Өмір белестері

04.12.2012 8297
  ҒАБИДЕН МҰСТАФИН Өмір белестері І Мен дүниеге келген кезде қазақ өлгенін, туғанын қағазға жазбайтын, метрика дегенді білмейтін. Әке - шешемнің жыл қайырып айтуынша 1902 жылы тусам керек. Қазіргі Теміртау заводы Тельман ауданында, Нұра өзенінің жағасында Жауыр, Қожыр тауларының етегінде тұр. Осы таулардың кішкене шашырындысы Сартөбе деген жерде (Жауырдан үш-төрт километр) бір боранды күнде туыппын. Матай мейлінше өскен ата, оның бір баласы Қыдырдан бес ұл туады: Ахмет, Алдаберген, Мұқаметше, Мұстафа, Қаметжан. Ахмет пен Мұқаметше ел билеген адамдар.Алдаберген, Мұстафа, Қаметжан шаруа баққан, дәулеті шағын адамдар. Мұстафа 87 жасында 1952 жылы қайтыс болды. Екі рет хажыға барған, шала сауатты адам. Хажыға ол байлықпен бармаған, алғашқыда жалғыз үйір жылқысын сатып, шиеттей үш баласын тастап, менің бірер жасар күнімде, өзінің отыз бес жасында кеткен. Екінші ретте Жолжан деген байдың ақшасымен беріп, бедел хажы болып келген. Мұстафа мейлінше әділ, момын, мінезі ауыр, қорқуды, сасуды білмейтін, көп сөйлемейтін, бірақ кезі келіп қалғанда өте тілді адам. Құйма құлақ кісі. Егер, дін шырмап қалмағанда, оқығанда үлкен ғалым болатын түрі бар. Шешем Қадиша, Жекебай деген нашар атаның қызы. Барып тұрған ақ көңіл әйел. Жасы тоқсаннан асып бертінде дүние салды. Мұстафаның осы күнде бес баласы тірі: Зейне, Ғабиден, Әбдікәрім, Әбдіқалық, Ғазиз. Мен есімді білер-білмес кезімде, жерімізді переселенец алып, алпыс үй Елібай Жауырдан көшеді. Спасс заводының шығыс жағында он жеті километр —«Көктал жарық» деген жерге келіп орналасады (1907 жылдары). Ата мекенінен айрылған елдің зары, жермен қоштасқандары көңілімде өлмейтін суреттер қалдырып кетті. Қазір жазып жүрген «Көз көрген» атты көлемді еңбегіме сол оқиғалардың қайсы бірін пайдаландым. Жас кезімде ауылдағы молдалардан дін сабағын оқыдым. Басқа оқу жоқ. Қазақ елінің тоқсан тоғыз проценті сауатсыз, сауатты дегеніміздің көбі молдалар, діншілдер. Он жас толмай жатып күніне бес мезгіл намаз оқыдық, рамазан айында үш күндік ораза тұттық. Ораза жылына он күннен ауыса-ауыса, жаздың ұзақ, ыстық күндеріне келгенде шыдам жетпейді. Құдайдан қорықпай, жасырмай, молдалардан қорқып, жасырып, үзіліп баратқанда су ішеміз, тамақ жейміз. 1916 жылы Спасс заводында табельщик болып істейтін Мауқымның Жүсібі дегеннен бір жыл орысша оқыдым. Екінші жылы сол заводтағы бес жылдық орыс-қазақ мектебінің төртінші бөліміне келіп түстім. Бір жыл осы мектепте оқып, төртінші бөлімді бітірген соң, қайтып оқуға мұрша болған жоқ. 1918 жылдан 1925 жылға дейін ауылда жүрдім. Алған азын-аулақ білімім ұмытылып қалды. 1925 жылы көктемде, келіншегімді алып (сол қыста үйленген едім), Қазақстан астанасы Қызылордаға оқу іздеп келдім. Оқуға түсе алмай, қызмет істеуге тура келді. Қазақстан Жоғарғы сотына қатынас қағаздар тіркеуші болып отырып, газет оқуға ауыздандым. Алдымен менің оқитыным ұсақ хабарлар, жарнамалар болды. 1925 жылдың күзінен бастап, республиканың «Еңбекші қазақ» газетіне ұсақ хабарлар жаза бастадым. Келесі жылы (1926) «Малта», «Малай» дегендерге еліктеп, очерк, фельетондар жазуға, Сәбиттің «Ақбөпесіне» еліктеп әңгіме жазуға кірістім. Ол кезде жазушылық кәсібінің маңызын түсінген емеспін. Жазғым келгенде көргенімді, сезгенімді сол күйінде жаза салатынмын. Әлі күнге мектеп көрмесем де, сол кездегі екі сала айтыстар өз тұсымнан ізденуге, оқуға күшті әсер етті. Орыс тіліне жөнді түсінбеймін, сонда да марксшілдерді оқи бастадым. «Сәрсен мен Боқаш» деген алғашқы әңгімем «Жыл құсы» журналында 1927—1928 жылы жарияланды. 1929 жылы «Ер Шойын» атты әңгімелер жинағым шықты. Әліме қарамай Тоғжанов, Сейфуллин сияқтылармен пікір таластыра бастап едім, Сейфуллиннен басқасы әдебиет майданында қағажу көрсетті. Жазғаным өтпей қойған соң 1930жылы май айынын, ішінде Қарағандыға жұмысқа кеттім. Мен келгенде Қарағандыда ағылшындардан қалған бес-алты барақ пен отыз-қырық жұмысшы ғана бар еді. Олар көмірді қайламен қазып, сыртқа темір шелекпен қол бұран арқылы шығаратын. «Шахта» дегендері бір ғана құдық. Мен жұмысты жер қазудан, темірлердің тотын қырудан бастап бірнеше сатылардан өткен соң, токарь болып шықтым. Үш жылға жақын уақыт жұмысшылықпен өтті. 1932 жылдың ақырында, 1933 жылдың басында жергілікті ұйымдар төменнен жоғарылатып, «Қарағанды пролетариаты»газетіне жауапты секретарь етті. Бұл газетте көп істегем жоқ. Новосибирь қаласында «Қызыл ту» атты жаңа газет шығатын болып, Қарағандыдан кадр сұраған. Тіленіп сонда ауыстым. 1933 жылдың майынан 1938 жылдың февраліне дейін «Қызыл ту» газетінде істедім. Газет жабылған соң Новосибирьден Алматыға қайттым. Новосибирьде орыс арасында болған бес-алты жыл уақыт тәжірбие білім жағынан маған университет сияқты болды. Орыс әдебиетімен, орыс газетчиктерімен жақсылап таныстым. Соның нәтижесінде 1938 жылы Алматыға келе сала «Өмір мен өлім» романын жаздым. Бұл менің тоғыз он жыл бойы жазушылықтан қол үзіп кетіп, қайта оралған шағым. «Өмір мен өлім» роман жазудағы бірінші қадамым. Бұрын жаңа жаза бастағанда үлгіні тек Сәбит, Бейімбеттерден алсам, енді Толстой мен Гюгодан алуға тырыстым. Гюгоның оқиға, сюжет құруына, адамдарының ерлігіне, Толстодың суреттеуіне қызықтым. «Өмір мен өлімде» шамам келгенше Гюгоны еліктеп бақтым. Толстойдың суреттеуіне қызықсам да ұзақ баяндауларына шыдамай кейде жылдамырақ кетіп отырдым. «Шығанақты» жазғанда Толстойдан да, Гюгодан да іргені аулақ салып, өз тұсымнан бір жол табуға шыққанмын. Сонда да олардың әсері аздап қалып қойыпты. Егер менің басқадан титтей өзгешелігім болса, «Миллионерде» көрінуге тиісті. Өйткені жұрттың бәрінен. Қашан өз бойымды көрсетуге бар ынтамды салғанмын. «Қарағандыда» «Миллионерден» асуға, «Дауылдан кейінде» «Қарағандыдан» асуға барымды аяғам жоқ. Бірінен бірін асырған сияқты болсам да «әттеген-ай, ана бір жерін...» демей қалғам ." жоқ. Бертін келе сөз саптау жөнінде қазақ жазушыларынан Әуезов Мұхтар мен Мүсрепов Ғабит қана ұнады. Ғабит сөзінің дәлдігі, жинақтылығы, мысқылы ұнаса, Мұхтар сөзінің салмақтылығы, тереңдігі ұнады. Ұнатсам да екеуінің сөз қасиеттерін жиі електен өткізіп, ұлпасын ғана пайдаландым. Шығармада адамдарды сөйлестіру, көріністерді суреттеу, сюжет құру, сезім мөлшерін білу дегендерді көп ізденіп, ақыры орыс жазушыларынан таптым. Өзімнен де қосқандарым бар. Бұл жөнінде қазақ жазушыларынан алғаным тіпті аз шығар. Менің ешбір шығармам әлдеқалай туған емес. Толғанудан, арманымнан туды. «Өмір мен өлім» романында ежелден көшпелі, малшы елдің Қарағанды сияқты үлкен өндіріс жасап, индустриялы елге айнала бастағанын, қайнаған еңбек, социалистік күрес үстінде ішкі, сыртқы жауларын қалай жеңіп шыққанын мақтан ете көрсеткім келді. Ол кездегі қазақ әдебиетінде индустрия тақырыбы жоққа тән. Халық жоқты жасап жатқанда жазушы неге сыртқары қалады?— деген сана мені қиынға, соныға айдады. «Шығанақта» көшпелі ауыл отырықшы, колхозды ауылға айналды. Жеке еңбекті бірлескен еңбек, жеке меншікті бірлескен меншік жеңді. Нағыз байлық, өнер, бақыт... бәрі социализм тұсында жасалатынын көрсетпек болдым. Романның бас геройы Шығанақ Берсиев автордың ойдан шығарғаны емес, шынайы адам. Ол тары өнімінен жүйемелете төрт рет дүние жүзілік рекорд жасады. 1944 жылы қайтыс болды. Осы ақылды, еңбек құмар, ізденгіш, алғыр қарт арқылы халқымның бойындағы асыл қасиеттерін айтып қалуға тырыстым. «Шығанаққа» дейін де ауылдағы ұлы өзгерісті бейнелейтін көлемді шығарма қазақ әдебиетінде жоқты. Сол жоқтық маған «Шығанақты» жаздырды. Меніңше, әдебиет — өмір айнасы. Өмірдегі орасан оқиғаларды көрсете алмаса, оның несі айна? Жазушының ойынан өмір әлдеқайда кең, шапшаң әрі әдемі. «Шығанақты» бітіріп, жарыққа шығарғанымша ауыл өмірі алға кетіп қалды. «Миллионер» романында мен енді өмірдің алдын орамақ болдым. Шынымды айтайын, бұл романдағы миллионер колхозды, жоғары білімді председательді ол кезде көрген де, естіген де емеспін. Болжаумен жаздым. Осылай болады, әдебиет болғанды айтумен тынбайды, болашақты да айта алады деген маркстік-лениндік қағидаға сүйендім. Сөйтіп, өмірдің алдын орадым деп жүргенде, бүгінгі колхоз тағы да менің ойымнан озып кетіпті. «Өмір мен өлімді» жазып бітіргенше Қарағанды да озып кеткен. Қарағандының алдын орай «Қарағанды» романын жазғам. Бүгінгі Қарағандыдан бұл романым да кейін қалып қойды. Мен әрдайым бүгінгіні, шамам келгенше ертеңгіні жаздым. Көшкен жұртқа қайта оралған емес едім. «Дауылдан кейін» романында бұл әдетімді әдейі бұзып, бір адым кейін шегінуге тура келді. Қазақ әдебиетіне көз жіберсем, қазақ өмірінің бір қызық кезеңі — НЭП уақыты, «Кішкене Октябрь» атанған ірі бай-феодалдарды конфискалау оқиғасы көрінбейді. Жазушы алдымен өз дәуірінің жаршысы десек, қоғам ішіндегі бұл сияқты зор өзгерістерді ол көрмесе, яки көре тұра жазбаса, дүниеден борыш арқалап кетеді де. Борыш арқалауды сүймедім, өзім қатарлас қарттардан ол күндерді жаза қоятын ыңғай байқалмады, жастардың бүгінгісін жеткілікті, кешегіні біле бермес дедім. Осы ойлар қамап маған «Дауылдан кейінді» жаздырды. ІІ Менің өскен жерім алпыс үй Елібай ертерек жерінен айырылып қоныс ауып, кедей болды.Сол кедейдің бірі түбі өзбек, Сейіткемелдің Әбубәкірі Пәтима деген тұңғыш қызын маған атастырыпты. Әбубәкір 1910 жылдан бастап саудаға айналысып байи бастайды. Жазы-қысы бір ауылда отырамыз. Байыған сайын бізді менсінбеуге айналды. Үш-төрт жылдың ішінде әсіресе, 1916 жылы Әубәкір бүкіл бір дуан елге ықпалын жүргізді. Қызын бермеуге айналды. Бермегеннен ауыл үй отырып, оның қатын - қалаштары, малайларына дейін, намысымызды қорлап бақты. Бала кезімде, іңірде, қараңғы үйде шешемнің: -Қарашығым, кешегі жалғыз үйлі жаман неме менсінбеді ғой, - деп бетімнен сүйе талай еңіреген көз жасы ішіме мұз боп қатқан. Ру намысына қызған кедей ағайындардың да іші мұздаған еді. Сол Әубәкір 1919 жылы, дәл қызылдар келер алдында қызын амалсыздан берді. Бір жылдан кейін қызы өліп қалды. Менің ішімдегі кек өлмеді, өрши берді. Ауылға лау келсе, салық түссе, бай Әубәкір кедейлерге өзімен бірге тартқызды. Іштен тына келіп, мен бір күні жарылдым. Бірақ, елде тұрып айтысуға Әубәкір бой бермейтін болған соң, 1925 жылы Қазақстанның астанасы Қызылордаға біржолата кеттім. Жеке бастың қамынан, ұсақ-түйектен туған осы айтыс Қызылордаға келген соң нағыз таптық жолға түсті. Таптық жолға түскенмен жауым жапырыла қалған жоқ. Ауылда ол кезде байшыл, рушыл, феодалшыл ықпал басым. Халықтың қатал көпшілігі сауатсыз. Азғантай оқымыстылар ала: бірі Советті қолдаса, бірі байды қолдайды. Жалшы, кедейге езуші жауын қолмен көрсетіп тұрсаң да, жауласа қоймайды. Кулактарды қоспағанда жеті жүз шамалы ірі бай-феодал бар. Үкімет жарлығын оларды аттап орындау қиын. Сондықтан, жиырмасыншы жылдары ауылды советтендіру, тап жігін ашу ұранын көтерді партия. Taп күресі қызды. Қыздырушылардың, советшілдердің бірі бола тұра нахаққа талай күйдім. Бабам ірі феодал, әкем хажы, қайын атам бай. Дұшпандарыма бұл тап күресі кезінде қолайлы құрал болды. Өзім — кедей, адал. Достарым мені сол үшін қолдады. Қызылордаға келісімен коммунист Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқановтар тобына қосылдым. Сейфуллин бастаған топ жазушылар ұйымын құрды (РААП). Елеулі еңбегім болмаса да, сол ұйымға мүше болып ендім. Сөйтіп, ауылдағы тап тартысынан келе сала орталықтағы әдебиет тартысына араластым. Бұл тартыс 1928 жылы ауылдағы жеті жүз ірі бай-феодалды конфискалап, жер аударған соң елді индустрияландыру, коллективтендіру арқылы социалистік шабуыл күшейген соң тоқталды. РАПП жойылды. Оңға, солға тартқан жазушылар бәрі бір ұйымға бас қосты. Әдебиеттегі таптық күрестер, тап жойылған соң енді топтық күрестерге айналды. Мен бұл топтық күрестерден аулақ тұрдым. Салт-сана, саясат майданына мен өзім қатарымнан кейіндеу келгем, әкем тәрізді қақ-соқпен жұмысым болмай, момын болып өстім. Совет беделін пайдаланып, совет атынан халыққа түрлі зорлық, зомбылық істеген бірсыпыра жауыздар ауыл арасында өздерін кеудеге қағып, мен сияқтыларды қолынан ештеме келмейтін ынжық деп жүрді. Мен оларды ішімнен жауыз деп жүрдім. Бертін келе ондай жауыздарға қатты тыйым салына бастады. Советтің сара жолы айқын көріне бастады. Соны көрген соң мен совет ісіне белсене араласып кеттім. Білімсіз аралассам да, совет адамшылығы дегенді жүрегім жақсы сезсе керек, ауа жайылған жерім болған жоқ. Әкем ұзақ түндерде, «Хикмат» кітабын бар даусымен оқып отыратын. Әділдік, адалдық, уәдешілдік, кішіпейілділік, бұл жолда тайынбайтын ерлік жайында көп әңгімелер айтатын. Өзінің туған ағасы Мұхаметше отыз жыл би болды. Сол кісінің алған параларың әділсіздігін, менің қайын атам Әубәкірдің қиянатын, зорлығын өзінше соттап отыратын. Ауылдың атқа мінерлері кедейдің бір жылтырағанын көрсе ұрлап, не тартып әкететін. Кедейлер жылап келгенде, әкем ағасы Мұхаметше, ұры інісі Якиямен, құрдасы Әубәкірмен қанды төбелестерге дейін, пышақ жұмсауға дейін барған уақыттары болды. Әкем бірақ мұның бәрін таптық санамен емес, «Мұхаммет жолы үшін» істеп жүрді. Ол кісінің танымынша Мұхаммет ұлы патша, құдайдың ең бірінші досы, тәркі дүние, кедейді, ғаріптерді, халықты сүйген. Осындай фанатик бола тұрып әкем Советті де жек керген жоқ. Өкімет әмірін орындау парыз, кедейлерді қолдайды, әділ дейтін. Өзі бай болмаған соң советтен ол қысым көрмеген. Жалғыз-ақ құдай жоқ дегенді жаратпайтын. Өз басым құдайшыл болмасам да, әкемнің осы мінездері жас сана - сезімдеріме.көп әсер етті.  Партия қатарына 1940 жылы ғана енгем. Оған дейін «Хажының баласы», «Сейткемеловтың күйеуі» деп қудалаудан көз ашқаным жоқ. Партияға енген соң да1953 жылға дейін «домалақ» арыздарға жауап берумен келдім. Қызғанарлық бағым, мансабым не кесірлі мінез-қылығым жоқ. Маған неге өшігеді? Деп таңданатын едім, өшігетіндер жат адамдар деуші едім. Жат еместердің тіпті достарымның ішінен талай пейілі нашарлар табылды, кейде жақсы дегенім жаман, жаман дегенім жақсы болып шықты, табынған адамдарымнан тайыздық байқалды. Соның бәрі дүниеге сын көзімен қарауды, онша алыс көре алмасам да, аяқ астын көрсетерлік қолға бір шырақ ұстауды үйретті. Адам әрқилы күнелтеді, әрқилы із қалдырады артына. Күнелту де, із қалдыру да мен жазушы еңбегінен артықты тілемедім, іздемедім. Жазушы еңбегі - қиын, жауапты, ең ардақты еңбек. Ғылымда даңғыл жол болмаса, көркем әдебиетте де даңғыл жол жоқ. Мен біраз жасадым, біраз еңбек еттім, қаламым әбден төселгендей болды. Сонда да әрбір жаңа шығарма тұсында бастықпаған тайдай бұлтақтай беремін, шарқ ұрып іздене берем. Ойларымды, жазғанымды сан рет өшіріп, сан електен өткізіп барып, жарамды дегенімді қалдырамын. Сол жарамдымды жазып отырғанда күлемін, қуанамын, қайғырамын, жылаймын. Жазғаның өзіңе солай әсер етпесе, басқаға мүлде әсер етпесе керек. Қиналсаң, қиналып тапқан бір сөзің не бір ойын, «Мен бақытты!» дегізбесе, ондай жазушыға жазудың керегі не? Мен алдыма қарасам, тым артта қалыппын деп қорланамын. Артыма қарасам, менен де кейін қалғандарды көріп жұбанамын. Оңаша бөлмеде, ұзақ уақыт ой тізіп сарғая отырғанымда жер тәңірісі — бір өзім. Тізгендерім кеп талқысына түскенде мен бір жаңа түскен келін. Егер жазушының басына қарама-қарсы осы екі қасиет орнамаса, жазушы шығарма үстінде өзін халық ойшысы, қоғам қайраткері деп, шығармасы біткен соң бұлардың тек ат қосшысымын деп сезінбесе, ондай жазушыны нағыз жазушы деу қиын. Нағыз жазушы болғанды ғана айтып қоймай, солай болсын деп те айта алады. Менің жазушылық жолымдағы өмірім, ойым қысқартып айтқанда осылай. Шығармаларымнан, күнделік дәптерімнен, мүмкін, бұдан толығырақ көрінер.      

 

ҒАБИДЕН МҰСТАФИН

Өмір белестері

І

Мен дүниеге келген кезде қазақ өлгенін, туғанын қағазға жазбайтын, метрика дегенді білмейтін. Әке - шешемнің жыл қайырып айтуынша 1902 жылы тусам керек. Қазіргі Теміртау заводы Тельман ауданында, Нұра өзенінің жағасында Жауыр, Қожыр тауларының етегінде тұр. Осы таулардың кішкене шашырындысы Сартөбе деген жерде (Жауырдан үш-төрт километр) бір боранды күнде туыппын.

Матай мейлінше өскен ата, оның бір баласы Қыдырдан бес ұл туады: Ахмет, Алдаберген, Мұқаметше, Мұстафа, Қаметжан. Ахмет пен Мұқаметше ел билеген адамдар.Алдаберген, Мұстафа, Қаметжан шаруа баққан, дәулеті шағын адамдар. Мұстафа 87 жасында 1952 жылы қайтыс болды. Екі рет хажыға барған, шала сауатты адам. Хажыға ол байлықпен бармаған, алғашқыда жалғыз үйір жылқысын сатып, шиеттей үш баласын тастап, менің бірер жасар күнімде, өзінің отыз бес жасында кеткен. Екінші ретте Жолжан деген байдың ақшасымен беріп, бедел хажы болып келген.

Мұстафа мейлінше әділ, момын, мінезі ауыр, қорқуды, сасуды білмейтін, көп сөйлемейтін, бірақ кезі келіп қалғанда өте тілді адам. Құйма құлақ кісі. Егер, дін шырмап қалмағанда, оқығанда үлкен ғалым болатын түрі бар.

Шешем Қадиша, Жекебай деген нашар атаның қызы. Барып тұрған ақ көңіл әйел. Жасы тоқсаннан асып бертінде дүние салды.

Мұстафаның осы күнде бес баласы тірі: Зейне, Ғабиден, Әбдікәрім, Әбдіқалық, Ғазиз.

Мен есімді білер-білмес кезімде, жерімізді переселенец алып, алпыс үй Елібай Жауырдан көшеді. Спасс заводының шығыс жағында он жеті километр —«Көктал жарық» деген жерге келіп орналасады (1907 жылдары). Ата мекенінен айрылған елдің зары, жермен қоштасқандары көңілімде өлмейтін суреттер қалдырып кетті. Қазір жазып жүрген «Көз көрген» атты көлемді еңбегіме сол оқиғалардың қайсы бірін пайдаландым.

Жас кезімде ауылдағы молдалардан дін сабағын оқыдым. Басқа оқу жоқ. Қазақ елінің тоқсан тоғыз проценті сауатсыз, сауатты дегеніміздің көбі молдалар, діншілдер. Он жас толмай жатып күніне бес мезгіл намаз оқыдық, рамазан айында үш күндік ораза тұттық. Ораза жылына он күннен ауыса-ауыса, жаздың ұзақ, ыстық күндеріне келгенде шыдам жетпейді. Құдайдан қорықпай, жасырмай, молдалардан қорқып, жасырып, үзіліп баратқанда су ішеміз, тамақ жейміз.

1916 жылы Спасс заводында табельщик болып істейтін Мауқымның Жүсібі дегеннен бір жыл орысша оқыдым. Екінші жылы сол заводтағы бес жылдық орыс-қазақ мектебінің төртінші бөліміне келіп түстім. Бір жыл осы мектепте оқып, төртінші бөлімді бітірген соң, қайтып оқуға мұрша болған жоқ. 1918 жылдан 1925 жылға дейін ауылда жүрдім. Алған азын-аулақ білімім ұмытылып қалды.

1925 жылы көктемде, келіншегімді алып (сол қыста үйленген едім), Қазақстан астанасы Қызылордаға оқу іздеп келдім. Оқуға түсе алмай, қызмет істеуге тура келді. Қазақстан Жоғарғы сотына қатынас қағаздар тіркеуші болып отырып, газет оқуға ауыздандым. Алдымен менің оқитыным ұсақ хабарлар, жарнамалар болды. 1925 жылдың күзінен бастап, республиканың «Еңбекші қазақ» газетіне ұсақ хабарлар жаза бастадым.

Келесі жылы (1926) «Малта», «Малай» дегендерге еліктеп, очерк, фельетондар жазуға, Сәбиттің «Ақбөпесіне» еліктеп әңгіме жазуға кірістім.

Ол кезде жазушылық кәсібінің маңызын түсінген емеспін. Жазғым келгенде көргенімді, сезгенімді сол күйінде жаза салатынмын. Әлі күнге мектеп көрмесем де, сол кездегі екі сала айтыстар өз тұсымнан ізденуге, оқуға күшті әсер етті. Орыс тіліне жөнді түсінбеймін, сонда да марксшілдерді оқи бастадым.

«Сәрсен мен Боқаш» деген алғашқы әңгімем «Жыл құсы» журналында 1927—1928 жылы жарияланды. 1929 жылы «Ер Шойын» атты әңгімелер жинағым шықты. Әліме қарамай Тоғжанов, Сейфуллин сияқтылармен пікір таластыра бастап едім, Сейфуллиннен басқасы әдебиет майданында қағажу көрсетті. Жазғаным өтпей қойған соң 1930жылы май айынын, ішінде Қарағандыға жұмысқа кеттім.

Мен келгенде Қарағандыда ағылшындардан қалған бес-алты барақ пен отыз-қырық жұмысшы ғана бар еді. Олар көмірді қайламен қазып, сыртқа темір шелекпен қол бұран арқылы шығаратын. «Шахта» дегендері бір ғана құдық. Мен жұмысты жер қазудан, темірлердің тотын қырудан бастап бірнеше сатылардан өткен соң, токарь болып шықтым. Үш жылға жақын уақыт жұмысшылықпен өтті. 1932 жылдың ақырында, 1933 жылдың басында жергілікті ұйымдар төменнен жоғарылатып, «Қарағанды пролетариаты»газетіне жауапты секретарь етті. Бұл газетте көп істегем жоқ. Новосибирь қаласында «Қызыл ту» атты жаңа газет шығатын болып, Қарағандыдан кадр сұраған. Тіленіп сонда ауыстым. 1933 жылдың майынан 1938 жылдың февраліне дейін «Қызыл ту» газетінде істедім. Газет жабылған соң Новосибирьден Алматыға қайттым.

Новосибирьде орыс арасында болған бес-алты жыл уақыт тәжірбие білім жағынан маған университет сияқты болды. Орыс әдебиетімен, орыс газетчиктерімен жақсылап таныстым. Соның нәтижесінде 1938 жылы Алматыға келе сала «Өмір мен өлім» романын жаздым. Бұл менің тоғыз он жыл бойы жазушылықтан қол үзіп кетіп, қайта оралған шағым. «Өмір мен өлім» роман жазудағы бірінші қадамым.

Бұрын жаңа жаза бастағанда үлгіні тек Сәбит, Бейімбеттерден алсам, енді Толстой мен Гюгодан алуға тырыстым. Гюгоның оқиға, сюжет құруына, адамдарының ерлігіне, Толстодың суреттеуіне қызықтым. «Өмір мен өлімде» шамам келгенше Гюгоны еліктеп бақтым. Толстойдың суреттеуіне қызықсам да ұзақ баяндауларына шыдамай кейде жылдамырақ кетіп отырдым.

«Шығанақты» жазғанда Толстойдан да, Гюгодан да іргені аулақ салып, өз тұсымнан бір жол табуға шыққанмын. Сонда да олардың әсері аздап қалып қойыпты.

Егер менің басқадан титтей өзгешелігім болса, «Миллионерде» көрінуге тиісті. Өйткені жұрттың бәрінен. Қашан өз бойымды көрсетуге бар ынтамды салғанмын. «Қарағандыда» «Миллионерден» асуға, «Дауылдан кейінде» «Қарағандыдан» асуға барымды аяғам жоқ. Бірінен бірін асырған сияқты болсам да «әттеген-ай, ана бір жерін...» демей қалғам ." жоқ.

Бертін келе сөз саптау жөнінде қазақ жазушыларынан Әуезов Мұхтар мен Мүсрепов Ғабит қана ұнады. Ғабит сөзінің дәлдігі, жинақтылығы, мысқылы ұнаса, Мұхтар сөзінің салмақтылығы, тереңдігі ұнады. Ұнатсам да екеуінің сөз қасиеттерін жиі електен өткізіп, ұлпасын ғана пайдаландым.

Шығармада адамдарды сөйлестіру, көріністерді суреттеу, сюжет құру, сезім мөлшерін білу дегендерді көп ізденіп, ақыры орыс жазушыларынан таптым. Өзімнен де қосқандарым бар. Бұл жөнінде қазақ жазушыларынан алғаным тіпті аз шығар.

Менің ешбір шығармам әлдеқалай туған емес. Толғанудан, арманымнан туды. «Өмір мен өлім» романында ежелден көшпелі, малшы елдің Қарағанды сияқты үлкен өндіріс жасап, индустриялы елге айнала бастағанын, қайнаған еңбек, социалистік күрес үстінде ішкі, сыртқы жауларын қалай жеңіп шыққанын мақтан ете көрсеткім келді. Ол кездегі қазақ әдебиетінде индустрия тақырыбы жоққа тән. Халық жоқты жасап жатқанда жазушы неге сыртқары қалады?— деген сана мені қиынға, соныға айдады.

«Шығанақта» көшпелі ауыл отырықшы, колхозды ауылға айналды. Жеке еңбекті бірлескен еңбек, жеке меншікті бірлескен меншік жеңді. Нағыз байлық, өнер, бақыт... бәрі социализм тұсында жасалатынын көрсетпек болдым. Романның бас геройы Шығанақ Берсиев автордың ойдан шығарғаны емес, шынайы адам. Ол тары өнімінен жүйемелете төрт рет дүние жүзілік рекорд жасады. 1944 жылы қайтыс болды. Осы ақылды, еңбек құмар, ізденгіш, алғыр қарт арқылы халқымның бойындағы асыл қасиеттерін айтып қалуға тырыстым.

«Шығанаққа» дейін де ауылдағы ұлы өзгерісті бейнелейтін көлемді шығарма қазақ әдебиетінде жоқты. Сол жоқтық маған «Шығанақты» жаздырды. Меніңше, әдебиет — өмір айнасы. Өмірдегі орасан оқиғаларды көрсете алмаса, оның несі айна?

Жазушының ойынан өмір әлдеқайда кең, шапшаң әрі әдемі. «Шығанақты» бітіріп, жарыққа шығарғанымша ауыл өмірі алға кетіп қалды. «Миллионер» романында мен енді өмірдің алдын орамақ болдым. Шынымды айтайын, бұл романдағы миллионер колхозды, жоғары білімді председательді ол кезде көрген де, естіген де емеспін. Болжаумен жаздым. Осылай болады, әдебиет болғанды айтумен тынбайды, болашақты да айта алады деген маркстік-лениндік қағидаға сүйендім. Сөйтіп, өмірдің алдын орадым деп жүргенде, бүгінгі колхоз тағы да менің ойымнан озып кетіпті.

«Өмір мен өлімді» жазып бітіргенше Қарағанды да озып кеткен. Қарағандының алдын орай «Қарағанды» романын жазғам. Бүгінгі Қарағандыдан бұл романым да кейін қалып қойды.

Мен әрдайым бүгінгіні, шамам келгенше ертеңгіні жаздым. Көшкен жұртқа қайта оралған емес едім. «Дауылдан кейін» романында бұл әдетімді әдейі бұзып, бір адым кейін шегінуге тура келді. Қазақ әдебиетіне көз жіберсем, қазақ өмірінің бір қызық кезеңі — НЭП уақыты, «Кішкене Октябрь» атанған ірі бай-феодалдарды конфискалау оқиғасы көрінбейді. Жазушы алдымен өз дәуірінің жаршысы десек, қоғам ішіндегі бұл сияқты зор өзгерістерді ол көрмесе, яки көре тұра жазбаса, дүниеден борыш арқалап кетеді де. Борыш арқалауды сүймедім, өзім қатарлас қарттардан ол күндерді жаза қоятын ыңғай байқалмады, жастардың бүгінгісін жеткілікті, кешегіні біле бермес дедім. Осы ойлар қамап маған «Дауылдан кейінді» жаздырды.

ІІ

Менің өскен жерім алпыс үй Елібай ертерек жерінен айырылып қоныс ауып, кедей болды.Сол кедейдің бірі түбі өзбек, Сейіткемелдің Әбубәкірі Пәтима деген тұңғыш қызын маған атастырыпты. Әбубәкір 1910 жылдан бастап саудаға айналысып байи бастайды. Жазы-қысы бір ауылда отырамыз. Байыған сайын бізді менсінбеуге айналды. Үш-төрт жылдың ішінде әсіресе, 1916 жылы Әубәкір бүкіл бір дуан елге ықпалын жүргізді. Қызын бермеуге айналды. Бермегеннен ауыл үй отырып, оның қатын - қалаштары, малайларына дейін, намысымызды қорлап бақты. Бала кезімде, іңірде, қараңғы үйде шешемнің:

-Қарашығым, кешегі жалғыз үйлі жаман неме менсінбеді ғой, - деп бетімнен сүйе талай еңіреген көз жасы ішіме мұз боп қатқан. Ру намысына қызған кедей ағайындардың да іші мұздаған еді. Сол Әубәкір 1919 жылы, дәл қызылдар келер алдында қызын амалсыздан берді. Бір жылдан кейін қызы өліп қалды. Менің ішімдегі кек өлмеді, өрши берді. Ауылға лау келсе, салық түссе, бай Әубәкір кедейлерге өзімен бірге тартқызды. Іштен тына келіп, мен бір күні жарылдым. Бірақ, елде тұрып айтысуға Әубәкір бой бермейтін болған соң, 1925 жылы Қазақстанның астанасы Қызылордаға біржолата кеттім. Жеке бастың қамынан, ұсақ-түйектен туған осы айтыс Қызылордаға келген соң нағыз таптық жолға түсті.

Таптық жолға түскенмен жауым жапырыла қалған жоқ. Ауылда ол кезде байшыл, рушыл, феодалшыл ықпал басым. Халықтың қатал көпшілігі сауатсыз. Азғантай оқымыстылар ала: бірі Советті қолдаса, бірі байды қолдайды. Жалшы, кедейге езуші жауын қолмен көрсетіп тұрсаң да, жауласа қоймайды. Кулактарды қоспағанда жеті жүз шамалы ірі бай-феодал бар. Үкімет жарлығын оларды аттап орындау қиын. Сондықтан, жиырмасыншы жылдары ауылды советтендіру, тап жігін ашу ұранын көтерді партия. Taп күресі қызды. Қыздырушылардың, советшілдердің бірі бола тұра нахаққа талай күйдім. Бабам ірі феодал, әкем хажы, қайын атам бай. Дұшпандарыма бұл тап күресі кезінде қолайлы құрал болды. Өзім — кедей, адал. Достарым мені сол үшін қолдады.

Қызылордаға келісімен коммунист Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқановтар тобына қосылдым.

Сейфуллин бастаған топ жазушылар ұйымын құрды (РААП). Елеулі еңбегім болмаса да, сол ұйымға мүше болып ендім. Сөйтіп, ауылдағы тап тартысынан келе сала орталықтағы әдебиет тартысына араластым. Бұл тартыс 1928 жылы ауылдағы жеті жүз ірі бай-феодалды конфискалап, жер аударған соң елді индустрияландыру, коллективтендіру арқылы социалистік шабуыл күшейген соң тоқталды. РАПП жойылды. Оңға, солға тартқан жазушылар бәрі бір ұйымға бас қосты. Әдебиеттегі таптық күрестер, тап жойылған соң енді топтық күрестерге айналды. Мен бұл топтық күрестерден аулақ тұрдым.

Салт-сана, саясат майданына мен өзім қатарымнан кейіндеу келгем, әкем тәрізді қақ-соқпен жұмысым болмай, момын болып өстім. Совет беделін пайдаланып, совет атынан халыққа түрлі зорлық, зомбылық істеген бірсыпыра жауыздар ауыл арасында өздерін кеудеге қағып, мен сияқтыларды қолынан ештеме келмейтін ынжық деп жүрді. Мен оларды ішімнен жауыз деп жүрдім. Бертін келе ондай жауыздарға қатты тыйым салына бастады. Советтің сара жолы айқын көріне бастады. Соны көрген соң мен совет ісіне белсене араласып кеттім. Білімсіз аралассам да, совет адамшылығы дегенді жүрегім жақсы сезсе керек, ауа жайылған жерім болған жоқ.

Әкем ұзақ түндерде, «Хикмат» кітабын бар даусымен оқып отыратын. Әділдік, адалдық, уәдешілдік, кішіпейілділік, бұл жолда тайынбайтын ерлік жайында көп әңгімелер айтатын. Өзінің туған ағасы Мұхаметше отыз жыл би болды. Сол кісінің алған параларың әділсіздігін, менің қайын атам Әубәкірдің қиянатын, зорлығын өзінше соттап отыратын. Ауылдың атқа мінерлері кедейдің бір жылтырағанын көрсе ұрлап, не тартып әкететін. Кедейлер жылап келгенде, әкем ағасы Мұхаметше, ұры інісі Якиямен, құрдасы Әубәкірмен қанды төбелестерге дейін, пышақ жұмсауға дейін барған уақыттары болды. Әкем бірақ мұның бәрін таптық санамен емес, «Мұхаммет жолы үшін» істеп жүрді. Ол кісінің танымынша Мұхаммет ұлы патша, құдайдың ең бірінші досы, тәркі дүние, кедейді, ғаріптерді, халықты сүйген. Осындай фанатик бола тұрып әкем Советті де жек керген жоқ. Өкімет әмірін орындау парыз, кедейлерді қолдайды, әділ дейтін. Өзі бай болмаған соң советтен ол қысым көрмеген. Жалғыз-ақ құдай жоқ дегенді жаратпайтын.

Өз басым құдайшыл болмасам да, әкемнің осы мінездері жас сана - сезімдеріме.көп әсер етті.

 Партия қатарына 1940 жылы ғана енгем. Оған дейін «Хажының баласы», «Сейткемеловтың күйеуі» деп қудалаудан көз ашқаным жоқ. Партияға енген соң да1953 жылға дейін «домалақ» арыздарға жауап берумен келдім. Қызғанарлық бағым, мансабым не кесірлі мінез-қылығым жоқ. Маған неге өшігеді? Деп таңданатын едім, өшігетіндер жат адамдар деуші едім. Жат еместердің тіпті достарымның ішінен талай пейілі нашарлар табылды, кейде жақсы дегенім жаман, жаман дегенім жақсы болып шықты, табынған адамдарымнан тайыздық байқалды. Соның бәрі дүниеге сын көзімен қарауды, онша алыс көре алмасам да, аяқ астын көрсетерлік қолға бір шырақ ұстауды үйретті. Адам әрқилы күнелтеді, әрқилы із қалдырады артына. Күнелту де, із қалдыру да мен жазушы еңбегінен артықты тілемедім, іздемедім.

Жазушы еңбегі - қиын, жауапты, ең ардақты еңбек. Ғылымда даңғыл жол болмаса, көркем әдебиетте де даңғыл жол жоқ. Мен біраз жасадым, біраз еңбек еттім, қаламым әбден төселгендей болды. Сонда да әрбір жаңа шығарма тұсында бастықпаған тайдай бұлтақтай беремін, шарқ ұрып іздене берем. Ойларымды, жазғанымды сан рет өшіріп, сан електен өткізіп барып, жарамды дегенімді қалдырамын. Сол жарамдымды жазып отырғанда күлемін, қуанамын, қайғырамын, жылаймын.

Жазғаның өзіңе солай әсер етпесе, басқаға мүлде әсер етпесе керек. Қиналсаң, қиналып тапқан бір сөзің не бір ойын, «Мен бақытты!» дегізбесе, ондай жазушыға жазудың керегі не?

Мен алдыма қарасам, тым артта қалыппын деп қорланамын. Артыма қарасам, менен де кейін қалғандарды көріп жұбанамын. Оңаша бөлмеде, ұзақ уақыт ой тізіп сарғая отырғанымда жер тәңірісі — бір өзім. Тізгендерім кеп талқысына түскенде мен бір жаңа түскен келін. Егер жазушының басына қарама-қарсы осы екі қасиет орнамаса, жазушы шығарма үстінде өзін халық ойшысы, қоғам қайраткері деп, шығармасы біткен соң бұлардың тек ат қосшысымын деп сезінбесе, ондай жазушыны нағыз жазушы деу қиын. Нағыз жазушы болғанды ғана айтып қоймай, солай болсын деп те айта алады.

Менің жазушылық жолымдағы өмірім, ойым қысқартып айтқанда осылай. Шығармаларымнан, күнделік дәптерімнен, мүмкін, бұдан толығырақ көрінер.

 

 

 

Ұқсас материалдар