Айша Абдулина

11.12.2012 2614
Айша Абдулина 1916 жылы 26 желтоқсанда Алматы қаласында орта шаруа отбасында дүниеге келді. Кішкентайынан үлкен атасы Абдолла мен әжесі Биябан бауырына басады да солардың қолында тәрбиеленеді. Абдолла атасы балуан әрі өнерді сүйетін кісі еді, Айшаны кішкентайынан ән салдырып би билетіп өсірді. 1923-1933 жылдары № 18 қазақ орта мектебінде білім алды. Мектептің көркемөнерпаздар үйірмелеріне қатысты. 1933 жылы Қазақ мемлекеттік Академиялық драма театры жанындағы  екі жылдық актерлер даярлайтын студияға түсіп, сол жылы қараша айының 13-і күні театрға әртіс болып қабылданды.

Айша Абдулина 1916 жылы 26 желтоқсанда Алматы қаласында орта шаруа отбасында дүниеге келді. Кішкентайынан үлкен атасы Абдолла мен әжесі Биябан бауырына басады да солардың қолында тәрбиеленеді. Абдолла атасы балуан әрі өнерді сүйетін кісі еді, Айшаны кішкентайынан ән салдырып би билетіп өсірді.

1923-1933 жылдары № 18 қазақ орта мектебінде білім алды. Мектептің көркемөнерпаздар үйірмелеріне қатысты.

1933 жылы Қазақ мемлекеттік Академиялық драма театры жанындағы  екі жылдық актерлер даярлайтын студияға түсіп, сол жылы қараша айының 13-і күні театрға әртіс болып қабылданды.

Театр – мемлекеттік мекеме болғандықтан қоғамға қызмет етеді. Сахна өнері-ұжымдық өнер, әріптестер жұмыс жағдайында бір бірімен тығыз шығармашылық  байланыста болады. Бірін-бірі сыйлау, қас-қабақпен түсінісу, өзіңнің де, өзгенің де еңбегін бағалау, бұл жазылмаған ережені Айша Абдулина қатаң сақтайды. Өзін-өзі зор тұтып, басқаларды қор тұтыну жоқ. Өзгелерден өзін биік ұстаудан ада. Басқалардың пайдалы пікірі мен достық сынын әрқашан да құп алады. Театрдың міндеті көрермен көңілін көтеретін жеңіл-желпі ойын-сауық емес, қайта олардың рухын көтеру, ізгілікке тәрбиелеу деп түсінеді.

Алматыдағы Ахмет Байтұрсынов атындағы № 18 мектеп ұстаздарының, студиядағы МХАТ-тық үлгідегі тәрбие, 40 адамның ішінен М. Әуезов атындағы Академиялық театрға таңдап алынуы, Ж. Шанин, К. Қуанышбаев, Е. Өмірзақов, Қ. Жандарбеков, С. Қожамқұлов, Күләш Байсейітованың берген мектептері, «КСРО үлкен энциклопедиясына» аты түсуі, мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысуы, 1941 жылы ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен «За трудовую доблесть» медалімен марапатталуы, 1942 жылы екінші Белорусь майданына, 1943 жылы  Қиыр Шығыс майданына концерттік бригада құрамында алғы шепте концерт беруі, сол жылы «Қазақ ССР-ның Еңбек сіңірген әртісі» деген құрметті атаққа ие болуы, бәрі ақауы жоқ шығармашылық мінездеменің кепілі екенін дәлелдейді. Және де алғашқы он жылдың ішінде   Күләш  Байсейітованы алмастырып  «Еңлік- Кебекте»-Еңлікті, «Әзірет-Сұлтанда»-Алтынайды,«Аққайыңда»-Алтыншашты, «Жолдастарда»-Раушанды, «Ревизорда»-Марья Антоновнаны, «Отеллода»-Дездемона образдарын жасау Айша Абдулинаның үлкен суреткерлік биікке көтеріліп, азамат, адам ретінде әбден қалыптасқанын көрсетеді.

1947 жылы Айша Абдулинаның М. Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрынан Оңтүстік Қазақстан облыстық Ж. Шанин атындағы қазақ дарма театрына жоғарғы санатты актриса болып ауысуы, театрға осындай тұлғаның келуі, бұл театрдың бақыты еді. Осы театрға келген 59 жылдың ішінде қаншама фольклорлық, классикалық, тарихи және бүгінгі күн тақырыптарындағы спектакльдерден бүтін бір  образдар галереясын жасады. Ол бейнелер қатарына қазақ, орыс, шетел драматургиясының інжу-маржандарынан: Қыз Жібек, Баян-Сұлу, Ақжүніс, Қарлыға, Жаһан, Қаракөз, Айман, Сәуле, Әйгерім, Галчиха, Фекла, Арина Пантелеймоновна, А. Арбузовтың «Көзге ыстық көне үйдегі»-Раиса Александровна, М. Шатровтың «Сонда ғана жеңемізіңдегі»- Фотиева, «Фамилиясын атамай-ақтағы»-Галя, және «Асауға тұсаудағы»-Катерина, «Екі мырзаға бір қызметшідегі»-Беатриче, «Сараңдағы»-Симон, «Зұлымдық пен махаббаттағы»-Леди Мильфорд, «Ромео мен Джульеттадағы»-Леди Капулетти, «Өгей шешедегі»-Гертруда, «Түлкі мен жүзімдегі»-Клея образдары өз алдына бір төбе, ал көршілес-бауырлас елдер драматургиясы мен өзіміздің тарихи, бүгінгі күн тақырыптарындағы спектакілдерден: «Келіндер көтерілісіндегі»-Фармон, «Сократ түніндегі»-Айдай, «Ақан сері-Ақтоқтыдағы»-Мәрзия, Дәмелі; «Біздің үйдің жұлдыздарындағы»-Алуа, «Жат елдегі»-Ева Бройер мен өзбек Ана; «Марғау үніндегі»-кемпір, «Жас Шоқандағы»-Шәрбану, «Шоқан Уәлихановтағы»-Авдотия Яковлевна Панаева, Екатерина Павловна Гутковская және Зейнеп; «Қаракөздегі»-Мөржан, Ақбала; «Әке мен баладағы»-Рәбиға, «Аюбайдың ажалындағы»- Анар, «Жесірлердегі»-Соқыр кемпір, «Әке тағдырындағы»-Оңалхан, Сандықтан шыққан сайтандағы»-Бума, «Абайдағы»-Зейнеп ақын, Шабуылдағы» -Қаныбет, «Айланы жеңген арудағы»- Үміт, «Сертке-Серттегі»-Сақыш, «Ана жүрегіндегі» -Ана, «Ажар мен Ажалдағы»- Ақлима, «Дала дауылпазындағы »-Сана, «Ой, жігіттер-айдағы»-Күнсұлу, «Қаражанның қанжарындағы»-Қарлығаш, «Ойлан отағасындағы»- Қанипа, «Аршин малаландағы» -  Гүлшаһра, «Бақалар шулаған түндегі»-Кенже, «Бажалар мен балдыздардағы» - Рәзия, София; «Қос қарлығаштағы»-Кемпір, «Жұмбақ адамдағы» - Жанжар, Күшік күйеудегі» - Биғайша, «Қаракөз қарындасымдағы»- Настасия, «Ұлан асудағы»-Арша, «Кім менің әкемдегі»-Ольга Владимировна Дулатова,   «Тыныштық күзетшісіндегі»-Хадиша, «Абай-Әйгерімдегі»-Ұлжан,«Қысылғаннан қыз болдықтағы»-Хадиша, «Таңғы жаңғырықтағы»-Бәйбіше, «Той болардағы»-Үрия, «Мөлдір махаббатағы» - Асылтас, «Бөлтірік бөрік астындағы»-Жәмиля,  «Бір семьядағы»-Жанар,  «Күн мен көлеңкедегі»-Ақбике т.б. қазақ сахна өнерінің мерейін көтеріп, беделін асырған, соқталы сомдалған образдар. Бұлардың көпшілігі репертуардан тұрақты орын алып, уақытысында баспасөзде бағаланып, әлі күнге дейін ұмытылмастан, аңызға айналып ел аузында жүр.

«Еңбек ер атандырады, дарын даңққа бөлейді» дегендей Айша Абдулина Қазақстан Республикасының Халық әртісі, көркем өнер істері жөніндегі ССРО Министрлер Советінің Құрмет Грамотасымен, үш дүркін Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Құрмет Грамотасымен, «Құрмет белгісі» орденімен, 14 рет Кеңес Одағы медальдарымен наградталып, 4 рет облыс, қала Кеңесіне депутат болып сайланды. 1996 жылы Президент стипендиясын алды. 2004 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы» атанды. Екі рет Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хатын» алған өнер ардагері. 2006 жылы облыстық «Көктем-Театр-Сахна-2006» -фестивалінде Айша Абдулина атында стипендия тағайындалды. 2007 жылы  «Парасат» орденінің иегері.

Республикалық дәрежедегі  дербес зейнеркер бола жүріп,  белсенді тәлімгерлік жұмыстар жүргізіп, өзінің бай тәжірибесін жастарға беріп, мәңгі жас өнерімен әрдайым көрермендер көңілінен шығуда.

Дереккөзі: ОҚО әкімдігі