Елбасының Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументтің ашылуындағы сөзі

08.10.2015 5629
Елбасының Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументтің ашылуындағы сөзі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Таразда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументтің ашылу рәсіміне қатысты.

«Бүгінгі біздің бас қосып отырғанымыз баршаңызға мәлім, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы. Осы ұлық мерекемен барлығыңызды шын жүрегіммен құттықтаймын. Елордамыздан бастау алған, 2000 жылдық тарихы бар Тараз  қаласында жалғасып жатқан бұл мереке біздің халқымыз үшін, әсіресе, келер ұрпақ үшін өте керек еді. Біз бодандық кезеңінде жүріп, тәуелсіздік алмай жүрген кезде өз тарихынан ажырап қалған халықпыз. Біздің тарихымыз терең екенін жастарға көрсетпесек, біздің онда «Мәңгілік Ел» болу деген идеямыз орындалмайды», – деді Елбасы.

Сондықтан да Мемлекет басшысы  осы жылдардың ішінде көне тарихымызды барлық жер-жерлерден іздестіріп, тауып, жинап, жазып, есімізге түсіріп келе жатқанымызды баса айтты.

«Біз кеше ғана бола қалған халық емеспіз. Сонау сақтардан, ғұндардан, түркі мемлекеттерінен, одан кейін Алтын Ордадан қалған. Керей мен Жәнібек  артына ел ертіп, Шудың жағасына ту көтерген кезде, қазақ деген сөз сол кезде шыққан болатын. Соны дүниежүзіне паш ету үшін, әсіресе, ұл-қыздарымыз, келе жатқан ұрпақ тарихымыздың терең екенін білсін деп осыны жасап отырмыз. Қазіргі қиын-қыстау заманға қарамай осындай үлкен кешен ашып, ескерткіш қойдық.

Қазақ хандығының 550 жылдығы - бұл бүкілхалықтық мереке. Мерейтойлық шараға ежелгі қаланы жаңғыртып, келбетін тағы да бір өзгерттік. Тараздың 2000 жылдығын атап өтеміз деп бір жаңартқан болатынбыз. Енді 550 жылдыққа байланысты Тараз қаласының іші де, сырты да абаттанып, әдемі болды. Қазақстанның барлық облыстары атсалысты. Оларға зор рахметімізді айтайық», – деді Елбасы.

ҚР Президентінің атап өтуінше, осының барлығы біздің ұрпақтың ата-бабалардың аманатына адалдығымызды, Ұлы дала рухына тағзымымызды білдіреді.

«Осы тойға 17 мемлекеттен арнайы келген барлық ағайынға рахметімізді айтамыз. Қазақ хандығының 550 жылдығы қазақтың тарих қойнауынан бері қарай өсіп-өркендеп келе жатқан ел екендігін, ұлт екенін көрсетеді. Еліміздің ұлы тарихын әлемге танытып жатырмыз.

Даңқты жылнамамыздың жалғасы Жамбыл облысы бүгінде қарқынды дамып келе жатқанын білемін. Қазір жалпы экономика дүниеде де, бізде де оңай емес. Ресей мен Батыстың арасындағы санкция, тірес, мынау біздің шетке шығаратын тауарлардың бағасының төмендеуі бізге біраз қиындықты көрсетіп отыр. Бірақ та тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, тамыры терең болғаннан кейін бұл қиындықтан да өтетін боламыз», – деді ҚР Президенті.

Елбасы осындай қиындықтарға қарамастан биылдың өзінде облыста 170 мың шаршы метр үй пайдалануға берілгеніне, жыл басынан бері 7 мектеп, үш балабақша, ауруханалар салынғанына ерекше тоқталып өтті.

«Мұның барлығы да халықтың игілігіне жасалуда. Тараз арқылы ұлы Жібек жолымен өтетін «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» даңғылы салынып, бұрын-соңды болмаған жолмен жүріп жатқандарыңызды білесіздер. Бұл қала арқылы, облыс арқылы темір жол өтеді, бұл қала арқылы газ құбыры өтеді. Барлық жағдай жасалып, жатыр.

Қазақ хандығы мерейтойын бізге неге атап жатырмыз? Тарихымызға үңілетін болсақ, халқымыздың тарихы бірлікке негізделген. Қазақ басын қосып, біріккен кезде ешбір жауаға берілмеген, жеңіп шығып отырған. Қазақ ыдырап, жан-жаққа бөлініп кеткен кезде, жау келіп басып алған. Осы тәлімді біз ешуақытта естен шығармауымыз керек. Бірлігімізді ұстауымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент бүгінде Қазақстан халқының бірлігі арқылы елдің болашағы айқын әрі жарқын болатындығын қадап айтты.

«Тарихымызға үңілсек, көне Таразды айтпай кетуге болмайды. Шаһар орталығында музей ашылып жатыр, қазба жұмыстары жүріп жатыр, яғни әлі де талай жаңалықтар болады. Өңірде елеулі шаруалар жасалуда.

Біз бүгін Қазақстан хандығының 550 жылдығын салтанатты түрде атап өтудеміз. Осы арқылы біз қазақтар мен осы жердің тарихының тамыры  өзге халықтардікі секілді тереңде жатқандығын айтамыз. Сонымен бірге бұл атаулы мерейтойды біздің елімізде тұрып жатқандардың барлығы атап өтуде, яғни бірыңғай халық, бауырлас болып отырған  кез келген этникадағы біздің азаматтар мерекелеуде және біз бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Бүгінде «Мәңгілік Ел» және «Ұлы Дала» түсініктері біздің тұрақты дамудың, мемлекетіміздің синонимдері болып табылады», - деді Президент.

Елбасы мерекеге байланысты Тараз қаласын көркейту үшін барлық өңірлер қосылғанын айта келе, 20-ға жуық көше жаңадан салынғанын, монументтер орнатылып, үйлер мен қоғамдық нысандарға жөндеу жүргізілгенін атап өтті.

Мемлекет басшысы бүгінде Жамбыл облысы қарқын дамып келе жатқандығын, индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аясында 33 жаңа нысан іске қосылып, 35 мың жаңа жұмыс орындары ашылғанын жеткізді. Екінші бесжылдықта 27 жаңа нысан іске қосылып, 6 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Ұқсас материалдар