Балуан Шолақ (1864 - 1919)

24.11.2014 55802
Балуан Шолақ Баймырзаұлы – қазақтың атақты халық әнші-композиторы, айтыскер-ақын, ат үсті ойынының түрлі тәсілдерін меңгерген ерекше өнерпаз, күш өнерін көрсеткен спортшы, жауырыны жерге тимеген балуан.

Балуан Шолақ Баймырзаұлы – қазақтың атақты халық әнші-композиторы, айтыскер-ақын, ат үсті ойынының түрлі тәсілдерін меңгерген ерекше өнерпаз, күш өнерін көрсеткен спортшы, жауырыны жерге тимеген балуан.

Балуан Шолақтың шын аты – Нұрмағамбет Баймырзаұлы. Жас күнінде тсаусағын үсітіп алуына байланысты халық «Балуан Шолақ» деп атап кеткен.

1864 жылы Мойынқұмның Хан тауының маңында дүниеге келіп, 1919 жылы қайтыс болған. Ақмола облысындағы Тасты өзенінің бойында жерленген.

Шежіреші қарттардың айтуынша және Қазақ энциклопедиясында келтірілген мәліметтер бойынша, Балуан Шолақтың жас кезінде әкесі Көкшетауға көшіп келген. Осында өсіп, өнер қуып, Арқаның ардагер серісі атанған оның әндері, өлеңдері көптеген жинақтарға енген, жеке кітап болып та басылып шыққан. Оның ішіндегі ең сүбелісі – Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесі.

Он төрт жасында күреске түскен Балуан Шолақ салдық құрып, төңірегіне өнерлі жастарды жинаған. 

Көкшетау қаласында өткен бір үлкен жиында 51 пұт (830 кг тарта) кірдің тасын көтеріп, дүйім жұртты таң қалдырған.

1899 жылы 35 жасында орыс палуаны Иван Кореньмен күресіп, оның қабырғасын сындырған.

1913 жылы ата-бабасының туып өскен, кіндік қаны тамған Шу өңіріне келген. Осы сапарында Қордай даласында қой бағып жүрген Кенен Әзірбаев оның көптеген әндерін үйренсе, өлкеміздің кейін танымал ақындары болған Жақсыбай Жантөбетов, Бармақ Мықанбайұлы, Сәрсен Жылысбаев, Сауытбек Ұсаұлы және басқа да өнерлі азаматтар онымен бірге ел аралаған. Шу ауданының Шоқпар стансасында тұрған Сәрсен Жылысбаев «Балуан Шолақ» дастанын жазып, онда өзі сыйласып өткен тұлғаның өмір тарихын жырға қосты.

Балуан Шолақ Шу өңірінде болған сапарында көтерген салмағы 1050 кг. тартатын тас бүгінде аудандық тарихи өлкетану мұражайының алдына қойылған. Сондай-ақ, Далақайнар өңіріндегі өзі аршыған тұнба әлі күнге дейін «Балуан Шолақ бұлағы» аталып келеді.

Балуан Шолақтың ағайындары Шу өңірінде, ал ұрпақтары Көкшетауда тұрады.

Еліміздегі көптеген қалалардағы спорт сарайлары Балуан Шолақ атымен аталады.

Даңқы алты алашқа танылған тұлғаға Жамбыл облысы жерінде де лайықты құрмет көрсетіліп келеді. Тараз қаласындағы бұрынғы Набережная және Дружба народов көшелері Балуан Шолақ атын алған. Қазақстан Үкіметінің қаулысымен 1989 жылы Шу ауданының Ақтөбе ауылы Балуан Шолақ ауылы деп аталды. Осындағы орта мектептің алдына Балуан Шолақтың кеуде мүсіні орнатылған.

Ұқсас материалдар