның себебі – біріншіден, бұл оқиғалар Қашағанның өмір сүрген кезеңінде кез-келген қазақтың баласына көзін тырнап ашқаннан тыңдап өскен қиссалары арқылы таныс болатын; екіншіден, жырдың прагматикалық  мақсаты (әсерлілігі) үшін оқиғаларды тізбектеп жату маңызды емес, сол оқиғалардың салдарын, ұрпаққа сабақ болатын өнегесін айту маңыздырық болса керек. 

...басы

жалғасы...

Ұқсас материалдар