Сәкен туралы бірер сөз

04.12.2012 13316
  ҒАБИДЕН МҰСТАФИН Сәкен туралы бірер сөз Сәкенді көргендер күн санап азайып, көрмегендер көбейіп келеді. Көрмегендер көрсем, көргендер көре түссем дейтін, жаратылысы өзгеше бір жан еді ол. Мен өзім алғашқы рет жиырма бірінші жылдың жазында көрдім. Отызыншы жылға дейін жиналыстарда, дастарқан үстінде, өз үйінде кездесіп, сөйлесіп жүрдік. Бірде пікір таласып алғаным бар, әрине, пікір теңдестігі емес, жастық албырттығы болар. Сол Сәкенді көрмегелі міне 45 жыл өтіпті. Менің көңілімдегі оның жарқын бейнесін әлі титтей кір шалған жоқ, есіме түскен сайын орта бойлы, толқынды қара шашты, өткір, ойлы қара көзді, сымбатты, көрікті, түсі ақ пен қараның аралығындағы қоңырқай кісі кез алдыма келеді. Қадала қарағанда сыртыңды түгілі ішіңді де көріп тұрғандай. Ал, оған қадалған көздер, әсіресе, әйел көздері оңай айырыла алмайтын. Сырты — өте сұлу, кербез, тәкаппар, іші — өте қарапайым, кішіпейіл еді. Айлалы, майда сөзді, жұмсақ мінезді емес-ті. Үні, мінезі, сөзі ірілеу болатын, айтарын турасынан келте айтатын, сенсе қалтқысыз сенетін, сенгіштік мінезі басым еді. Алданған, ие толғанған кезде сырын тек қаламы ашатын. Көп жазсам, көбірек ақша тапсам, деуден аулақ-ты. Кеудесін ой кернегенде, сөз кернегенде ғана жазуға отыратын. Сәкен жасынан топ жара шыққан жүйрік. Жүйрік әрқилы, әрқайсысы жеріне жете тоқтайды. Атақ, даңқ, дегендер де сол сияқты. Күндік, жылдық, ғасырлық атақтар бар. Солардың ішінде Сәкендікі ең ұзағы — ғасырлық атақ. Мұралардың ең қымбаты — сөз. Сөз — күн шалмас қараңғы көңілді шалады, күн жылытпас суық көңілді жылытады, Сөз құдіреті ақты қара, қараны ақ етуге жетеді. Асыл адам да, асыл нәрсе де тозады, жоғалады. Асыл сөз мәңгі жасайды. Әр заманның, әр қауымның өзіне тән жаңа ойы, ойын жұртқа жаятын сөзі бар. Сол сөзді кім бұрын тауып айтса, бақыт құсы соның басына қонады. Қазақ даласына осы жаңа сөзді алғашқы әкелген қарлығаш дәлірек айтқанда Советтік Социалистік дәуір сөзін әдебиетімізге арқау етіп енгізген жаңашыл Сәкен ғана. Сәкен тұсындағы әдебиеттік жас бұтақ, бұл күндерде бәйтерекке айналды. Сәкен айтуға үлгермеген сөздерді біз айттық. Сәкен шығуға үлгермеген белестерге біз шықтық. Сәкен тұсындағыдан әлдеқайда алға, биікке кеттік. Сонда да Сәкен әлі алда, әлі биік болып көрінеді. Себебі не? Ағынмен аға беруге болады. Ағынмен қарсыласа отырып мақсатты жерге жетуге де болады. Сәкен мақсатына тулаған толқындармен алыса отырып жетті. Біз ағынның айдауымен жетігі келеміз. Сәкен өз тұсында топ жара шығып, халық көңілінің төрінен орын алды. Бір кезде Абайды сүйгендіктен халқы еркелетіп Ибраһим демей, Абай десе Сәкенді Садуақас демей, Сәкен деді. Қазіргі жазушыларға бұл дәрежеге жету ұлы арман. Сондықтан Сәкеннің орны қазақ совет әдебиетінде өзгеше. Сондықтан, ол бізге ерекше ардақты, ескірмейтін өнеге. Әрбір қоғам қайраткері уақытына қарай бағаланады. Сәкен қоғам ісіне араласқан кезде Россия іші қым-қуыт тартыс болатын. Ескі заманның қара бұлты сөгіліп, жаңа заманның көгілдір нұрлы сәулесі еніп келе жатқан. Қазақ даласында да көне дүниелер өкілдері мен советшіл, жаңашыл азаматтар арасында, бай мен жарлы арасында бітпес күрес басталған шақ еді. «Кімді кім жеңеді?» деген сұрау бар айқастың шиеленіскен түйініне айналған-ды. Социализм қалың көптің, капитализм аз ғана топтың мұраты бола тұрса да, осыны елге ұғындыру оңайға түскен жоқ. Бұл жолда Ленин партиясы ел көңіліне революция шырағын жақты, күрескерлер қолына қару, жолына жарық берді. Сәкенді де тар жол, тайғақ кешулерден жасытпай, адастырмай алып шыққан да, жалындата жырлатқан да Ленин шырағы. Бұл шырақты қабылдамағандар ел жұртында ұлып қалды. Өзіндей халық ұлдарымен қол ұстаса, елді бастай ілгері кеткен Сәкенді біз бүгін бағалағанда алдымен қазақ совет әдебиетінің атасы дейміз. Атадан бала аса береді. Бізде де асып жатыр. Бірақ, қанша асса да, Сәкендей арнадан асқан қайсысы бар? Сондықтан Сәкен қазақ совет әдебиетінің тарихында белгілі биік бәйтеректердің бірі болып қалып қояды. Сондықтан оған біз түгіл бізден кейінгі ұрпақтар да бас иеді, оның соныдан салған жолын кеңейте береді.

 

ҒАБИДЕН МҰСТАФИН

Сәкен туралы бірер сөз

Сәкенді көргендер күн санап азайып, көрмегендер көбейіп келеді. Көрмегендер көрсем, көргендер көре түссем дейтін, жаратылысы өзгеше бір жан еді ол.

Мен өзім алғашқы рет жиырма бірінші жылдың жазында көрдім. Отызыншы жылға дейін жиналыстарда, дастарқан үстінде, өз үйінде кездесіп, сөйлесіп жүрдік. Бірде пікір таласып алғаным бар, әрине, пікір теңдестігі емес, жастық албырттығы болар.

Сол Сәкенді көрмегелі міне 45 жыл өтіпті. Менің көңілімдегі оның жарқын бейнесін әлі титтей кір шалған жоқ, есіме түскен сайын орта бойлы, толқынды қара шашты, өткір, ойлы қара көзді, сымбатты, көрікті, түсі ақ пен қараның аралығындағы қоңырқай кісі кез алдыма келеді. Қадала қарағанда сыртыңды түгілі ішіңді де көріп тұрғандай. Ал, оған қадалған көздер, әсіресе, әйел көздері оңай айырыла алмайтын. Сырты — өте сұлу, кербез, тәкаппар, іші — өте қарапайым, кішіпейіл еді. Айлалы, майда сөзді, жұмсақ мінезді емес-ті. Үні, мінезі, сөзі ірілеу болатын, айтарын турасынан келте айтатын, сенсе қалтқысыз сенетін, сенгіштік мінезі басым еді. Алданған, ие толғанған кезде сырын тек қаламы ашатын. Көп жазсам, көбірек ақша тапсам, деуден аулақ-ты. Кеудесін ой кернегенде, сөз кернегенде ғана жазуға отыратын.

Сәкен жасынан топ жара шыққан жүйрік. Жүйрік әрқилы, әрқайсысы жеріне жете тоқтайды. Атақ, даңқ, дегендер де сол сияқты. Күндік, жылдық, ғасырлық атақтар бар. Солардың ішінде Сәкендікі ең ұзағы — ғасырлық атақ. Мұралардың ең қымбаты — сөз. Сөз — күн шалмас қараңғы көңілді шалады, күн жылытпас суық көңілді жылытады, Сөз құдіреті ақты қара, қараны ақ етуге жетеді. Асыл адам да, асыл нәрсе де тозады, жоғалады. Асыл сөз мәңгі жасайды.

Әр заманның, әр қауымның өзіне тән жаңа ойы, ойын жұртқа жаятын сөзі бар. Сол сөзді кім бұрын тауып айтса, бақыт құсы соның басына қонады. Қазақ даласына осы жаңа сөзді алғашқы әкелген қарлығаш дәлірек айтқанда Советтік Социалистік дәуір сөзін әдебиетімізге арқау етіп енгізген жаңашыл Сәкен ғана.

Сәкен тұсындағы әдебиеттік жас бұтақ, бұл күндерде бәйтерекке айналды. Сәкен айтуға үлгермеген сөздерді біз айттық. Сәкен шығуға үлгермеген белестерге біз шықтық. Сәкен тұсындағыдан әлдеқайда алға, биікке кеттік. Сонда да Сәкен әлі алда, әлі биік болып көрінеді. Себебі не?

Ағынмен аға беруге болады. Ағынмен қарсыласа отырып мақсатты жерге жетуге де болады. Сәкен мақсатына тулаған толқындармен алыса отырып жетті. Біз ағынның айдауымен жетігі келеміз. Сәкен өз тұсында топ жара шығып, халық көңілінің төрінен орын алды. Бір кезде Абайды сүйгендіктен халқы еркелетіп Ибраһим демей, Абай десе Сәкенді Садуақас демей, Сәкен деді. Қазіргі жазушыларға бұл дәрежеге жету ұлы арман. Сондықтан Сәкеннің орны қазақ совет әдебиетінде өзгеше. Сондықтан, ол бізге ерекше ардақты, ескірмейтін өнеге.

Әрбір қоғам қайраткері уақытына қарай бағаланады. Сәкен қоғам ісіне араласқан кезде Россия іші қым-қуыт тартыс болатын. Ескі заманның қара бұлты сөгіліп, жаңа заманның көгілдір нұрлы сәулесі еніп келе жатқан. Қазақ даласында да көне дүниелер өкілдері мен советшіл, жаңашыл азаматтар арасында, бай мен жарлы арасында бітпес күрес басталған шақ еді. «Кімді кім жеңеді?» деген сұрау бар айқастың шиеленіскен түйініне айналған-ды. Социализм қалың көптің, капитализм аз ғана топтың мұраты бола тұрса да, осыны елге ұғындыру оңайға түскен жоқ. Бұл жолда Ленин партиясы ел көңіліне революция шырағын жақты, күрескерлер қолына қару, жолына жарық берді. Сәкенді де тар жол, тайғақ кешулерден жасытпай, адастырмай алып шыққан да, жалындата жырлатқан да Ленин шырағы. Бұл шырақты қабылдамағандар ел жұртында ұлып қалды.

Өзіндей халық ұлдарымен қол ұстаса, елді бастай ілгері кеткен Сәкенді біз бүгін бағалағанда алдымен қазақ совет әдебиетінің атасы дейміз. Атадан бала аса береді. Бізде де асып жатыр. Бірақ, қанша асса да, Сәкендей арнадан асқан қайсысы бар? Сондықтан Сәкен қазақ совет әдебиетінің тарихында белгілі биік бәйтеректердің бірі болып қалып қояды. Сондықтан оған біз түгіл бізден кейінгі ұрпақтар да бас иеді, оның соныдан салған жолын кеңейте береді.

Ұқсас материалдар