Халық әндерінің жанашыры Аллажар Қайбар бала тәрбиесі жөніндегі ойымен бөлісті

23.07.2015 6737
ҚР Президенті оркестрінің әншісі, халық әндерінің жанашыры Аллажар Қайбар сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі ғана емес, астаналық бір отбасының отағасы, үш баланың әкесі.

ҚР Президенті оркестрінің әншісі, халық әндерінің жанашыры Аллажар Қайбар сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі ғана емес, астаналық бір отбасының отағасы, үш баланың әкесі. Ата-әжесінің қолында өсіп, әке-шешесінің тәрбиесін көріп, ұлттық тәлім-тәрбиені бойына сіңірген Аллажар аға El.kz оқырмандары үшін отбасындағы бала тәрбиесіне қатысты өз ойымен бөлісті.

Аллажар аға, сұхбатымызды 1998 жылдан, елордасы Алматыдан Астанаға ауысқан шақтан бастасақ. Білуімше, сіз сол жылдары алғашқылардың бірі болып Астанаға көшіп келіпсіз.

- Негізі, біз 1992 жылы Моңғолиядан көшіп келгенбіз. Павлодарда мектепке бардым. Ыбырай Алтынсарин атындағы Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектепті бітірдім. Бала кезімнен дәстүрлі әндерге қызығатынмын. Алайда, ол кезде еліміздің солтүстік аймақтарында өнер университеті болған жоқ. Содан, өзіміздің Павлодар қаласындағы техникалық университетке оқуға тапсырдым Бірақ сол 1997-98 жылдары, өзің айтып кеткендей, елдің астанасы Ақмолаға ауысқан кезде, Астанада музыкалық академия ашылатын болды. Көктен тілегенім, жерден табылғандай болды. Сөйтіп, Павлодардағы оқуымды тастап, Астанадағы музыкалық академияға (қазіргі Қазақ ұлттық өнер университеті) түстім. Астанаға келуімнің себебі осында.

-  Өнердің қай саласын таңдадыңыз?

- Дәстүрлі ән саласын, әрине. Дәстүрлі ән мектебі бес түрге бөлінеді ғой: Алтай-Тарбағатай, Арқа, Сыр, Жетісу және Батыс. Мен соның Арқа мектебінде оқыдым. Арқа мектебінің стилі сонау Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай сынды сал-серілерден, одан бері Әміре, Жүсіпбек, Жәнібек аталарымыздан жалғасып келе жатқан мектеп. Жәнібек Кәрменовтың шәкірті Ербол Сарин деген үлкен ағамыз бар, 8 жыл сол кісінің қолынан дәстүрлі ән мектебінен сабақ алдым.

Қателеспесем, жұбайыңызбен осы жерде танысқансыз?

- Иә, ол кісі Ақтөбеден келіп, классикалық вокал мектебінен профессор Әзірбайжан Мәмбетовтың жұбайы, Халық әртісі Хорлан Қалиламбекова апайдан сабақ алды. Ол кісі жатақханада үшінші қабатта тұрды, мен екінші қабатта тұрдым. Сол кезде таныстық. Қазір жолдасым Әсем де мен де ҚР Президентінің оркестрінде жұмыс жасаймыз. Басында жұмыстан берілген жатақхананың бір бөлмесінде тұрдық. Бір қызым, екі балам бар, құдайға шүкір. Кейін жұмыстан пәтер алдық.

Халық әндерін орындайсыз, бос уақытыңызда саятшылықпен айналысасыз, жылқы баптайсыз. Ұлттық салт-дәстүрді қадірлеп, құрметтейтін азаматтардың бірісіз. Ал, бала тәрбиесінде қандай қағидаттарды ұстанасыз?

- Бала ештеңеге мұқтаж болмауы керек және балаға өтірік айтпау керек. Қазіргі кезде теледидарды қосып қалсаң 40-50 канал бар, онда-керегінен гөрі керексіз дүниелер көп. Одан келе интернет бар, ол жерде арсыз дүниелер, баланың санасын улайтын заттар бар. Сондықтан, баланың не қарайтынына көңіл бөлу керек. Дұрыс, пайдалы дегенін көрсету қажет. Сонсоң, балаларға аңыз әңгіме айтқаннан гөрі, шынайы дүниелерді көбірек айту керек. Қазіргі қоғам соны қажет етеді. Әке-шеше баланы имандылыққа баулуы керек. Адамдармен қалай қарым-қатынас жасауды, қоғамда өзін қалай ұстауды үйретіп, өмірде бағыт-бағдар беруі керек.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Қаламқас Нұрмақова

Ұқсас материалдар