Думан АНАШ: "Өңірде де өмір бар!"

26.06.2014 4818
Журналистикаға студент кезімнен бастап араласқанымды есепке алсам, Алматыда он жыл еңбек етіппін.

Думан Анаш. "Алматы Ақшамы" газеті арқылы оқырманға таныс журналист. Бүгінде "Егемен Қазақстан" газетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі ретінде өзі туып өскен өңірде қызмет етіп жүр. 

Журналистикаға студент кезімнен бастап араласқанымды есепке алсам, Алматыда он жыл еңбек етіппін. Астана мен Алматы – қазақтың қос қарашығы. Баршасы орталықта еңбек етуді қалайды. Қалам ұстағандардың басым бөлігін қалыптайтын – ауыл. Мегаполиске сіңіп кеткен соң сөз ұстаған тілшілердің өзі тақ-тұқ ақпараттың ағымында қалқып кете барады. Басымыздан өткердік. Киіміңді шешіп алғандай, қаладағы қарбалас тіліңді де жалаңаштандырады, жұтаңдатады.

Өңірде де өмір бар. Күншығысқа келіп байқадық. «Журналисті аяғы асырайды» деген кеңестік журналистиканың қағидасын осында келгенімде түсіндім. «Журналист – жол үстінде» деп университетте ұстаздарымыз жиі айтатын сөзді мегаполис жұтып қойған екен. Редакция мен мәжіліс залдарының арасын есіл деуге келмейді. Ол мұнда да бар. Аймақтың артықшылығы – ел мен жер. Кейде жиі, кейде сирек – облыс орталығынан шығып тұрасыз. Өрелі аттай шалыс шідерленіп, ұзай алмай, азырақ асыға, азырақ асыра сөйлеп қоятын өткен жылдарым үшін ұялдым. Орталықтағы әріптестеріме құрылтайшылары жиі іссапар ұйымдастырып тұрса, даланың жұпарын жұтып, тән сарайы да, жан сарайы да жадырап қалатынына кәмілмін.

Шығыс Қазақстанда 19 қала мен аудан бар. Тақырып деген шаш-етектен. Қазақтың бар баспасөзінің өкілі келсе де, таласпай-тармаспай жазуына болады.

Өңірдегі басылымдарды шолып отыру орталықтағы кейбір баспасөздің, әсіресе, сайттардың негізгі кәсібіне айналғанын байқап жүрмін. Жылт еткен жақсы дүниені сұрап та, сұрамай да алып жатады. Жақсы дүние – жанға азық. Жергілікті журналист жалпақ жұртқа таралғанына тәубе дейді. Бұл – журналистика үшін өңірлердің өріс екенін көрсетеді.

Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Смағұл Сәдуақасов, Мұхтар Әуезовтерден бастап қазақтың кіл марғасқалары еңбек еткен 95 жылдық тарихы бар «Егемен Қазақстан» газеті басшылығының Шығыс Қазақстан облысындағы тілшісі болуға сенім артқанына көп уақыт бола қойған жоқ. Меншікті тілшінің міндеті – маңызды. Мәселен, Алтай мен Алакөлдің арасында жатқан алып аймақтың күнделікті тыныс-тіршілігінен хабардар болып, оны екшеп, ел назарына жеткізіп отыру да жауапкершілікті, сергектікті, қырағылықты қажет етеді. «Асықтың алшы түсуі иірушісіне байланысты» дегендей, өңірдің жалпы картинасы, имиджі, кем-кетігі меншікті тілшілерге де байланысты. Ағымдағы дүниелерді бөлек қойғанда, көп әріптестерімнің аяғы жете бермейтін түрлі қызықты тұлғалармен жүздесудің, сөйлесудің, деректер жинаудың мүмкіндігі мол. Қаламға жазар дүние іліксе кез-келген журналистің көңілі тоқ. Алтайдың адамдары, Тарбағатайдың табиғаты, Абайдың елі, Алаштың ту тіккен жері туралы жазудың өзі жанға рахат емес пе! Бас басылым бетінде әрдайым жағымды жаңалықтармен бөлісуге жазсын! Мерекелеріңізбен, қадірлі әріптестер!

Ұқсас материалдар