Сәрсенбаев Әбу (Әбуғали) (1905–1995)

03.02.2016 57890
15 қазанда қазіргі Атырау облысы Құрманғазы (Теңіз) ауданы Мақаш ауылдық округінің Алға ауылында туған.

15 қазанда қазіргі Атырау облысы Құрманғазы (Теңіз) ауданы Мақаш ауылдық округінің Алға ауылында туған. 1929 жылы Астрахань кеңеспартия мектебін бітіріп, 1932-1934 жылдары Алматыдағы Комвузда оқыған. 1934-1936 жылдары «Түрксіб» газетінде редактор, 1936-1942 жылдары Қазақтың мемлекеттік баспасын басқарды. 1942-1947 жылдары Кеңес Әскері қатарында қызмет етіп, Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1947-1953 жылдар аралығында Қазақтың мемлекеттік оқу-педагогикалық баспасының директоры болды.

Әдебиетке 1930 жылдардың орта тұсында келді. «Еділ толқыны» (1937), «Жүрек сыйы» (1938), «Ант» (1939), «Ақша бұлт» (1947) жыр жинақтары оның ақындық қарымын танытса, «Туған өлке» (1948), «Махаббат жыры» (1949), «Отан таңы» атты кітаптары Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардағы еңбек қаһармандарының бейнесін жасауға арналған. Оның прозалық шығармаларының ішінде Каспий теңізшілерінің қазіргі еңбегіне, өміріне арналған «Теңіз әуендері» (1969) романының орны ерекше болса, «Толқында туғандар» (1953) кітабында байырғы қазақ балықшы-жұмысшыларының ауыр тіршілігін шыншылдықпен бейнелейді.

«Арбасу» (Қ.Жұмалиевпен бірлесіп, 1948), «Теңіз махаббаты» (1975) атты пьесалары, «Әдебиет хрестоматиясы» (Е.Исмайыловпен бірге құрастырған, 3 сынып үшін, 1938), «Оқу кітабы» (үлкендер мектебіне арналған, 1941), «Ана тілі» (3 сынып үшін, 1948, 1959) атты оқулықтары жарық көрген. Әскери новеллалар мен эсселер жинақтары да бар. Шығармалары орыс, эстон, түрікмен, тәжік, болгар, т.б. тілдерге аударылған.

А.Пушкин, М.Лермонтов, Ш.Петефи, Н.Некрасов, Фаиз шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Жазушының әдебиетке қосқан еңбектері еленіп, 1987 жылы Қазақстанның Халық жазушысы атағы берілді.
Октябрь (Қазан) Революциясы, I дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталған.
1995 жылы 25 қарашада өмірден өтті.

Шығармалары: Еділ толқыны. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1937; Жүрек сыйы. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1938; Ақмаралдың жүрегі. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1940; Ант. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1940; Ақша бұлт. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1948; Туған өлке. А., ОҚПМБ, 1948; Ақша бұлт (екінші басылымы). Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1949; Махаббат жыры. Өлеңдер мен поэмалар. А.,ҚМКӘБ, 1956; Миллиардтың ізімен. Жаңа өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1959; Жазылмаған кітап. Поэмалар. А., ҚМКӘБ, 1962; Ақша бұлттар. Дастандар мен өлеңдер. А., «Жазушы», 1966; Баспалдақтар, биіктер. Өлеңдер мен поэма. А., «Жазушы», 1971; Атырау сазы. Таңдамалы. А., «Жазушы», 1975; Ақырғы гранаталар. Дастандар, балладалар. А., «Жалын», 1977; Маржан таулар жырлайды. А., «Жалын», 1982; Бес томдық шығармалар жинағының І–ІІ томы. А., «Жазушы», 1981–1984; Қасиетті махаббат. Дастандар. А., «Жазушы», 1987; Ақырғы граната. Балладалар мен дастандар. А., «Рауан», 1991; Ғасыр мен ғасыр беттессе. Жыр жинағы. А., «Арыс», 2002.

Проза: Сенің бақытыңды қорғағандар. А., ҚМКӘБ, 1950; Толқында туғандар. Роман. А., ҚМКӘБ, 1953; Офицер күнделігі. А., ҚМКӘБ, 1960; Капитан ұлы. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1961; Толқында туғандар (екінші басылуы). А., «Жазушы», 1965; Теңіз әуендері. Роман. А., «Жазушы», 1969; Жауынгер монологы. А., «Қазақстан», 1972; Батырлар ізімен. Әңгімелер, естеліктер, күнделіктер. А., «Жазушы», 1974; Таңдамалылар. Толқында туғандар. Роман. Офицер күнделігі. А., «Жазушы», 1975; Бес томдық шығармалар жинағы. ІІІ т. Толқында туғандар. Роман. ІV т. Әңгімелер, новеллалар. А., «Жазушы», 1983; Теңіз әуендері. Роман. Жауынгер монологы. Әңгімелер. V т. А., «Жазушы», 1984; Ұстаздар мен тұстастар. Естеліктер. А., «Жазушы», 1986.