Жақанов Ілия

30.01.2013 5120
Композитор, жазушы, публицист, музыка танушы. 1936 жылы 6 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданы қазіргі Ақтотай ауылында туған. 1959 жылы Қазақ мемлекeттiк университетінің фило­логия факультетін бiтipгeн. 1959-1963 жылдар аралығында «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 1963-1984 жылдары Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетінің редакторы, аға редакторы, Қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторы қызметін атқарған. 1984 жылдан шығармашылықпен айналысады. «Қайта оралған ән» (1968 жыл), «Қош бол, вальс» (1969 жыл) повестері жарық көрген. Қазақтың ұлы қобызшысы Ықылас туралы жазылған «Кертолғау» (1989 жыл) романы алғаш қырғыз тілінде, кейін қазақ тілінде «Ықылас» (1990 жыл) деген атпен жарық көрді.

Композитор, жазушы, публицист, музыка танушы.

1936 жылы 6 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданы қазіргі Ақтотай ауылында туған. 1959 жылы Қазақ мемлекeттiк университетінің фило­логия факультетін бiтipгeн. 1959-1963 жылдар аралығында «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 1963-1984 жылдары Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетінің редакторы, аға редакторы, Қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторы қызметін атқарған. 1984 жылдан шығармашылықпен айналысады.

«Қайта оралған ән» (1968 жыл), «Қош бол, вальс» (1969 жыл) повестері жарық көрген. Қазақтың ұлы қобызшысы Ықылас туралы жазылған «Кертолғау» (1989 жыл) романы алғаш қырғыз тілінде, кейін қазақ тілінде «Ықылас» (1990 жыл) деген атпен жарық көрді.

«Екі жирен» (1976 жыл), «Бірінші концерт» (1979 жыл), «Махаббат вальсі» (1983 жыл), «Аққулар қонған айдын көл» (1988 жыл) атты деректі әңгімелер, эсселер және новеллалар жинағы, сондай-ақ «Қарабура» (1977 жыл) тарихи-танымдық шығармасы, «Сынған қылыш» (1981 жыл) атты қырғыз тілінен аударылған (Қасымбеков шығармасы) тарихи романдары жарыққа шықты.

«Біржан сал», «Ақан cepi», «Үкілі  Ыбырай», «Естай әнші», «Жаяу Мұса», «Мәди», «Майра», «Балуан  Шолақ», тағы басқа да сал-cepiлep, Қазақстан композиторлары Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди, Сыдық Мұхамеджанов, Қапан Мусин, Бақытжан Байқадамовтардың  шығармашылық  портреттерін сомдаған шығармалары, «Шоқан және музыка», «Жамбыл және музыка», «Сәкен және музыка» атты деректі фильмдері бар.

«Сырлы жүрек пернесі» атты лирикалық эссе кітабы 2008 жылы «Ұшпақ» баспасынан жарық көрді.

І.Жақановтың композиторлық қырын ел ішінде ғана емес, алыс-жақын шет елдерге де кеңінен белгілі болған «Еділ-Жайық» әні арқылы тануға болады. Композиторлық қырын ашуға белгілі жазушы Ш.Айтматовтың шығармашылығы үлкен ықпал еткен. 1963 жылы Ш.Айтматовтың «Жәмила» повесі бойынша «Даниярдың әнін», 1964 жылы «Жәмиланың әнін», 1965 жылы «Қызыл орамалды шырайлым, менің» повесі негізінде «Әсел», «Асылым» әндерін, араға біраз жылдар салып барып «Қош, Гүлсары!» повесінің әсерімен «Бибіжан» әндерін жазған. 1999 жылы осы әндері үшін Халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлық берілген.

 «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкepi» (1990 жыл). «Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» (1994 жыл). Әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті академигі (1997 жыл). Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1998 жыл), Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты (1997 жыл), Қазақстанның «Парасат» орденінің, Қырғызстанның «Дәнекер» орденінің иегері.