Электрондық БАҚ-тың келешегі мен заңдық нормалары

02.12.2016 5481
Электрондық БАҚ-тың келешегі мен заңдық нормалары

Әлеуметтік  медианың ақпарат тарату ерекшелігі

Бүгінде әлеуметтік желілер интернет ұсынатын мүмкіндіктердің ең танымал қызметі болып отыр. Бұл әлеуметтік желіні қолданушылардың саны күн санап артып келеді деген сөз. Әлеуметтік желілер – ермектері бірдей адамдардың Интернеттегі қоғамдастық сайттары. Осы сайттарда адамдар жедел мәліметтермен алмасады,  достар табады. Бірақ осы сайттар тек қана қатынасуға емес, музыка, видео іздеуге де арналған. Әлеуметтік желілер Интернетте 1995 жылдан бастап кең тараған.

Сауда-ұжымдар әлеуметтік желілерге үлкен қызығушылық көрсетті. Уақыт өте осындай жобалардың бірнеше миллиондық аудиториясы пайда болып, үлкен сұранысқа ие бола бастады. Қазіргі таңда танымал әлеуметтік желілердің бірі ретінде Facebook,  Twitter, Одноклассники, Vkontaktе, Мэйл.ру-ды айтуға болады.  Facebook, Groupon және Twitter сайттары керемет жылдамдықпен өсіп келеді. Қазір бұлардың құны 50 млрд. долларға жақындап қалды. Бұл «Лукойл» компаниясының құнымен бірдей болса, «Газпромның» құнының үштен бірі дегенді білдіреді. Ресми емес мәліметтер бойынша, Facebook желісі 2010 жылы 2 млрд долларға жуық пайда тапты. Компания жұртқа табысын әлі жария еткен жоқ. Оның табысы туралы ақпаратты жариялаған Financial Times компанияға жақын жүретін адамдардың ақпаратына ғана сүйенген. Twitter микроблогтар сервисінің кірісі 2010 жылы 170 млн. долларға жетуі мүмкін. Ал 2013 жылы $1,5 млрд-қа жетіп қалуы ғажап емес. Бұл бағалаулар компанияның ішкі құжаттарында көрсетілген. DST инвесторлары Twitter-дің капиталына да қаражат салғысы келетін ниеттерін білдірген. Алайда, микроблогтар сервисінің акционері ретінде Kleiner Perkins Caufield & Byers инвестициялық қоры аталды. Ең соңғы сәтте америкалық компания ресейлік DST Global компаниясын әупіріммен сүріндірген. Twitter-дің құны 3,7 млрд. долларға бағаланып отыр. Бұл былтырғыдан төрт есеге көп.

Дәстүрлі емес интернет-компанияларды зерттеумен айналысатын Nyppex компаниясының бағалауынша, Facebook компаниясының құны 26,4 млрд. доллардан 41,2 млрд. долларға көтерілген.  Құны 4,8 млрд. долларға жеткен Groupon компаниясын Google сатып алады деген әңгіменің өзі-ақ компанияның құнын көтеріп жіберген.

Industry Ventures компаниясының негізін қалаушы Ханс Свилденс компаниялардың бұлайша жылдам дамуы тарихта ешқашан болған емес деп отыр.

Жоғарыда аты аталған ең ірі әлеуметтік желілердің бір-екеуіне қысқаша тоқтала кетейін.

Twitter әлеуметтік жүйесі — Интернет кеңістігіндегі пайданушылар үшін әлеуметтік желі және микро-блоггинг желісі қызметтерін ұсынатын Интернет-ресурс, уеб-сайт. Twitter-дің негізін қалаушы әрі қазіргі кезде де Интернет-ресурстың қызметін ұйымдастырушы компания — Twitter Inc. компаниясы. Компания қожайындары әрі Твиттердің негізін қалаушылар: Джек Дорси (Jack Dorsey), Биз Стоун (Biz Stone), Эван Уильямс (Evan Williams) және тағы да басқа бір топ қызметкерлер. Твиттердің негізі 2006 жылы АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында қаланды. Қазір Twitter Inc. компаниясының бас кеңсесі Сан-Бруно қаласында орналасқан.

Facebook (Фейсбук). Былтыр шығып, биыл Оскар сыйлығын жеңіп алған "Social Network" фильмінің арқасында бұл компанияның тарихымен көпшілік жақсы таныс. Қызметін 2005 жылы ғана бастаған "Facebook" қазір 600 миллион адамды біріктіретін ең пәрменді әлеуметтік қауымдастық. Оның үштен бірі ғана американдықтар. Резиденттерінің саны бойынша компанияны Қытай мен Үндістаннан кейінгі үшінші ірі мемлекет деп таныстыруы үйреншікті болып келеді. 70 тілде жұмыс істейтін бұл әлеуметтік платформаның нарықтағы қазіргі құны 50 миллиард АҚШ доллары. Мақсаттары - 1 триллион доллар капитализацияға қол жеткізу. Жақында хабарланғандай, Еуро Одақ басшылары «Facebook»  әлеуметтік желісін қолданушылардың фотосуретімен жұмыс істеуде заң бұзып отыр деп айыптауда. Әлеуметтік желі қолданушыларының түрін анықтап, фотосуреттерге белгі қою бағдарламасы басшылар көңілінен шықпай отыр. Процессте «Белгі қалдыру» функциясы пайда болды. Енді сурет иесінің рұқсатынсыз қолданушылар фотосуретті белгілей алады. Белгіленген суреттер жабық форматта болса да, барлық қолданушыларға қол жетімді болатыны Еуроодақ мүшелерінің ызасын келтіріп отыр. Күн сайын  «Facebook» қолданушылары фотосуреттерге 100 миллион белгі қалдырады. Люксембургтік өкіл Геррард Ломбель: «Адамдардың рұқсатынсыз суреттерге белгі қалдыруға болмайды. Автоматты түрде қосылатын «белгі қалдыру» функциясы қолданушылар үшін үлкен қолайсыздық тудыруы мүмкін» деген пікірде. Компьютерлік қауіпсіздік саласындағы танымал маман Грэхэм Клюли болса: «Желі қолданушыларының жеке басқа қатысты мәліметтері ашық бола бастады. «Facebook» қолданушыларына ескертпестен, бағдарламаларын өзгертуде» дейді.  Әлемге әйгілі әлеуметтік желінің бұл қызметіне Еуро одаққа кіретін 27 ел мен АҚШ-та қарсы шығуда. 

Әлеуметтік желілерде тіркелген интернет-пайдаланушылар туралы мәлімет айта кетсек:

«Мой мир» желісінде 3 миллионнан астам қазақстандық пайдаланушылардың аккаунттары тіркелген, бұл елдің интернет-пайдаланушыларының шамамен 70 пайызын құрайды.

«ВКонтакте» ресурсында – 1,5 миллион шамасында, яғни интернетке қолы жетімді қазақстандықтардың 35 пайызы мөлшерінде.

«Facebook» желісінде 270 мың қазақстандық тіркелген (қазақстандық интернет-пайдаланушылардың жалпы санының 6,3 пайызы).

Қазақстан мен Орталық Азия елдерін салыстырсақ (ел тұрғындарының жалпы санымен салыстарғанда):

«Facebook» желісінде тіркелгендер: Қазақстан 1,62 %, Орталық Азия елдері бойынша 1,42%; Ал «ВКонтакте» желісінде тіркелгендер: Қазақстан – 8,86%, Қырғызстан – 2,1%, Тәжікстан – 0,96%, Түркіменстан – 0,98%, Өзбекстан – 0,88%, Барлығы – 4,92% құрап отыр.

Қазақ тілді ресурстардың дамуы туралы саясаттанушы Ерлан Қариннің «Блог құрылтай – 2011» шарасында әзірлеген баяндамасынан тағы да қысқаша мағлұматтар келтіре кетейін. Қазақстанның әлеуметтік желілерді пайдаланушыларының басым көпшілігі, яғни 80 пайыздан жоғары тұтынушы орыс тілінде қарым-қатынас жасайды. Қазнет каталогы 6 997 сайттан құралған, олардың ішінде 617-і – мемлекеттік тілде немесе сайттардың жалпы көлемінің 8,8 пайызы. (ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің 2010 жылғы қыркүйек айының соңындағы ресми деректер);

Қазақстан Республикасындағы баспасөз БАҚ-тарының жалпы саны 2 427-ні құрады, олардың 437-сі қазақ тілінде немесе елдегі БАҚ-тардың жалпы санының 18 пайызы. (2010 жылғы 25 маусымдағы ресми деректер бойынша);

Отандық интернет контентімізде де әлеуметтік желілер бар. Соның бірегейі «Nur.kz» қазақстандық порталын айтуға болады. Портал бір жағынан маңызды материалдарға толы ақпараттық порталдың бірі болса, екінші жағынан жастардың пікір алмасатын «Мой мир» сияқты «Мой Нур» деп аталатын қарым-қатынас орнатуға арналған желі ретінде қарастыруға болады. 

NUR.KZ порталының негізі 2009 жылы наурыз айында қаланды. Сол жылдың жаз айларында Қазақстан интернет ресурстарының ең танымал 10 ресурсы қатарына кірді. Ал бүгінде NUR.KZ алдыңғы қатарлы сайттардың үштігіне еніп отыр. Бас редакторы – Дина Блинова.

Портал ұжымы күн сайын ақпарат тарату және айдарларды дамыту тұрғысынан сайтты байытып келеді. Мысалы, Shop.nur.kz  айдары түрлі тауарларды ұсыну, сонымен қатар жақсы кепілдемесі бар дүкендермен жұмыс істей алу мүмкіндігімен ерекшеленеді. 

Сайттағы жаңа ТВ бағдарлама 80 арнадан тұрады. Каналдар 10 пакетке бөлінген  және бұл өзіңізге қажетті телеарналардың тізімін жеңіл таңдай алуға мүмкіндік береді. 

NUR.KZ порталында соңғы уақытта интернет-аукциондар ұйымдастырылып жур. Портал  интернет аукцион арқылы ескі және жаңа тауарларды сатуды міндет етіп отыр.

Қазақстанда ақпараттық порталдар қатарына жатқызуға болатын онлайн-ресурстардың саны көп. Мәселен, қазақтілді интернет кеңістікте 600-ге жуық сайт бар, ал олардың 15-20 пайыздайы ғана белсенділік танытып отыр.  Дегенмен, бүгінде нағыз журналистер жұмыс жасайтын интернет газеттер ғана басымдылыққа ие. Рейтинг бойынша, ондай басылымдарға  Nomad.su, Today.kz, Qazaq.kz, Abai.kz, Minber.kz, Baq.кz  және т.б жатқызуға болады. Келесі бір қызық жайт. Ол - ешқандай қаржысыз, энтузиас жастардың өз еріктерімен жасап жатқан жобалары. Бұндай жобаларды контентті жастар өздері әзірлейді. Бұған Massagan.com, Solai.de, Zhastar.biz тәрізді жобаларды қосуға болады. Бұл порталдарға жастар көбіне танысу үшін, пікір алмасу үшін, еркін түрде сұхбаттасу үшін кіреді.

Қазнеттегі ең алғашқы қазақтілді сайт Qazaq.kz болып саналады. Бас редакторы – Серікқазы Кәкібалан. Сайттың «Мемлекет», «Кітапхана», «Шет елде», «Қызықтар», «Спорт», «Қоғам», «Тарих», «Ата дін», «Ай-Ти-мәселе»  және «Тұлғалар» деп аталатын айдарлары бар. Көп оқылған мақалалардың қатарына мыналарды жатқызуға болады. Сайтта  «Хабар» арнасының «Бетпе-бет» және «Үкімет пен әлеумет» бағдарламаларының тележүргізушісі Берік Уәлимен интернет-конференция ұйымдастырылған.  Интернет қолданушылары, қарапайым тілмен айтқанда, оқырмандар тележүргізушіге көкейлерінде жүрген сауалдарды қойып, орынды әрі обьективті жауаптар ала алды. Жазушыға оқырмандар тарапынан қазақ тілді журналистер мен орыс тілді журналистердің кәсіби біліктілік мәселесі, Қазақстандағы сөз бостандығы, партия қызметіне көзқарасы, қазіргі жүргізіліп жатқан реформалардың қарқыны қандай деген мәселелер төңірегінде сұрақтар қойылып, лайықты жауабын тапты.

Отандық порталдардың ішіндегі маңыздыларының бірегейі ретінде Minber.kz ұлттық интернет газетін айтуға болады. Ғаламторда белгілі журналист Есенгүл Кәпқызының жетекшілігімен «Мінбер» (www.minber.kz) атты жаңа интернет-басылым 2009 жылы пайда болды. Аталмыш интернет газеті – ұрпақ зердесіне азат ой мен сергек сананы дарыту мақсатында дүние есігін ашты. Әуелі 2001 жылы Орта Азия зерттеу институтының бастамасымен «Тарлан» атты интернет-газеті пайда болды. Бірақ қаржы тапшылығы салдарынан, бұл жоба ұзаққа бармады. Сосын «Polisy.kz» атты сайттың қазақша парағы ашылды. Бірақ мұның да ғұмыры бір жылдан аспады. Осылай «Мінбер» интернет-газетін ашу туралы бастаманы жаңа медиа кеңістікте аздаған тәжірибелері бар жастар алға тартты. Олар – «Мәссаған» уеб-порталының авторлары Жанарбек Матай, Бақытнұр Бәйтелі және Асхат Еркімбай. Осы тақырып төңірегінде бір жыл бойы талқылау өткізілді. Сөйтіп, қазақ тілінде барлық жаңа медиа талаптарына жауап беретін интернет-газетін ашу мақсаты алға қойылды. Айта кетерлігі, басылым «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы» қоғамдық қорының аясында жарық көріп отыр. Бұл қорды құрудағы мақсат – қазақтілді журналистерге құқықтық және кәсіби қолдау көрсету.  Интернет-газет ашу туралы идеяны қолдап, алғашқы болып қол созған – Мемлекеттік тілді қолдау жөніндегі президенттік қор. Төрағасы – Берік Әбдіғали.

Ұқсас материалдар