Кореялық дәрігерлер елордада шеберлік сыныбын өткізді

27.10.2016 1086
1 қазаннан бастап аталған корпорация жергілікті мамандарды екі ай бойы тегін оқытатын болады.

Астананың №2 қалалық ауруханасында Ча Бунданг ауруханасының (Сеул, Оңтүстік корея) жетекші дәрігер гастроэнторологы профессор Коның жетекшілігімен асқазан қатерлі ісігі бар науқасқа жоғары мамандандырылған ота жасалды. Бұл әдістеменің ерекшелігі – операцияның эндоскопиялық жолмен өткізілетіндігі.

Шеберлік сыныбы биыл Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы мен Сеулдің Сунг Кван Чаум медициналық қорының арасында жасалған ынтымақтастық жөніндегі меморандум аясында жүзеге асты.

- Бүгін профессор Ко өте сирек жасалатын операция түрі бойынша шеберлік сыныбын өткізді. Негізі, Ча медициналық корпорациясы Оңтүстік Кореядағы ірі ұйымдардың бірі. Хирург, эндоскопист және өзге де мамандарды даярлауда практикалық көмек көрсетеді, - деді №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Иван Ли.

Оның айтуынша, 1 қазаннан бастап аталған корпорация жергілікті мамандарды екі ай бойы тегін оқытатын болады.

Бірегей эндоскопиялық жолмен өткізілген операция ота жасау аумағын азайтып, пациентті аз жарақаттайды, ауруханада жату мерзімін азайтып, тез жазылуына септігін тигізеді. Операцияның бұл түрі елордада алғаш рет жасалды.

Профессор Коның айтуынша, қазіргі кезде мұндай оталар ЧА Бунданг ауруханаларынан басқа, Оңтүстік Кореяның 50 клиникасында жасалады.

- Біз асқазан мен өңештің қатерлі ісігін бастапқы кезеңде анықтаймыз. Ал Қазақстанда қатерлі ісік табылса, көп жағдайда резекция жасалады деп естідім. Органды алып тастайды, ал біз тек зақымданған бөлігін ғана аламыз. Бізге Қазақстаннан операция жасатуға адамдар көп келеді. Сіздердің дәрігерлеріңіз келіп оқысын, өзіміз де келіп көрсетеміз,- дейді дәрігер.

Айта кетейік, Оңтүстік Кореядағы Ча Бунданг ауруханасында бір жылда 1 млн жуық адам амбулаторялық ем-дом қабылдаған. Мекеме науқастарды қабылдау саны бойынша Кореядағы үздік он аурухананың бірі.

Ұқсас материалдар