Ертең ikerim.kz сайты өз жұмысын бастайды

03.10.2016 3940
Қыз-келіншектерге арналған жаңа сайт

              1 қазаннан бастап қазақстандық қыз-келіншектерге арналған қызықты әрі пайдалы ақпарат тарататын қазақ тілді ikerim.kz сайты ашылады.

Сайттың бас редакторы әрі негізін қалаушы – танымал журналист әрі  тележүргізуші Айгүл Мүкей.

Сайттың атауы неге ikerim.kz аталғанын шығармашылық ұжым «әрбір әйел заты ішкі және сыртқы сұлулыққа ие екендігін, дәл сол сұлулықты біз одан әрі жан-жақты ашып көрсеткіміз келеді» деп түсіндіреді.   

Бүгін де қазақ ғаламтор кеңістігінде әйелдерге арналған қазақ тілді сайттар өте аз. Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы ғаламтор пайдаланушылардың 52, 2 пайызы әйелдер. Ал, оның 19,1 пайызы 25 пен 34  жастағылардың үлесіне тең (бұл Қазнеттің ең ірі буыны). Қазақстандағы «орташа» ғаламтор қолданушыларының дені 25 жастағы және одан жоғары екені белгілі болады. Осы үшін де елдің ең басты интернет қолданушылары – әйелдерге арналған сайт жасауды қолға алып отыр.

Сайтты ашқан шығармашылық топ жоғары білімді болу, кеңседе немесе сауыншы болып жұмыс істеу, ауылда не қалада тұру немесе  үй шаруасындағы әйел,  бірінші курс студенті болу, үш баланың анасы болмаса табысты business woman болу маңызды емес екендігін, сайттың контенті Қазақстанның барлық нәзік жанды аруларына арналатынын айтады.

Ikerim.kz-сайтының айдарлары әйелдер тақырыбына арналған ең қызықты және маңызды ақпараттарды қамтитын болады. Сайтта күн сайын тың жаңалықтар мен жұлдыздардың әсерлі сұхбаттарымен толығатын болады. Сонымен қатар оқырмандардың алғашқы махаббат оқиғалары, жеке жеңістері мен отбасындағы қиындықтары туралы жарияланатын болады.  

Екеудің қарым-қатынасы, қаржылық тұрақтылық, бала тәрбиесі, әйел денсаулығы, үй шаруашылығын жүргізу туралы пайдалы ақпараттар тұрақты жарияланбақ.

«Біздің жігіттер» айдарында қазақстандық жұлдызды жігіттер жайлы ең қызықты ақпараттарды білсеңіз, «Туған өлке» айдарында өз туған жеріңіз туралы айтып, «Өмір-өзен» айдарында жеке басыңыздағы оқиғаларыңызбен бөлісе аласыз.

Сондай-ақ сайт басшылығы оқырмандармен кері байланысты қолдайтындығын, сол үшін де алдын ала оқырманнан хат алмасу мақсатында  танымал әлеуметтік желілерде өз парақшаларын ашқанын алға тартты. Сонымен қатар оқырман хаттары ғана емес, блогерлер мен колумнистерді тарту жоспарда бар. Мысалы, біздің тұрақты колумнистеріміздің бірі, отбасылық қарым – қатынасты құру, жақсы ана әрі әйел болу жөнінде кеңестерімен бөлісетін белсенді Instagram блогері, 6 баланың анасы – Құралай Ханым.  

«Біз ақылды, отбасылы, білімді, данагөй, заманауи қазақстандық әйелдердің образын қалыптастыруға және дамытуға өзіміздің жағымды үлесімізді қосатынымызға сенеміз. Біздің мақсатымыз - жастарды дұрыс, белсенді әйел образын қалыптастыруға және өзін-өзі ұстау үлгісіне жетелеу» - дейді Айна Жетпісбаева.

Сайт ұжымы әрбір қыз-келіншекке түсінікті болатын білікті ақпараттарды ұсынуды мақсат етеді. Ikerim.kz сайтының маңызды бағытының бірі – оқырманға әйелдер денсаулығына, ЭКО, жыныстық қатынасқа арналған ақпараттарды қолжетімді түрде ұсыну. Сайт беттерінде үнемі қарапайым әрі түсінікті тілде арнайы мамандармен, психологтармен, сексологтармен қазақ тіліндегі сұхбаттар жарияланатын болады. Қоғамда орын алған осы кезге дейін жабық күйде қалған, даулы мәселелерді көтеруге ниетті.  

Ұжым мүшелері «жұлдыздар өмірінің «көлеңкелі тұстары» біздің сайтқа тән емес. Біз жұлдыздармен «адами», шынайы әрі  сенімді ақпараттары туралы пікірлесеміз» дейді.  

Ikerim.kz сайты қыз-келіншектердің ақылшы құрбысына айналатына сенейік.


Мақаланы әзірлеген Тұмар АСЫЛ

Ұқсас материалдар