Көркем жырдың ұлы ақыны

04.12.2012 2336
  Көркем жырдың ұлы ақыны   Бүгінгі күн бүкіл Одақтың мәдениеті, бүкіл совет жұртшылығы өткен тарихтың тағы бір үлкен шыңына көңіл бөліп, күн сала қарап тұр. Жеті жүз елу жылдық асқардың ар жағында жатқан, ертегілік алты қырдың астында жатқан тағы бір асылды тауып отырмыз. Ол алыста жатса да күнмен нұры шағылысқан асыл еді. Соны танып, тауып, бүкіл совет елдерінің ортақ мүлкі, қадірлі мұрасы деп зор бағалап отырмыз. Грузияның ұлы ақыны Шотаны бұрын білген ел аз еді. Өз елін, өз тілін ұққан қауымға түсінікті, қадірлі болғанмен, көп елдер көп ғасырлар бойында бұл мұрадан алыс еді. Сондықтан қиыр шетте, "түрікменнің түбінде" жатқан елдің бірі бұрынғы қазақ елі болатын. Бұл елге барлық Грузия, бүкіл Кавказдың өзі де бір ертегілік алыс мекен, оқшау "уәләйәт" боп көрінетін. Қазақтың көп-көп ертегісінде кездесетін "Қап тауы" деген тау, алыптар мекені деп саналатын жұмбақ тау, ертегілі бұлдыр тау осы Кавказ емес пе еді? Тауы "Қап" боп, легенда боп сөйленіп жүргенде оның елінен де қаншалық хабардар еді? Түк хабары болмайтын. Сондықтан ол Кавказдың кәрі шыңының басында туып, сөнбей жанған өнер жұлдызын да бұрынғы қазақ елі білмей өткен.   Кавказдың Қап дегені — Кавказ серек, Құдайым сұлу биік еткен ерек. Ақырып айдаһарша жүз толғанып, Тасты ағызып, тау жарған долы Терек... –   деп жазған қазақтың бұрынғы бір ақыны. Бір елді бір елден сондайлық жат етіп келген ескі тарихтың тас қорғаны құлады да, социалистік Отанның барлық елдері құшақтасып табысты. Асылдары танысты. Шота жалғыз Грузия халқының Шотасы емес, оның мұрасы ұзақ оқушысына да алтын қор, асыл қазына боп табылады.   Шота турасында түсінік ретінде айтылатын сөздер көп болу керек. Болады да. Терең ұғынып, жақсылап білу үшін, ол сөздердің барлығын да біздің оқушы тесіле қарап, қадағалап тексеру керек. Жақсы аударма арқылы Шотаның әсем жыры, қызық әңгімесі біздің барлық оқушымызға аз уақыттың ішінде сүйікті, қызықты, қадірлі кітап болуында шүбә жоқ.   Осы жөнінде Шота шығармасының екі түрлі зор ерекшелігі әсіресе көз тартады, әсіресе тез танылады деп білеміз. Мұның бірі — Шота шығармасының халықтық арнасы, грузин жұртының халықтық-ұлттық қасиетін білдіретін жағы. Екіншісі — жалпы адам баласының ерекшелік қасиеті. Дүние жүзінде болып өткен Фирдоуси, Данте, Шекспир, Пушкин, Шота сияқты барлық ұлы ақындарды алсақ, бәрінің де "ұлы" деген атты алуына, мәңгілік боп қалуына себеп болатын нәрсе солардың өздері өз халқымен нық байланысты болуында. Бәрінің де ұлы шығармаларының анайы топырағы, нәр-суаты халықтан келеді. Ақындар сол халықтың тудырған, есірген және халықпен бірдей жол кешірген ұлдары болады. Сондықтан олардың мұрасы халық мұрасы, халықтың ұлттық тарихын, ерекшелігін, қасиетін білдірген мұра болады. Екінші жағынан, дәл осы ақындар жалпы адамбаласылық еңбегі бар, қасиеті бар адамдар дейміз. Олай болатын себебі, бұлар өздерінің зор таланты арқылы өз елінің өмірін соншалық шебер, көркем жырымен жырлап, баяндап беріп, кім де болса сол ел жайын сүйіп те, сүйініп те оқитын етіп берді. Өз елінің өмірінен мазмұн алып, өзге барлық адам баласына түсінікті, әсерлі болатын артық мәдениет мүлкін жасап берді.   Өзге тарихтарда, өзге елдерде болған бұрынғы ескі ақындардың ішінде Шотаның тағы бір өзгеше ерекшелігі бар. Онысы мұның тар ауданда қалмай, грузин елінің сыртына шығып, өзге көп елдер жайында кеңінен толғап, әсем етіп жырлайтынында. Бұ да Шота жайын тексергенде, Шотаның ұлы жыры "Жолбарыс терісін жамылған батырын" оқығанда айрықша ескеріп отыратын жай. Көркем жырдың ұлы ақынын біздің бүкіл совет жұртшылығы құрметтеп, қадірлеп еске алып отырған күнде айтылатын ең бір үлкен талап: осы ақынның әсем жыры тез уақытта, ойдағыдай топ-толық аударылып, біздің қалың оқушының қолына емін-еркін жетсе екен дейміз.   Мұхтар Әуезов  

 

Көркем жырдың ұлы ақыны

 

Бүгінгі күн бүкіл Одақтың мәдениеті, бүкіл совет жұртшылығы өткен тарихтың тағы бір үлкен шыңына көңіл бөліп, күн сала қарап тұр. Жеті жүз елу жылдық асқардың ар жағында жатқан, ертегілік алты қырдың астында жатқан тағы бір асылды тауып отырмыз. Ол алыста жатса да күнмен нұры шағылысқан асыл еді. Соны танып, тауып, бүкіл совет елдерінің ортақ мүлкі, қадірлі мұрасы деп зор бағалап отырмыз. Грузияның ұлы ақыны Шотаны бұрын білген ел аз еді. Өз елін, өз тілін ұққан қауымға түсінікті, қадірлі болғанмен, көп елдер көп ғасырлар бойында бұл мұрадан алыс еді. Сондықтан қиыр шетте, "түрікменнің түбінде" жатқан елдің бірі бұрынғы қазақ елі болатын. Бұл елге барлық Грузия, бүкіл Кавказдың өзі де бір ертегілік алыс мекен, оқшау "уәләйәт" боп көрінетін. Қазақтың көп-көп ертегісінде кездесетін "Қап тауы" деген тау, алыптар мекені деп саналатын жұмбақ тау, ертегілі бұлдыр тау осы Кавказ емес пе еді? Тауы "Қап" боп, легенда боп сөйленіп жүргенде оның елінен де қаншалық хабардар еді? Түк хабары болмайтын. Сондықтан ол Кавказдың кәрі шыңының басында туып, сөнбей жанған өнер жұлдызын да бұрынғы қазақ елі білмей өткен.

 

Кавказдың Қап дегені — Кавказ серек,

Құдайым сұлу биік еткен ерек.

Ақырып айдаһарша жүз толғанып,

Тасты ағызып, тау жарған долы Терек... –

 

деп жазған қазақтың бұрынғы бір ақыны. Бір елді бір елден сондайлық жат етіп келген ескі тарихтың тас қорғаны құлады да, социалистік Отанның барлық елдері құшақтасып табысты. Асылдары танысты. Шота жалғыз Грузия халқының Шотасы емес, оның мұрасы ұзақ оқушысына да алтын қор, асыл қазына боп табылады.

 

Шота турасында түсінік ретінде айтылатын сөздер көп болу керек. Болады да. Терең ұғынып, жақсылап білу үшін, ол сөздердің барлығын да біздің оқушы тесіле қарап, қадағалап тексеру керек. Жақсы аударма арқылы Шотаның әсем жыры, қызық әңгімесі біздің барлық оқушымызға аз уақыттың ішінде сүйікті, қызықты, қадірлі кітап болуында шүбә жоқ.

 

Осы жөнінде Шота шығармасының екі түрлі зор ерекшелігі әсіресе көз тартады, әсіресе тез танылады деп білеміз. Мұның бірі — Шота шығармасының халықтық арнасы, грузин жұртының халықтық-ұлттық қасиетін білдіретін жағы. Екіншісі — жалпы адам баласының ерекшелік қасиеті. Дүние жүзінде болып өткен Фирдоуси, Данте, Шекспир, Пушкин, Шота сияқты барлық ұлы ақындарды алсақ, бәрінің де "ұлы" деген атты алуына, мәңгілік боп қалуына себеп болатын нәрсе солардың өздері өз халқымен нық байланысты болуында. Бәрінің де ұлы шығармаларының анайы топырағы, нәр-суаты халықтан келеді. Ақындар сол халықтың тудырған, есірген және халықпен бірдей жол кешірген ұлдары болады. Сондықтан олардың мұрасы халық мұрасы, халықтың ұлттық тарихын, ерекшелігін, қасиетін білдірген мұра болады. Екінші жағынан, дәл осы ақындар жалпы адамбаласылық еңбегі бар, қасиеті бар адамдар дейміз. Олай болатын себебі, бұлар өздерінің зор таланты арқылы өз елінің өмірін соншалық шебер, көркем жырымен жырлап, баяндап беріп, кім де болса сол ел жайын сүйіп те, сүйініп те оқитын етіп берді. Өз елінің өмірінен мазмұн алып, өзге барлық адам баласына түсінікті, әсерлі болатын артық мәдениет мүлкін жасап берді.

 

Өзге тарихтарда, өзге елдерде болған бұрынғы ескі ақындардың ішінде Шотаның тағы бір өзгеше ерекшелігі бар. Онысы мұның тар ауданда қалмай, грузин елінің сыртына шығып, өзге көп елдер жайында кеңінен толғап, әсем етіп жырлайтынында. Бұ да Шота жайын тексергенде, Шотаның ұлы жыры "Жолбарыс терісін жамылған батырын" оқығанда айрықша ескеріп отыратын жай. Көркем жырдың ұлы ақынын біздің бүкіл совет жұртшылығы құрметтеп, қадірлеп еске алып отырған күнде айтылатын ең бір үлкен талап: осы ақынның әсем жыры тез уақытта, ойдағыдай топ-толық аударылып, біздің қалың оқушының қолына емін-еркін жетсе екен дейміз.

 

Мұхтар Әуезов

 

Ұқсас материалдар