Еуро-2016 додасындағы қарсыластар туралы мәлімет

25.02.2014 4161
Футболдан 2016 жылғы Еуропа чемпионатының жеребесі тартылды. «А» тобына түскен Қазақстан құрамасының қарсыластары мыналар: Нидерланд, Чехия, Түркия, Латвия, Исландия.

Футболдан 2016 жылғы Еуропа чемпионатының жеребесі тартылды. «А» тобына түскен Қазақстан құрамасының қарсыластары мыналар: Нидерланд, Чехия, Түркия, Латвия, Исландия.

Бұл Еуропа чемпионаты бұрынғыдан өзгерек. Осы жолы әдеттегідей 16 емес, 24 құрама өнер көрсетеді. Жарыс ережесі бойынша 53 мемлекет 9 топқа бөлінді. Әрбір топтан бірінші және екінші орын алған командалар тікелей жолдама алады. Сондай-ақ, үшінші орын алғандардың ішінде ең жоғары ұпай жинаған құрама Еуропа біріншілігіне қосымша іріктеусіз қатысады. Ал әрбір топта үшінші орын алған қалған сегіз мемлекет төрт жолдама үшін тартысқа түседі. Франция жарыс қожайыны ретінде ешқандай іріктеуге қатыспайды.

Жеребе қорытындысы мынадай:

«А» тобы.
Голландия, ҚАЗАҚСТАН, Исландия, Латвия, Түркия, Чехия.
«В» тобы.
Босния және Герцеговина, Андорра, Кипр, Уэльс, Израиль, Бельгия.
«С» тобы.
Испания, Люксембург, Македония, Беларусь, Словакия, Украина.
«D» тобы.
Германия, Гибралтар, Грузия, Шотландия, Польша, Ирландия
«Е» тобы.
Англия, Сан-Марино, Литва, Эстония, Словения,Швейцария.
«Ғ» тобы.
Грекия, Фарер аралдары, Солтүстік Ирландия, Финляндия, Румыния, Венгрия.
«G» тобы.
Ресей, Лихтенштейн, Молдова, Черногория, Австрия, Швеция.
«Н» тобы.
Италия, Мальта, Әзербайжан, Армения, Норвегия, Хорватия.
«I» тобы.
Португлаия, Албания, Болгария, Сербия, Дания.

Қазақстан іріктеуді Астанада Латвияға қарсы кездесумен бастайды.

Қалған ойындардың кестесі мынадай:

09.09.2014. Қазақстан – Латвия

10.10 2014. Голландия – Қазақстан

13.10.2014. Қазақстан – Чехия

16.11.2014. Түркия – Қазақстан

28.03.2015. Қазақстан – Исландия

12.06.2015. Қазақстан – Түркия

03.09.2015. Чехия – Қазақстан

06.09.2015. Исландия – Қазақстан

10.10.2015. Қазақстан – Голландия

13.10.2015. Латвия – Қазақстан

Қазақстан құрамасы жайлы аз-кем мәлімет:

Қазақстан ұлттық құрамасы 1992-2013 жылдар аралығында 151 (+37=34-80) ойын өткізген. Доп айырмашылығы 160-254. Соның ішінде 144 кездесу ФИФА-ға толыққанды мүше болғаннан кейін ойналған. Осы жылдар аралығында 20 қақпашы, 73 қорғаушы, 75 жартылай қорғаушы, 48 шабуылшы бас команда сапында өнер көрсеткен. Жалпы ұлттық құраманың жейдесін 216 футболшы киген екен. Қазақстан құрамасын 21 жылда 12 бапкер жаттықтырған.

Ең көп ойын өткізген ойыншылар:

Руслан Балтиев (73)

Самат Сымақов (59)

Нұрбол Жұмасқалиев (56)

Үздік сұрмергендер: 

Руслан Балтиев (13)

Виктор Зубарев (12)

Дмитрий Бяков (8)

Нидерланд құрамасы

Біздің топта жалғыз Еуропа чемпионы атанған осы Нидерланд құрамасы ғана. Қызғалдақты елдің футболшылары 1988 жылы неміс жеріндегі біріншілікте жеңіске жеткен. Сол жолы Ринус Михелс шәкірттері ақтық сында КСРО құрамасын 2:0 есебімен ұтты. Бір қызығы,финалда гол соққан Марко ван Бастен мен Рууд Гуллит кейіннен «алтын доптың» иегері атанды.

Голландықтар 1992 жылы Швециядағы Еуропа чемпионатында өз атақтарын қорғай алмаса да, қолаға қол созды.  Негізі финалға шығатын мүмкіндіктері болған. Бірақ, жартылай финалда Даниямен болған матч пенальти сериясына дейін жалғасты. Футбол лотериясында ван Бастен мүлт кетіп, құрамасын финалға алып шыға алмаған болатын.

Одан кейін 2000 және 2004 жылдары тағы да қола медаль еншіледі. 2008 жылы қарқындары қатты болғандарымен ширек финалда Ресейге жол берді. Ал 2012 жылы топтық кезеңнен ұзап кете алмады.

Алғашқы ойын:

Бельгия – Нидерланды  – 1:4 (Антверпен, Бельгия; 30 сәуір 1905 жыл).

Ең ірі жеңіс:

Нидерланд – Сан-Марино – 11:0 (Эйндховен, Нидерланды; 2 қыркүйек 2011 жыл).

Ең ірі  жеңіліс:

ФРГ – Нидерленды – 7:0 (Кельн, ФРГ; 21 қазан, 1959 жылы).

Ең көп ойын өткізген: Эдвин ван дер Сар (130 ойын).

Үздік сұрмерген: Робин Ван Перси (41 доп).

Чехия

Чехия құрамасы Словакиядан бөлінгеннен кейін дербес ел ретінде алғаш 1996 жылғы Еуропа чемпионатына қатысты. Сол жолы олар финалға дейін жетіп, ақтық сында Германияға жол берді. Дегенмен бұл Чехия құрамасы тарихындағы ең ірі жетістік. Одан кейін 2004 жылы Милан Барош, Павел Недвед, Петр Чех секілді жұлдыздардың өнерін көпшілік сүйсіне тамашалады.  Португалия жерінде Карел Брюкнердің шәкірттері жартылай финалға дейін жетті. Бес доп соққан шабуылшы Милан Барош турнирдің ең үзік сұрмергені атанды.  Ал 2008 жылы топтан шыға алмаса, 2012 жылы ширек финалдан қайтты.

 «Челси» клубының қақпашысы Петр Чех қазіргі кезде Чехия құрамасының капитаны. Одан бөлек, жұлдызды ойыншылардан Томаш Росицкий («Арсенал»), Теодер Гебре Селасси («Вердер»), Томаш Хюбшман («Шахтер») секілді футболшылар бар.

Алғашқы ойын: Түркия – Чехия – 2:0 (Ыстамбұл, 23 ақпан 1994 жыл).

Ең ірі жеңіс: Чехия – Андорра – 8:1 (Либерец, Чехия; 4 маусым 2005жыл).

Ең ірі  жеңіліс:

Швейцария – Чехия – 3:0 (Цюрих, Швейцария; 20 сәуір 1994 жыл).

Норвегия – Чехия – 3:0 (Осло,Норвегия; 10 тамыз 2011 жыл).

Чехия – Дания – 0:3 (Оломуц,Чехия; 22 наурыз 2013 жыл).

Ең көп ойын өткізген: Карел Поборский (118 ойын).

Үздік сұрмерген: Ян Коллер (55 гол).

 

Түркия құрамасы

Түркия футболы негізінен 1923 жылдан басталады. Оның алдында 1896 жылғы Олимпиада ойындарына қатысқан. 1950 жылы әлем біріншілігіне жолдама алғандарымен, қаржылық жағдайларына байланысты қатыса алмайды. Алғаш әлем біріншілігіне 1954 жылы қатысқан. Одан кейін арада 48 жыл өткенде Жапония мен Корея біріншілігіне жолдама алды. Сол жолы олар айды аспанға шығарып, әлем біріншілігінің қола жүлдесін еншілеп қайтты.

Түрік ағайындарымыз Еуропа біріншілігінің финалдық кезеңінде үш рет өнер көрсеткен. 1996 жылы топтан шыға алмаса, 2004 жылы ширек финалға дейін жетті. Ал 2008 жылы тұңғыш рет Еуропа біріншілігінде қола жүлдеге ілікті.

Алғашқы ойын: Түркия – Румыния – 2:2 (Ыстамбұл, Түркия; 26 қазан 1923 жыл).

Ең ірі жеңіс:

Түркия – Сирия – 7:0 (Анкара, Түркия; 20 қараша 1949 жыл).

Түркия – Оңтүстік Корея – 7:0 (Женева, Швейцария; 20 маусым 1954 жыл).

Түркия – Сан-Марино – 7:0 (Ыстамбұл, Түркия; 10 қараша 1996 жыл).

 Ең ірі  жеңіліс:

Польша – Түркия – 8:0  (Хорцов, Польша; 24 сәуір 1968 жыл).

Түркия – Англия – 0:8 (Ыстамбұл, Түркия; 14 қараша 1984 жыл).

Англия – Түркия – 8:0 (Лондон, Англия; 14 қазан 1987 жыл).

Ең көп ойын өткізген: Рюштю Речбер (120 ойын).

Үздік сұрмерген: Хакан Шүкір (51 доп).

Исландия

Футболшыларының тегі түгел дерлік «сон», «сен»  мен аяқталатын жер бетіндегі жалғыз футбол құрамасы.

Исландия әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде ешқашан ойнап көрмеген «А» тобындағы Қазақстаннан кейінгі екінші құрама.  Бірақ, 2004 жылғы Еуропа  және 2014 жылғы әлем чемпионатына жолдама алуларына тамаша мүмкіндіктері болған.  Португалиядағы Еуропа біріншілігіне қатысу үшін тек бір ұпай ғана жетіспеді. Ал Бразилиядағы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде исландықтар өз тобында екінші орын алды. Қосымша іріктеуде тәжірибелі Хорватия құрамасына жол беріп, төрт жылдықтың басты додасына шыға алмады. 

 Алғашқы ойын: Исландия – Дания – 0:3 (Рейкьявик, Исландия; 17 маусым 1946).

Ең ірі жеңіс: Исландия – Фарер аралдары – 9:0 (Кефлавик, Исландия; 10 маусым 1985 жыл).

Ең ірі  жеңіліс: Дания – Исландия – 14:2 (Копенгаген, Дания; 23 тамыз 1967 жыл).

 Ең көп ойын өткізген: Рунар Кристинссон 

Үздік сұрмерген: Эйдур Гудьонсен

Латвия құрамасы

Латвия құрамасы алғашқы ойындарын 1922 жылы өткізген. Сол кездегі ең ірі жетістіктері «Балтық жағалауының Кубогын» 19 рет жеңіп алуы. Ал екінші дүниежүзілік соғыстан кейін латыштар КСРО-ның құрамына өтті. Осылайша 1992 жылға дейін жеке дербес ел ретінде ешқандай жарысқа қатыса алмады. КСРО құлап, тәуелсіздік алған соң, 1992 жылы қайтадан жеке ел ретінде ФИФА-ға мүшелікке өтті.

Латвия құрамасының ең ірі жетістігі ретінде 2004 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне қатысу болып табылады. Іріктеу ойындарында Польша,Венгрия, Сан-Мариноны артқа тастап, Швециядан кейінгі екінші орын алды. Қосымша іріктеуде Түркияны қапы қалдырып, Португалия жеріндегі дүбірлі додаға қатысу бақыты бұйырды.

 Алғашқы ойын: Латвия – Эстония – 1:1 (Рига, Латвия; 24 қыркүйек, 1922 жыл).

Ең ірі жеңіс: Латвия – Литва 6:1 (Таллин, Эстония; 30 мамыр, 1935 жыл).

Ең ірі  жеңіліс: Швеция – Латвия – 12:0 (Стокгольм, Швеция, 29 мамыр, 1927 жыл).

Ең көп ойын өткізген: Виталий Астафьев (167 ойын).

Үздік сұрмерген: Марис Верпаковскис (29 доп).

Бек Төлеуов

Ұқсас материалдар