Конституциялық заңдылық Қазақстан Республикасын құқықтық мемлекет ретінде орнықтырудың басты кепілі ретінде

23.05.2015 11364
Конституциялық заңдылық Қазақстан Республикасын құқықтық мемлекет ретінде орнықтырудың басты кепілі ретінде

Назарларыңызға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы факультетінің конституциялық және әкімішілік құқығы кафедрасының доценті Жарболова Айгерімнің мақаласын ұсынамыз

Құқықтық мемлекет ретінде конституцияға сәйкес мемлекет заңнамасы қабылданып, ұлттық құқығы дамыған, қоғамдық жүріс-тұрыс заңдарға негізделетін мемлекетті көрсетуге болады. Құқықтық мемлекетте жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтары сақталып, мемлекетке қатысты жеке тұлғаның мүдделерінің басымдығы танылады, жеке тұлғаны түрлі заңсыз әрекеттерден қорғаушы негізгі тетіктің бірі ретінде соттардың тәуелсіздігі, әділдігі жүзеге асырылады. Құқықтық мемлекет – құқық (заң) үстемдік ететін мемлекет. Құқық (заң) конституцияға негізделетіндіктен, конституция бүкіл құқықтық жүйенің, заңнаманың өзегі болып өрілетіндіктен Қазақстан құқықтық мемлекет орнықтыруды мақсат етіп ұстанған тұста конституцияның заңдылық мәселесі алдыңғы кезекке шығады. Олай дейтініміз, біріншіден, құқықтық мемлекет қоғам өмірінің барлық салаларында құқықтың үстемдік етуі, бүкіл мемлекеттік тетіктің құқықпен байланыстығы, конституциялық заңдылық, т.с.с. қағидаларға негізделеді. Құқықтық мемлекеттің мәнінің өзі барлық мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдардың, қоғамдық ұйымдар мен жеке тұлғалардың құқықтық нормаға қатаң сәйкестікте әрекет ету тиістілігін, басқаша айтқанда мемлекетте құқықтың (конституцияның) үстемдік етуін білдіреді. Екіншіден, Республика Конституциясында Қазақстанның құқықтық сипатын анықтайтын белгілер көрініс тапқан. Олар: соттың тәуелсіздігі, жеке тұлғаның шынайы бостандығы, оның құқықтары мен бостандықтарының кепілдендірілуі, биліктің үш тармаққа бөлінуі әрі олардың тежемелік және тепе-теңдік жүйесі арқылы өзара іс-қимыл жасауы, заңның жоғарылығы, заң алдында адамдардың теңдігі, т.с.с. Тиісінше конституцияның бұзылмауы, сақталуы Қазақстан мемлекетінің құқықтық сипатын анықтайтын белгілердің сақталуын, жүзеге асырылуын анықтайды. Үшіншіден, құқықтық мемлекет құрудың қазіргі кезеңі адам және азаматтың қадір-қасиетін, құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселесінің бірінші кезекке шығуымен сипатталады. Ал, ол өз кезегінде елімізде конституциялық заңдылық режимін қалыптастыру арқылы қамтамасыз етілмек. Конституциялық заңдылық Конституцияда баянды етілгендей адам өмірінің, оның құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің ең қымбат қазынасы ретінде өз қолданымын табуының, адам құқықтары мен бостандықтарының танылып, оларға кепілдік берілуінің, адамның заң алдында теңдігінің, өз құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғау құқығының жүзеге асырылуының алғышарты, негізі болып табылады. Конституциялық заңдылық мәні бойынша нормативтік ережелердің Конституция талаптарына нақты сәйкес келуін және қоғамдық қатынасқа қатысушылардың Конституция нормаларын сөзсіз орындауы мен сақтауын білдіреді. Бұл аталғандар құқықтық мемлекет қалыптастыруда конституциялық заңдылық қағидасының анықтаушы, маңызды болып табылатындығын, оны қамтамасыз ету тетіктерін әрдайым жетілдіріп отыру қажеттігін анықтайды.

Конституциялық заңдылық Қазақстан халқының мұрат-мүддесінің жүзеге асуы тұрғысынан алсақ та маңызды болып табылады. Оны Конституцияны қабылдауда Қазақстан халқының мұрат еткен, қол жеткізуді мақсат еткен мүддесімен байланыстыра отырып қарауда байқауға болады. Конституцияның кіріспесінде аталғандай ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы Конституцияны дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып қабылдаған. Олай болса, болашақ ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілігін сезіне отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып халық қабылдаған біздің Конституциямыздың сақталуы, бұзылмауы, тиісінше жоғарылығы Қазақстан халқының мұратына жетудің басты негізі болып табылады.

Конституциялық заңдылық категориясы, конституциялық заңдылық режимі конституцияның жоғарылығымен байланысты. Конституцияның жоғарылығы мемлекеттің барлық тетіктерінде, қоғамның барлық салаларында конституциялық заңдылықтың орнығуын, мемлекеттің құқықтылығын сипаттайтын критерийлердің жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді. Конституцияның жоғарылығы орын алған мемлекеттегі конституциялық заңдылық жағдайы мемлекетті «құқықтық» ретінде анықтауға негіз береді. Ал, конституциялық заңдылық режимін орнықтыру үшін конституцияның жоғарылығының маңыздылығын мойындап қана қоймай оның нормаларының шынайы жүзеге асырылуының, барлық қоғам салаларында конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету үшін конституцияның бұзылмауының тетіктерін қарастырып, жетілдіру қажет. Оның ішінде біріншіден, құқықтық мүмкіндігі өзінің тағайымына лайық конституциялық бақылау институтын қалыптастыру керек. Себебі, конституциялық бақылау мемлекеттің құқықтылығының негізі, әрі көрсеткіші болып табылатын конституцияның жоғарылығын қамтамасыз ету функциясын білдіреді. Әрі республикамызда конституциялық бақылау институтының қалыптасуының өзі Қазақстанды құқықтық мемлекет ретінде дамыту бағытында пайда болған конституциялық бағыт-бағдарлармен тығыз байланысты деп есептеледі. Оған негіз бар. Себебі, басқа нормативтік құқықтық актілерден мемлекеттің негізгі заңының басым, үстем жағдайда болуы құқықтық мемлекеттің негізгі өлшемі болып табылады. 

Конституциялық бақылау институтын жетілдірумен қоса, қоғам мүшелерінің құқықтық мәдениетін, құқықтық санасын, құқықтық білім деңгейін көтеру де маңызды болып табылады. Құқықтық білім деңгейі жоғары, сауатты адам ғана Республикамызды құқықтық мемлекет ретінде орнықтыру үшін конституциялық заңдылық режимін қалыптастырудың маңызын түсіне алады, қажеттігін көре алады. Мемлекеттің отансүйгіш азаматы ретінде әрбір адам қоғамның конституциялық сауаттылығын, құқықтық білімін көтеру бағытында еңбек етуі қажет. Тиісті бағытта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің заң факультеті қоғамның маңызды бөлігі ретінде студенттерге Конституция туралы білім беріп қана қоймай, жыл сайын республикалық, халықаралық деңгейде Конституция күніне орай ғылыми-тәжірибелік іс-шаралар (конференциялар, дөңгелек үстелдер) өткізіп тұрады. Республика Конституциясы күніне орай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқығы кафедрасы мүшелері ұйымдастырған соңғы конференция (2014 ж.) «Польша Республикасы мен Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы: даму тәжірибесі мен жетілдіру мәселелері» тақырыбында өткізіліп, онда демократиялық мемлекеттік құрылыстың маңызды бастауларын, адам және азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтарын бекіткен, мемлекетіміздің тәуелсіздігінің негізі болған, еліміздің ішкі және сыртқы саясатының дамуының басым бағыттарын анықтаған ҚР Конституциясының мәні мен маңызы, дамуы, негізгі қағидаттары, даму потенциалы қарастырылып, талқыланды. Конференция барысында баяндалған мәселелер мен оның ұсыныстары «Конференция материалдары» түрінде жарық көріп, Қазақстан қауымының назарына ұсынылды. Тиісті шараның, оның жарияланған нысанының қоғамның құқықтық білімін көтеретініне сеніміміз жоғары.

Олай болса, қорытынды ретінде айтарымыз: құқықтық мемлекет ретінде жан-жақты дамыған заңнамасы қалыптасқан мемлекетті емес, сол заңнамасы бірінші кезекте конституцияға негізделген, сәйкес келетін әрі шынайы өмірде жүзеге асырылатын, қоғам мүшелері Конституция шегінде әрекет ететін мемлекетті атауға болады. Тиісінше қай елде болмасын құқықтық мемлекет орнатуда конституцияның жоғарылығын көтеру үшін, жаппай конституциялық заңдылық режимін орнату үшін заңнамалық актілердің дұрыс қолданылуын, орындалуын қамтамасыз етумен қоса халықтың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық мәдениетін, құқықтық сана-сезімін жақсартып, көтеру керек, себебі «...құқықтық мемлекет өзінен өзі қалыптаспайды. Ол мемлекеттің, оның органдары мен мекемелерінің тұрақты нысаналы қызметінің, мемлекеттік қызметкерлердің өз міндеттерін абыроймен орындау процесінде іске асады».

 

Жарболова А.Ж. – з.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық

және әкімішілік құқығы кафедрасының доценті

 


 

Text-to-speech function is limited to 100 characters

Ұқсас материалдар